"Өмірім өкінішпен өтіп жатыр". Ескі вагонда тұратын әйелдің мұңы

Жасы жетпістен асқан Қалайзада Рүстемова Шымкентте суы, жылуы мен жарығы жоқ ескі вагонда жалғыз өзі тұрып жатқалы он жылдан асқан. Мүгедек адам ретінде мемлекеттен берілетін үй кезегін күткелі тоғыз жыл болған зейнеткердің жалғыз арманы – баспаналы болу. Кедейліктен қажыған қария "соғыс көрген әкеме де бұйырмаған үй маған қайдан тисін" деп налиды.

АТАМЕКЕНДІ АҢСАП КЕЛГЕН ОТБАСЫ

Қалайзада Рүстемова биыл да көктем келісімен Шымкенттегі Достық ықшам ауданындағы біреудің меншік үйінің ауласында тұрған ескі вагонға көшуге қамдана бастады. Жылдағы әдетімен қыс мезгілінде туыстарын сағалап, соларда қыстап шыққан 71 жастағы зейнеткер қазір көлемі 20 шаршы метрге жетер-жетпес, сырты қаңылтырмен қырық жамау болып қапталған алқам-салқам вагонның ішінде заттарын ретке келтіріп жүр. Келесі қыс түскенше оның жатын бөлмесі һәм ас үйі – жарығы, суы не жылуы жоқ осы қуықтай бөлме.

Қалайзада Рүстемова – 1951 жылы Өзбекстанның Сырдария облысы Гүлістан қаласында қазақ отбасында дүниеге келген он баланың бірі. Совет-герман соғысына қатысқан әкесі майданнан екі қолынан айырылып оралыпты. Анасы Қалайзаданың жас күнінде қайтыс болған.

Қалайзада Рүстемова пластик ыдыспен су алып барады. Түркістан облысы.

Қалайзада апа жас кезінен жүрегі ауыратынын, дәрігердің есебінде тұратынын айтады. Совет билігі тұсында Шымкенттегі медицина училищесін тәмамдаған соң Өзбекстанда 35 жыл мейіргер болып жұмыс істепті.

2004 жылы әкесімен бірге атамекенге – Қазақстанға көшіп келген. Өзбекстанда қалған бір бөлмелі пәтерін сата алмаған.

– Анам өмірден ерте кетті. Әкемнің екі қолын соғыс жалмаған. Өздігінен тамақ ішуге, жуынып-шайынуға жарамайтын. Өзім де 1979 жылдан екінші топ мүгедегімін. Осы жақта марқұм інімнің екі баласы бар. Қазір отбасылы, пәтер жалдап тұрады. Әкемді жуындыруға солар көмектесетін, – дейді Қалайзада.

Қазақстаннан үй сатып алуға қаржысы болмай, әкесі екеуі Жетісай кентінде пәтер жалдап тұрған. Қалайзада Қазақстанға келгесін әкесін қарап, жұмыс істей алмағанын, екеуі әкесінің зейнетақысы мен Қалайзаданың жәрдемақысына "шықпа жаным, шықпамен" өмір сүргенін айтады. Әкесі баспанаға мұқтаж соғыс ардагері ретінде үй кезегіне тіркелгенімен, мемлекеттен үй ала алмаған. Қарт майдангер 2008 жылы Жетісайда қайтыс болған.

ЖАЛҒЫЗІЛІКТІ ЖАННЫҢ ТОЗҒАН ВАГОНДАҒЫ ТІРЛІГІ

Әкесі өмірден өткесін жалғыз қалған Қалайзада мүгедектігіне байланысты мемлекеттен берілетін болмашы жәрдемақы күнкөрісіне жетпеген соң, базарда ұсақ-түйек зат алып, сатып, пластмассадан жасалған бос ыдыс жинап, адыраспан тергенін айтады. 2009 жылы зейнетке шыққан, әлгіндей қосымша жұмыс істеуді қойған. "Денсаулығым жарамады" деп түсіндіреді өзі.

Үстелде тұрған марқұм әкесінің суреті.

– Сол жылы Өзбекстанда қалған бір бөлмелі пәтерді саттым, бірақ оның ақшасы Қазақстанда үй алуға жетпеді. Сосын біреудің осы ескі вагонын сатып алып, көшіріп әкелген жүгімді соған қойдым. Өзім де 2010 жылдан бері осы вагонда тұрып жатырмын, – дейді Қалайзада.

Зейнеткер жалғыз өзі тұрып жатқан, жарығы мен жылуы жоқ вагонға екі ағаш терезе мен есік орнатылған. Төбесі шіріп, жауын суы өткен вагонның ішінде сөмкелерге салынған, түйіншек болып буылған ескі заттар бірінің үстіне бірі қойылыпты. Бір шетте жуынуға арналған құман мен 5 литрлік ыдыс тұр.

– 70 мың теңге зейнетақы аламын. Суды көршінің үйінен тасып ішемін. Шағын газ пешім бар, вагон ішінде жарылса, өртеніп кетесің деп оны пайдалануға рұқсат етпейді. Амал жоқ, ыстық тамақты күніне бір мезгіл сатып аламын. Ыстық шайды көршілерден термосқа құйып алып ішемін. Жуынуға аптасына, кейді екі аптада бір рет моншаға барамын, – дейді қария.

Қалайзада апаның ыдыстары

Қалайзада күн жылынғанда осы вагонды паналайды. Күн суытып, қыс түскенде жақындарын жағалайды. Көктем туғанда вагонына келген қария баспанасының төбесінен су өтіп, ішіндегі заттары көгеріп кеткенін көрген айтып налиды.

– Бірге тумақ болғанмен, бірге тұрмақ жоқ. Әркімнің өз отбасы, бала-шағасы бар. Қашанғы жұрттың қас-қабағына қарап өтем, құстың да ұясы бар. Ескі де болса шағын бір бөлмелі үйім болса деп армандаймын, – дейді жадау тірліктен әбден жүдегені түрінен байқалатын қария көз жасын сүртіп.

Зейнеткер коронавирус пандемиясы кезінде қатты қиналыпты, шілденің шіліңгір ыстығында темір вагонның іші адам төзгісіз қапырық болып, Қалайзаданың қан қысымы көтеріліп кеткен. Дәрігер жазып берген дәрі-дәрмекті толық алуға қаржысы болмапты.

Қалайзада апаның сөзінше, баспана ретінде пайдаланып отырған ескі вагонды сатып алғалы үш жерге көшіріпті. Ол вагонын апарып қойған жердің иесі қариядан алып кетуін талап еткен. Кейінгі бір жарым жылдан бері Қалайзадаға вагонын ауласына қоюға рұқсат берген Шымкент қаласындағы жеке меншік үйдің иесі Шолпан Қайыпова зейнеткердің тұрмысы өте ауыр екенін айтады.

– Үйге кіргізіп алайын десем, қайда жатқызарымды білмеймін, өзіміз бала-шағаммен екі бөлмелі үйде тұрып жатырмыз. Көрші-қолаң үйде болсақ ыстық ас-суымызды беріп, көмектесіп тұрамыз. Жоқ кезде қиналып қалады. Бұл жерге көшіп келгенімізге бір жарым жыл болды. Осы кезге дейін оны ешкім іздеп келген жоқ, – дейді Шолпан Қайыпова.

Вагондағы бар дүние-мүлік

"КЕЗЕГІ КЕЛМЕЙ ПӘТЕР БЕРІЛМЕЙДІ"

2018 жылы Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасы вагонда тұрып жатқан Қалайзаданы коммуналдық меншіктегі жатақханадағы үш бөлменің біріне орналастырған. Қалған екі бөлмесінде мүгедек балалары бар басқа отбасы тұрған. Қалайзада сол жатақханада бір жыл үш ай тұрғанын, бірақ күнделікті тұрмыста көршісімен жиі ұрыс-керіс болып, ақыры қысымға шыдай алмай, ол жерден кетуге мәжбүр болғанын айтады.

– Рүстемованы жеке тұрғызатындай қазір мемлекет жатақханасында жеке бөлме жоқ. Үй кезегі келмесе пәтер бере алмаймыз. Ал вагонды жөндеп беруге бюджеттен қаражат қарастырылмаған. Жөндеп беретін демеуші іздеп отырмыз, – дейді басқарма өкілі Гүлима Байсейітова Азаттыққа.

Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасы Қалайзада Рүстемованың 2014 жылы баспанаға мұқтаж ерекше әлеуметтік санаттағы тұрғын ретінде мемлекеттік тұрғын үй кезегіне 5377-ші болып тіркелгенін, қазір кезекте 1459-орында тұрғанын Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасы да растайды. Жергілікті биліктің мәліметінше, қазір қалада бес санат бойынша 49 мыңға жуық адам үй кезегінде тұр. Соның ішінде Қалайзада сияқты әлеуметтік жағдайы әлсіз топқа жататын 17 мыңға жуық адам бар.

Қалайзада апа көршісі Шолпан Қайыповамен үйінің қасында тұр.

Кедейліктен әбден қажыған Қалайзада кейде "қан майданнан мүгедек болып оралған әкеме тимеген үйді маған береді дейсің бе?" деп өмірден түңіліп кететінін, оңашада шарасыздықтан жылап алатынын жасырмайды.

"Бір бөлмем болса, бұлай далада жатпайтын едім, қайтейін, өмірім өксік, өкінішпен өтіп жатыр" деп күрсінеді жылуы мен жарығы жоқ ескі вагонда тағы бір күнін жалғыз өзі өткізген қария.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Әйелді 63-ке дейін жұмысқа салу – қорлаумен тең". Қазақстан әйелдері зейнет жасын төмендетуді сұрайдыБес бала өртенген оқиғаға үш жыл. Не өзгерді?Қауіпті жұмыс, ескі техника, мардымсыз жалақы. Краншылар неге наразы?