Украина Ресеймен кез келген форматта келіссөз жүргізуге дайын. 15 желтоқсанда Брюссельде Франция мен Германия басшыларымен кездескеннен кейін Украина басшысы Владимир Зеленский Еуроодақ басшыларына қарата осылай деп мәлімдеді. Ол Батыс елдерін Мәскеуге санкция арқылы қысым жасауға шақырды.
Франция президенті Эммануэль Макрон әкімшілігінің айтуынша, аталған кездесудің мақсаты – "норман форматындағы" келіссөзді жандандыру жолын табу.
"Норман төрттігі" саммиті - Украинаның шығысындағы жанжалды реттеу үшін 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Украина, Ресей, Франция және Германия басшыларының кездесу форматы. Бұған дейін осындай форматта бірнеше саммит өткен.
Зеленский сәрсенбі күні баспасөз мәслихаты кезінде Украина Ресеймен кез келген форматта келіссөз жүргізуге дайын деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Украина делегациясы Еуропадағы әріптестеріне санкция жөнінде пікірін жеткізген.
ЕО мен Мәскеу арасында жағдай ушыққан шақта одақ бұрынғы совет респуликалары Армения, Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Молдова және Украинамен қарым-қатынасты жалғастыруға күш салмақ. Украина, Грузия және Молдова басшылары одаққа ресми түрде қосылу туралы келіссөзді тезірек бастауға ынталы.