18 қарашада интернетте "украин әскерінің тұтқынға түскен орыс солдаттарын атып өлтіргені" жайлы видео пайда болды. Видеоның түпнұсқалығы толық расталған жоқ, алайда Ресей қорғаныс министрлігі видеодағы оқиғаны қылмыс деп атады. БҰҰ адам құқығы жөніндегі жоғарғы комиссары видеоны зерттейді.
Әлеуметтік желіде тараған екі видеоның бірінде ресейлік әскери қызметкерлердің қолдарын көтеріп, камуфляж форма киген қолына сары таңғыш байлаған Украина әскеріне берілгені көрінеді. Олар бұйрықпен жерге жатады. Соңғы кадрда үйден қаруы бар тағы бір адам шығып, оқ атыла бастайды, сонымен жазба үзіледі. Екінші видеода сол формадағы солдаттардың мәйіті көрінеді, кейбірінен қан іздері байқалады. Видео Донецк облысының Макеевка ауданында түсірілген болуы мүмкін деп айтылады.
Украина жағы әзірге түсініктеме бермеді.
Ресей қорғаныс министрлігі мәлімдеме таратып, оқиғаны "қарусыз тұтқындарды үйренген әдіспен өлтіру" деп атады. Министрліктің айтуынша, мұндай оқиға алғаш рет болып отырған жоқ: "бұл Украина қарулы күштері кеңінен қолданатын тәжірибе", оны "Киев режимі қуаттайды, ал батыстағы қорғаушылары көрсе де көрмегендей кейіп танытады". Ресей қорғаныс министрлігі мен Ресей президенті жанындағы адам құқықтары жөніндегі кеңес БҰҰ мен халықаралық гуманитарлық ұйымдарға шағымданатынын мәлімдеді.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі жоғарғы бас комиссары видео жөнінде білетінін және оны зерттейтінін мәлімдеді.
Ресей тергеу комитеті әскери тұтқындарды жаппай ату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Бірнеше күн бұрын БҰҰ адам құқығы жөніндегі бақылау миссиясының жетекшісі Матильда Богнер Ресейдің украин тұтқындарының құқықтарын өрескел бұзғандығы туралы мәлімдеме таратты. Онда Ресей әскерінің тұтқынға түскен Украина қарулы күштері солдаттарын әбден қорлап, мазақтағаны айтылған: оларды жыныс мүшелеріне арқан байлап, сүйреген, оларды резеңке таяқ, ағаш балғамен ұрып-соққан, электр тоқпен азаптаған, көздері мен ауыздарына жабысқыш лента жапсырған, итке қаптыртқан.
Ресей билігінің БҰҰ-ға шағымдануы осы баяндаманың шығуымен де байланысты болуы мүмкін. Бұған қоса, Киевтің жуырда азат етілген Херсон облысында әскери қылмыс құрбандары жайлы мәлімдемелеріне де қатысы болуы мүмкін.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Украина мен Ресей тұтқын алмасты: 214 адам үйіне оралдыҚызыл Крест ұйымының Еленовкадағы абақтыға баруына әзірге рұқсат берілмеген"Сүйегі келмейінше, үміт үзбейміз". Соғыста "жоғалған" ресейлік сарбаздардың отбасының мұң-зары