Accessibility links

Украина мен Ресей жыл соңына дейін барлық тұтқынды алмасуға келісті


Солдан оңға қарай: Украина президенті Владимир Зеленский, Германия канцлері Ангела Меркель, Франция президенті Эммануэль Макрон және Ресей президенті Владимир Путин баспасөз мәслихатында. Париж, 9 желтоқсан 2019 жыл.
Солдан оңға қарай: Украина президенті Владимир Зеленский, Германия канцлері Ангела Меркель, Франция президенті Эммануэль Макрон және Ресей президенті Владимир Путин баспасөз мәслихатында. Париж, 9 желтоқсан 2019 жыл.

Украина президенті Владимир Зеленский мен Ресей президенті Владимир Путин 2019 жылдың соңына дейін Украинаның шығысындағы атысты тоқтату режимін толық енгізіп, тағы да тұтқын алмасуға келісті. Тараптар бұл туралы Парижде өткен "норман төрттігі" саммитінен соң мәлімдеді.

Желтоқсанның 9-ы күні Парижде өткен Германия, Франция, Украина және Ресей басшыларының кездесуінде Донбастағы Украина әскері мен Ресей қолдайтын сепаратистер арасындағы соғысты тоқтату мәселесі бойынша сегіз сағаттан астам уақытқа созылған келіссөзден кейін тараптар 2019 жылдың соңына дейін оқ атпау режимін толық енгізу және қолға түскен тұтқындардың "барлығын бәріне" алмастыру туралы келісімге келді.

"Тараптар жыл соңына дейін атысты тоқтату туралы келісімді толық және жан-жақты жүзеге асыру міндетін мойнына алады, атысты тоқтату үшін қажет барлық шараларды жүзеге асырады" делінген Париждегі "норман төрттігі" саммитінен кейін таратылған бірлескен мәлімдемеде.

Құжатта әскер мен техниканы қарсылас тараптар тұрған майдан шебінен ішінара әкету үшін 2020 жылдың наурызына дейін үш қосымша аймақ белгіленетіні жазылған.

Саммиттен кейін өткен баспасөз конференциясында Украина президенті Владимир Зеленский журналистерге тұтқын алмасу процесі желтоқсанның 24-і күні өтетінін хабарлады.

"Тұтқын алмасуға дайындалу үшін ең әуелі ол адамдардың тізімін жасау керек" деді Владимир Зеленский. Кездесуде сонымен бірге "Қызыл Крест" ұйымының тұтқындағы азаматтарға кіруіне кедергі жасалмауы тиіс екені айтылды.

Биыл сәуір айында Украинада өткен президент сайлауында елдің шығысындағы соғысты аяқтап, бейбітшілік орнату уәдесімен жеңіске жеткен Владимир Зеленский Ресей президенті Владимир Путинмен алғаш рет Париждегі саммитте бетпе-бет кездесті.

Солдан оңға қарай: Владимир Зеленский, Эммануэль Макрон, Владимир Путин және Ангела Меркель. Париж, 9 желтоқсан 2019 жыл.
Солдан оңға қарай: Владимир Зеленский, Эммануэль Макрон, Владимир Путин және Ангела Меркель. Париж, 9 желтоқсан 2019 жыл.

Париждегі "норман төрттігі" келіссөздеріне дейін Украина мен ресейшіл сепаратистер Украинаның шығысында жалғасып келе жатқанына бес жарым жылдан асқан, 13 мың адамның ажалына себеп болған соғыс аймағындағы үш жерден әскерін әкеткен. Париждегі келіссөздер аяқталған соң өткен баспасөз мәслихатында Ресей президенті Путин "Иә, біздің қарым-қатынасымызда жылылық орнай бастады деп айта аламыз" деді.

Дәл сол залда жергілікті уақыт бойынша түнгі сағат 12-ден аса сөйлеген президент Зеленский "Диалогты қайта бастау дұрыс болды" деп мәлімдеді. Бұған қоса ол Украинаның Ресеймен биылғы жылдың соңында мерзімі аяқталатын газ транзиті туралы 10 жылдық келісімі бойынша талқылау қайта жанданғанын айтты.

Бірақ Путин мен Зеленский Украинаның шығысындағы жергілікті сайлау кестесі, Киевтің бақылауынан шығып қалған аумақтағы шекараға бақылау тәрізді маңызды мәселелерде мәмілеге келе алмады.

Зеленский Украина – унитарлы мемлекет болғандықтан федерализация туралы сөз болуы мүмкін еместігін және Украинаның дамуы мен болашағына сырттан ешкімнің ықпал етуіне жол берілмейтінін айтты.

"Украина – тәуелсіз, дербес, демократиялық мемлекет, оның даму жолын тек қана халық таңдайды. Тағы бір мәселе, Украинаның шығысындағы жағдайды елдің халықаралық қауымдастық таныған аумағынан жер беру есебінен реттеу жайлы мәміле болуы мүмкін емес. Әрбір украин үшін Донбасс та, Қырым да – Украина екенін баршамыз білеміз" деді Зеленский.

Германия канцлері Ангела Меркельмен бірге Париждегі келіссөзді ұйымдастырған Франция президенті Эммануэль Макрон кездесудің "нәтижелі" өткенін айтты. Кездесу соңында қабылданған құжатта соғыс болған айматы минадан тазарту жұмыстары жүргізілетіні жазылған.

Меркель жағдайды бақылау үшін Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) бақылаушыларының мандатын кеңейту керегін айтты. Германия канцлері Париждегі кездесудің қорытындысына көңілі толатынын білдірді. "Кездесу нәтижесіне көңілім толады" деді Меркель.

Париж саммитінің қорытындысы бойынша қабылданған құжатта ЕҚЫҰ өкілдеріне Украинаның бүкіл аумағына кіруге рұқсат берілетіні айтылған. Меркель бақылаушылар жағдайды тәулігіне 24 сағат және аптасына 7 тәулік бойы қадағалауда ұстауы керегін айтты.

Құжатта 30 күн ішінде майдан шебінде бейбіт тұрғындарға арналған қосымша өткізу бекеттерін құрылатыны жазылған. Қазір Украинаның шығысындағы Луганск облысында – алты, Донецк облысында төрт осындай өткізу бекеті бар.

Германия, Франция, Украина мен Ресей басшылары "норман форматында" төрт айдың ішінде кездесіп, Украинаның шығысында сайлау өткізудің саяси және қауіпсіздік шартын талқылауға келісті.

Украина президенті Владимир Зеленский. Париж, 9 желтоқсан 2019 жыл.
Украина президенті Владимир Зеленский. Париж, 9 желтоқсан 2019 жыл.

Владимир Зеленский Донбастағы қарулы жанжалды тоқтату жайлы келіссөз нәтижесі өзі күткендегіден аз болғанына өкініш білдірді.

"Көп мәселе шешілді, әріптестерім мұны бірінші кездесу үшін жақсы нәтиже деп бағалап отыр. Бірақ шынымды айтсам, бұл – өте аз, мен бұдан да көп мәселенің шешілгенін қалап едім" деді Украина президенті.

Франция, Германия, Украина мен Ресей басшылары бұған дейін 2016 жылдың қазанында бірге кездесіп, Украинаның шығысындағы қақтығысты тоқтату мәселесін талқылаған.

2014 жылы наурыздың 16-сы күні Украина құрамындағы Қырым түбегінде Ресей күштерінің бақылауымен "референдум" өтіп, оның қорытындысы бойынша "халықтың 93 пайызы автономиялы республиканың Украинадан бөлініп, Ресейге қосылуын жақтағаны" жарияланған. Мәскеу Қырым түбегін аннексиялап, Ресей федерациясының құрамындағы субъект деп таныған. Сол жылы сәуірде Украинаның Донецк және Луганск облыстарында ресейшіл сепаратистер мен Украина әскері арасында қарулы қақтығыс басталған. Содан бері ол соғыста 13 мыңнан астам адам қаза тапқан.

Батыс елдері Ресейдің Украинаға қатысты іс-әрекетін айыптаған. Ресей Донбастағы қақтығысқа қатысы барын жоққа шығарады.

"Норман төрттігі" саммиті - Украинаның шығысындағы қарулы жанжалды реттеу үшін 2014 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан Украина, Ресей, Франция және Германия басшыларының кездесу форматы.

2015 жылы ақпанда Минскіде Украинаның шығысындағы соғысты тоқтату жөнінде келісім жасалғанымен, құжат шарттары әлі күнге толық орындалмай келеді.


ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG