25 ұйым БҰҰ Бас хатшысынан ресейлік оппозиционер Владимир Кара-Мурзаға араша түсуін сұрады

Ресейлік оппозиционер Владимир Кара-Мурза.

Жиырма бес халықаралық құқық қорғау ұйымы БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш пен БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі бас комиссары Мишель Бачелетке ресейлік оппозициялық саясаткер Владимир Кара-Мурзаның абақтыға қамалуын айыптауға, сонымен қатар Ресей билігінен Украинадағы соғысқа наразылық білдіргені үшін тұтқындалған Кара-Мурза мен басқа да адамдарды дереу босатуды талап етуге шақырып, үндеу жолдады.

"Кара-Мурзаға тағылған жалған айыптар Ресей ішіндегі басқаша көзқарастың үнін тұншықтыруға бағытталған. Олар Путин режимінің шындықтан қорқатынын көрсетедіб" деді құқық қорғаушылар. Мәлімдемеге қол қойғандар арасында United Nations Watch және Human Rights Foundation тәрізді аса ірі ұйымдардың да өкілдері бар.

Сәуірдің аяғында Кара-Мурзаның үстінен Ресей армиясы жайлы жалған мәліметті (фейк) жария түрде тарату бабымен қылмыстық іс қозғалды. Заңда бұл бап бойынша, ең қатаң жаза – 10 жылға бостандығынан айыру белгіленген. Қазір Кара-Мурза тергеу абақтысында отыр.

Қылмыстық істің қозғалуына Владимир Кара-Мурзаның АҚШ-тағы Аризона штаты өкілдер палатасының мүшелері алдында баяндама жасауы себеп болған. Тергеу тарабы Кара-Мурза Украинада Ресей әскерінің тұрғын үйлер, перзентханалар, ауруханалар мен мектептерді бомбалап жатқаны туралы "көпе-көрінеу жалған ақпар" таратқан, солайша "Ресей мүдделеріне айтарлықтай зиян келтірген" деген уәж айтады.

Бұдан бұрын Владимир Кара-Мурза ресейлік басқа оппозиционерлер әрі қоғам қайраткерлерімен бірге Ресейдің соғысқа қарсы комитетін құрған еді. Комитет мүшелері, ішінара, әлемдік қауымдастықты Украинада соғыс әрекеттерін бастауға бұйрық берген Ресей саяси басшылығын "әскери қылмыскер" деп жариялауға үндеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Мәскеуде "Соғысқа қарсы комитет" мүшесі, оппозиционер Владимир Кара-Мурзаны полиция алып кеткен БҰҰ Бас хатшысы Киевте жүргенде қалаға шабуыл жасалдыНАТО мен АҚШ-тың экс-қолбасшысы: Украинадағы соғыс Ресейді ұлт ретінде әлсіреттіРесейлік оппозиционер Владимир Кара-Мурза өзін аңдып жүргенін айтты. Оның артынан ФСБ көлігі жүредіBellingcat: Владимир Кара-Мурзаның улануына ФСБ қызметкерлерінің қатысы бар