Оралда "митинг өтеді" деген күні үш белсенді ұсталды

Орал тұрғыны Бекболат Өтебаев жалғыз адамдық пикет өтізіп тұр. Орал, 17 наурыз 2020 жыл.

16 желтоқсанда түске дейін Оралда үш белсенді Бекболат Өтебаев, Сандуғаш Мұхамбетжанова және Василий Хасанов ұсталды. Үшеуі ұстау кезінде заңбұзушылық болғанын айтты. Полиция белсенділерді "бөлімшеге жеткізіп, тергегенін" хабарлады. 

Сандуғаш Мұхамбетжанованың сөзіне қарағанда, бейсенбі күні ол ПТР тест тапсыру үшін үйінен шыққан. Алайда полиция сол мезетте ұстап әкеткен. Facebook'та жариялаған видеода белсендінің полиция қызметкерінен ұстау себебін түсіндіруді және дереу босатуды талап еткені көрінеді. 

Бекболат Өтебаев та әлеуметтік желіде полицияның өзін ұстап жатқан сәтінен видео жариялады. 

"Үйден шыға алмай тұрмын, әне бір көлік күзетіп тұр. Ана жерде де тұр, жолдың бәрі жабық. Енді қалай өтеміз?" деді Өтебаев видеода. 

Видеода оның автобус аялдамасына жетпей ұсталғаны көрінеді. Полиция қызметкері телефонын тартып алған. 

Василий Хасанов өзінің ұсталғанын телефон арқылы хабарлап үлгерді. Оның сөзіне қарағанда, полиция оны да үйінен ұстап әкеткен. 

Полиция департаменті өкілдері Азаттық тілшісіне үш белсендінің куәгер ретінде тергеу сұрақтарына жауап беру үшін жеткізілгенін айтты. Бірақ нақты қай бап бойынша тергеу жүріп жатқанын айтпады. Кейін белсенділер үйлеріне жіберілген.

Бекболат Өтебаев полициядан шыққан соң өзіне алаңға бармау жөнінде ескерту жасағанын айтты. "Митинг орнына жібермес үшін үш сағат ұстады" деді ол. 

Сандуғаш Мұхамбетжанова, Бекболат Өтебаев және Василий Хасанов – Оралда саяси реформаны талап етіп, бейбіт акцияларды ұйымдастырып жүрген белсенділер. Олардың митинг өткізу туралы өтініштерінің басым бөлігі орындалмаған. Белсенділер әкімдіктен митинг өткізуге рұқсат алудың өте қиын екенін айтады.  

Бұған дейін тіркелмеген Демократиялық партия және "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысы (ҚДТ) жақтастарын 16 желтоқсанда митингіге шығуға шақырған. еді. Нұр-Сұлтан соты ҚДТ-ны "экстремистік ұйым" деп танып, қызметіне тыйым салған. Ал Еуропарламент оны "бейбіт оппозициялық қозғалыс" деп атап, Нұр-Сұлтанды белсенділерді қудаламауға шақырған.

Митинг қарсаңында немесе өтетін күні белсенділерді ұстау Қазақстанда жиі кездеседі. 16 желтоқсанға дейін Қазақстанда "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзғаны үшін" шамамен 20-ға жуық белсенді қамалған. 

16 желтоқсанда Қазақстанның әр қалаларында жұрт Желтоқсан және Жаңаөзен оқиғасы құрбандарын еске алып, марқұмдардың рухына құран бағыштаған. Алматыда еске алу шарасының соңы тіркелмеген Демократиялық партияның митингісіне ұласып, белсенділер 2011 жылғы қантөгістің шындығы ашылмағанын айтты. Oyan, Qazaqstan жастар қозғалысының белсенділері арт-перформанс өткіздіМитинг өткен Республика алаңында бірнеше сағат интернет өшірілді. Аумақта полиция күзеті күшейді.

Қазақстанда оппозициялық күштер митингісі қарсаңында немесе шара кезінде полицияның белсенділерді ұстауы жиілейді. Жергілікті және халықаралық құқық қорғаушылар Нұр-Сұлтанды белсенділерді қудаламауға шақырып келеді.