22 желтоқсанда Алматы қалалық соты белсенді Инга Иманбайды жүргізуші куәлігінен айыру туралы сот шешімін күшінде қалдырды.
Қарашаның ортасында Әуезов аудандық соты "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек туралы видеоны өшіруден бас тартып, сот шешімін орындамағаны үшін саяси белсенді Жанболат Мамай мен оның әйелі Инга Иманбайды көлік жүргізу құқығынан айырған болатын. Белсенділер сот шешімімен келіспей, апелляцияға жүгінген еді.
– Мына бүгін күшіне енген сот шешімі тек қана жүргізуші куәлігі ғана емес, кез келген арнайы лицензиядан айырады. Мысалы, мен адвокаттық лицензия алайын десем, "жоқ, сіз ең бірінші Байбек жайлы фильмді өшіруге тиіссіз, мына сот шешімі арқылы сізге лицензия берілмейді" деп айтады. Бүгін сотта Байбек фильмі мен менің жүргізуші куәлігімнің арасында қандай байланыс бар деп сұрадым. Журналистік зерттеу үшін жүргізуші куәлігінен айыру масқара ғой. Соны айтайын десем, сот ауызымды жаба береді. Кейін Zoom-нан мүлде шығарып жіберді. Іс жүзінде сот мені қатыстырмай шешім шығарды, – деді Инга Иманбай сот шешімі шыққаннан кейін Азаттық тілшісіне.
Оның айтуынша, сот шешімінде жүргізуші куәлігінен айыру мерзімі көрсетілмеген. "Яғни, Байбек жайлы фильмді өшірмейінше" күшінде қала береді. Белсенді шешімді жоғары инстанцияға бере алмайтынын да жеткізді.
Оның айтуынша, күйеуі Жанболат Мамайдың апелляциялық шағымы 22 желтоқсанда кешке қаралады.
Алматы қалалық соты шешімге байланысты түсініктеме бермеді.
Видео: Жанболат Мамай Байбек туралы видеоны өшірмегені үшін жазаланды (4 қазан 2021 жыл).
Your browser doesn’t support HTML5
Жанболат Мамай Байбек туралы видеоны өшірмегені үшін жазаланды
Белсенділер мен "Нұр Отан" партиясы төрағасының бірінші орынбасары Бауыржан Байбек арасындағы дауға биыл көктемде Youtube'те жарияланған "Бауыржан Байбек: Назарбаев сыныптасы баласының жемқор бизнес-империясы" атты зерттеу фильм түрткі болған. Онда Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің "мемлекеттік қызметте жүріп үлкен бизнес-империя құрғаны", "Алматы әкімі болған 4 жылда 1 миллиард доллар заңсыз ақша тапқаны", "құрылысқа және көлік тұрағына" қала аумағының және Іле-Алатау ұлттық паркінің "жерін бергені" мен "пара алғаны" жайлы айтылған.
Бауыржан Байбек бұл сөздер "нақты фактілер мен құжаттар негізінде дәлелдеуі тиіс" деп фильм авторын сотқа берген.
Жазда сот Жанболат Мамайды шенеунік жайлы шығарған фильмді өшіруге міндеттеген. Ал Мамай сот үкімімен келіспей, шешімді апелляцияға беретінін айтқан. Осыған дейін сот шешімін орындамағаны үшін Жанболат Мамайға айыппұл салынған.
Мамай мен Иманбай фильмді өшірмейтіндерін айтып отыр. Олар осыған дейін халықаралық ұйымдарға да шағымданатынын мәлімдеген.