Accessibility links

"Сүйегі келмейінше, үміт үзбейміз". Соғыста "жоғалған" ресейлік сарбаздардың отбасының мұң-зары


Тұтқынға түскен немесе хабарсыз кеткен ресейлік әскерилер "із-түзсіз жоғалғандар” тізіміне кіреді. Туыстары жауынгерлердің қаза тапқанын немесе тұтқынға түскенін әскери серіктерінен, болмаса украиналық телеграм-каналдардан біледі. Ресейдің қорғаныс министрлігі мен әскери комиссариаттар ешқандай ақпарат бермей отыр. Сибирь.Реалии сайты әскерилердің жақындарымен сөйлесіп, Украинада жоғалған жауынгерлерді іздеу қалай жүріп жатқанын сұрады.

"ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНЕН БІР ДЕ БІР ЖАУАП КЕЛГЕН ЖОҚ"

– Төрт айдан бері ұлым Александр Александрович Сухаревты іздеп жатырмын. Тірі екеніне сенеміз, өйткені өлді деген ресми хабар алған жоқпыз. Не қорғаныс министрлігі, не әскери комиссариат ешқандай ақпарат бермей отыр. Саша "арнаулы операцияға" дейін Приморский край Сергеевка ауылындағы 44980 әскери бөлімшесінде істеді. Өзі – прапорщик, фельдшер. Әскери дәрігер, – дейді Алтай өңіріндегі Волчиха ауылында тұратын Александр Ильич Сухарев.

Александр Сухарев.
Александр Сухарев.

12 сәуірде Сухаревқа Александрмен бірге әскери қызметте жүрген кенже ұлы Максим хабарласып, Сашаның командирі, полковник Богдановтың сөзін жеткізген. Полковник 9 сәуірде Никольское ауылының маңында шайқас болғанын, Сашаны бір жауынгерге медициналық көмек көрсетуге шақырғанын айтқан. Александр әскери көлікпен келіп, жаралы азаматтың жанынан өте бергенде жол шетіндегі минаны басып кеткен. Бұл кезде ұрыс жүріп жатқандықтан, Ресей әскері көлік жарылған жерге жете алмаған. Бірақ Саша рация арқылы байланысқа шығып, көлігі жарылғанын айтқан. Командир осыдан басқа ақпарат бермеген. 9 сәуірден бастап отбасы Александрдан хабар ала алмай отыр.

Бірнеше күннен кейін Сухаревтар отбасына таныстары әлеуметтік желідегі Александрға ұқсайтын жаралы азаматтың суретін жіберген. Жазбада жауынгердің Белогорскідегі ауруханалардың бірінде жатқаны айтылған.

– Суреттегі адамды анасы екеуіміз ғана емес, бүкіл туысымыз Сашаға ұқсатты. Өзіміз ғана білетін ерекше белгілері сәйкес келді. Бірақ бұл суреттің қайдан түскенін таба алмадық. Жергілікті еріктілерден көмек сұрап, Белогорскідегі ауруханалардың бәрін тексеріп шықтық. Таныс әскерилер де іздеп көрді, бірақ таба алмады. Жауынгерлердің аналары комитетіне хабарластық, бір медбике әйел суреттегі аурухананы таныды. Ал ауруханадағылар жаралы азаматты ата-анасы келіп, алып кеткенін айтты, – дейді Сухарев.

Сухаревтар осы суреттегі жаралыны Александр деп айтады.
Сухаревтар осы суреттегі жаралыны Александр деп айтады.

Жауынгердің әкесі әскери комиссариат пен қорғаныс министрлігінен мардымды жауап ала алмаған.

– Әскери бөлімшедегілер ештеңе білмейді. Қорғаныс министрлігіне 10 рет хабарласып, бір де бір жауап ала алмадым. Тіпті қайта хабарласқан да жоқ!

Сухаревтар отбасы украиналық телеграм-каналдан Александрдың құжаттарын – төлқұжаты, жүргізуші куәлігі, әскери билеті мен жеке дербес шоттағы сақтандыру номерінің суретін көргенде Тергеу комитетіне арыз жазған.

– 15 маусымға дейін Оңтүстік әскери округі ресми жауап беруі керек еді. Бастрыкинге арыз жазғалы бір жарым-екі ай өтті. Жауап жоқ. Путиннің қабылдау бөлмесіне, Жауынгерлердің аналары комитетіне, адам құқықтары жөніндегі уәкіл Москальковаға хат жаздық. Қорғаныс министрлігіне қанша рет хабарласқанымды айтпай-ақ қояйын. Еш жерден жауап келмеді. Еріктілер ұйымдарынан, бітімгерлік миссияларынан көмек сұрадық. Кеше қолды бір сілтеп, украиналық еріктілерге (олар өздерін осылай атайды және жоғалған әскерилерді іздеуге көмектесеміз деп уәде беріп отыр) өтініш жібердік. Олар хабарласып, "Саша тірі, Тернополь қаласында тұтқында отыр" деді. Фото, видео немесе дыбыстық хабарлама жіберуді өтіндік. Олар 200 доллар сұрады. Бізге бәрі “Алаяқтар ғой, олардан аулақ жүріңдер” дейді. Күмәнді екені рас. Басқа амалымыз қалмады, бірақ сонда да мұндай “көмектен” бас тартатын шығармыз, – дейді Сухарев жиырма шақты арыз-өтініштің көшірмесін жіберіп.

Сухарев Украинадағы соғысқа көзқарасы туралы сұраққа тура жауап бергісі келмеді.

– Саша [Украинаға] баруға бірден келісті, өзі біледі ғой. Дәрігердің міндеті – жаралы адамның бәріне көмектесу. Ол бұған дейін Үндістанда, Сирияда болып, көмекке мұқтаж адамдарды емдеді. "Ол жақ қалай екен, ұлым? Халқының жағдайы бізден нашар ма?" деп сұрасам, үнемі "Қиын, барлық жерде қиын" деп қысқа қайыратын. Қарапайым дәрігер болып қалса болар еді. Дәрігердің оқуын әскерге бармай тұрып тәмәмдаған. Бірақ оған әскери қызмет, темірдей тәртіп пен қатаң ереже ұнады. Жай дәрігер болғысы келмеді. Оны бәрі жақсы көретін: науқастар мен әріптестерінің ол туралы не жазып жатқанын оқып көрсеңіз болады, – дейді Александр.

Сухарев ұлының әріптестерінен келген некрологқа ұқсайтын хабарламаларды жіберді. Онда "Жақсы, мейірімді, үнемі қол ұшын созуға дайын адам еді. Жаңадан келген қызметкерлерге жол сілтеп, ағасындай қамқорлық көрсететін" деп жазылған.

Александр Сухарев отбасымен бірге.
Александр Сухарев отбасымен бірге.

Бірақ Александрдың ата-анасы ұлын өлді деуге қимайды, сондықтан Саша туралы өткен шақта сөйлемеуге тырысады.

– Денесі келмейінше, үміт үзбейміз! Бізден ДНК сараптамасын алды, қаза тапқан жауынгерлердің арасынан сәйкес ДНК табылған жоқ. Демек үміт бар! Қазір Никольское ауылы Ресей әскерінің, Угледар (Никольское ауылынан 96 километр қашықта орналасқан елдімекен) Украинаның қолында. Ал Сашаның көлігі жарылған жер сұр аймаққа жатады. Әскерилер оларды сұр аймақтан алып шығу мүмкін емес дейді. Олар әлі сонда ма, әлде басқа жерде ме, білмейміз. Үш айдан бері Сашаның қайда екенін анықтай алмады. Не білсе де, бізге ештеңе айтпай отыр. Сашаның әйелі, он жастағы қызы бар. Олардан сұрасам, Сашаның жалақысын соңғы рет наурызда алыпты. Одан кейін ақша аударылмаған.

Александрдың інісі әлі әскерде жүр. Әкесі ұлы жақында зейнетке шығатынын, енді әскери қақтығыс аймағына бармайтынын айтып, қуанышын жасыра алмады.

– Максим [Александрмен] бірге әскери қызметте істейді, бірақ дәрігер емес, ұшқышсыз басқарылатын аппараттармен айналысады. Түсінгенім бойынша, оған ұрыс алаңында болудың қажеті жоқ. Ресейде жүр. Жақында зейнетке шығады, – дейді Сухарев.

Александр Сухарев (оң жақ шетте), Максим Сухарев (сол жақтан екінші), үлкен Александр Сухарев (сол жақтан екінші).
Александр Сухарев (оң жақ шетте), Максим Сухарев (сол жақтан екінші), үлкен Александр Сухарев (сол жақтан екінші).

"БИЛЕТ АЛЫП, ЖОЛҒА ШЫҚТЫМ"

Бурятия тұрғыны Катерина Ногаева соғыста жоғалған күйеуін іздеуді өз қолына алған. Бір айдан кейін Ростовтағы мәйітханалардың бірінен күйеуінің денесін тапқан. Қорғаныс министрлігі осыдан кейін ғана ефрейтор Пантелеймонды ресми түрде қаза тапқандардың тізіміне қосқан.

Понтелеймон және Катерина Ногаевтар.
Понтелеймон және Катерина Ногаевтар.

– Күйеуім Украина шекарасына 13 қаңтарда кетті. 11-не эшелонмен жолға шықты, оны соңғы рет 5 қаңтарда көрдім. Ал дауысын соңғы рет 23 ақпанда естідім. 3 наурызда күйеуімнің қатарластарымен бірге қоршаудан шыққанын, тірі екенін естідім (мен оның қоршауға түскенін де білген жоқпын). 12 наурызда туыстарым күйеуімнің көз жұмғанын жеткізді. Оларға күйеуімнің жанында болған жауынгерлер айтыпты. Бірақ бұл ақпаратты ресми түрде растай алмадым. Әрине, сенген жоқпын. Күйеуімді іздеуге кірістім. Бір ай бойы ешқандай хабар болмады! Денесі табылмағандықтан, ресми тізімге енбей қалған. Мүмкін аты-жөні анықталмай бір қоймада жата берер ме еді, бірақ мен одан әрі күте алмадым, – дейді Катерина.

Катерина жұмыстан шығып, екі баласын ата-анасына қалдырып, күйеуін іздеуге шыққан.

Понтелеймон Ногаев ұлымен бірге.
Понтелеймон Ногаев ұлымен бірге.

– Адамдар ақша жинап, көмектесті. Билет сатып алып, әуелі Мәскеуге бардым. Кейін Ростовқа жол тарттым. Бір ай бойы ауруханаларды араладым. Халық көмектесіп, билетке, ары-бері жүріп-тұруыма ақша жинап берді. Соңғы сәтке дейін күйеуімнің тірі екеніне сендім. Ауруханада ес-түссіз жатқан шығар деп ойладым... Көбіне солай болады емес пе? Кейін мәйітханаларға бардым. Солардың бірінен Пантелеймонды таныдым. Өлгендердің бәрін мұздатқыш камераға салып қойыпты. Күйеуімнің сүйегін алып кеттім. Ол кезде әскерилер де күйеуімнің көз жұмғанын растап, мәйітті тасымалдау шығынын өтеді. Әйтпесе қалтам көтермес еді, 200 мың рубль тұрады екен! Әскери тікұшақпен Улан-Удэге ұшып келіп, әскери КАМАЗ-бен Кяхтаға бардық. Күйеуіммен қоштасу рәсімі Шарагол ауылында өтті. 17 сәуірде жерледік, – дейді марқұмның жесірі.

Катерина күйеуінің қазасы туралы ресми ақпаратқа сенбейді. Ол "Әскерилердің сөзі мен жұбайымның денесіндегі жарақаттар сәйкес келмейді" дейді.

– Ол қаңтарда әскери жаттығуға кетті. Басында күйеуім "21 ақпанда үйге қайтамыз" деген еді. Кейін Украина жеріне кіретін болды. Яғни, біз алдын-ала білдік. Бірақ осындай сұмдық болады деп ойлаған жоқпыз. Дайындық туралы ештеңе білмеймін, өздерінің де көп нәрседен хабары болмаған сияқты, әйтеуір күйеуім маған ештеңе айтпады.

Понтелеймон Ногаев.
Понтелеймон Ногаев.

Мүмкіндігі болса, үйге қайтар еді. Күйеуімнің қазасы туралы ақпарат әлі күнге маза бермейді. Денесіндегі жарақаттарға қарағанда, жарқышақ тиіп қаза тапқан сияқты. Оқ тимеген. Әскерилер әртүрлі нұсқа айтты, біреуіне де сенген жоқпын.

Басында "кезекшілікте тұрғанда шатына снайпердің оғы тиді" деді. Кейін "Бүйрегі ауырып, ғимаратта қалды, келсек, орнында жоқ екен. Үш тәуліктен кейін қан-жоса күйінде тауып алдық. Жарқышақ тигеннен басқа жарақаты болмаса, оларға қалай сенемін? Көзіммен көргеніме ғана сенемін.

"МАМА, АҚША ЖІБЕРШІ"

Катерина Ногаева күйеуін іздеп жүрген кезде басқа әскерилердің туыстарымен танысқан. Олардың арасында Бурятияның Кяхта қаласында тұратын Елена Чмелева де бар.

Елена Чмелева.
Елена Чмелева.

– Ұлымның аты-жөні Чмелев Дмитрий, 6 мамырда 19 жасқа толды. 21 ақпанда хабарласты, одан кейін байланысқа шыққан жоқ. 12 наурызда әскери бөлімнен психолог пен дәрігер келіп, Диманың көз жұмғанын айтты. Олар құжатын көрсеткен жоқ. 10 күнде мәйітін жібереміз деді. Сенбі еді. Дүйсенбіде әпкесімен бірге (Чмелеваның сегіз баласы бар, бесеуін асырап алған, Дмитрий – туған баласы) әскери комиссариатқа бардық. Олар "Қолымызда Дима туралы ақпарат жоқ, қаза тапқаны туралы дерек түспеген" деді. Тағы іздестіре бастадық, екі күннен кейін Диманы із-түзсіз жоғалғандар тізіміне қосты.

17 наурызда әскери бөлімнен "Дима жарқышақ тиіп, ауруханада жатыр" деген хабар келді. Гаспарян А.П. деген кісі хабарласып, "Ұлыңыз аяғына жарқышақ тиіп, ауруханада жатыр, жағдайы тұрақты" деді. Әкесі "Енді не болады?" деп сұрады. Телефон тұтқасының ар жағындағы кісі "Оңалту шарасы" деді. Тағы да іздедік, ауруханалардан табылмады. 18-не Гаспарянға хабарласып, "Ұлым қай ауруханада жатыр?" деп сұрадым. "Анықтап жатырмыз" деді. Әлі анықтаған жоқ. Прокуратураға арыз бердік, олар қысым жасай бастаған соң, әлгі кісі "Оларға хабарласқан жоқпын, ештеңе айтпадым" деп сөзінен тайқып шықты. Ал менде хабарласқаны сақтаулы тұр.

Соңында Беларуське хабарласып, Мәскеу, Ростовтағы ауруханалардың бәрін сұрастырып шықтым. Еш жерде ұлымның атымен немесе соған ұқсас есіммен ешкім тіркелмеген. Аты-жөні анықталмаған жігіттердің арасында да Димаға ұқсайтын адам жоқ. 26 наурызда Диманы із-түзсіз жоғалғандар тізіміне қосты.

– Дмитрий қалай жоғалып кетті? Ұрысқа кетіп, оралмады ма?

– Ештеңе айтқан жоқ. Қалай, қайда жоғалғанын білмейміз. Өз күшімізбен іздеп жатырмыз. Мәскеу прокуратурасына арыз бердік, олар істі Қиыр Шығыс округіне, Хабаровск қаласына жіберді.

Кейінірек YouTube-тан төрт тұтқынның үйілген мәйіттің жанында отырғаны туралы видео тауып алдым. Видео қараңғыда түсірілген, сапасы нашар, бірақ тұтқындардың бірі ұлым екеніне 70% сенімдімін. Осы видео негізінде ұлымды әскери тұтқындар тізіміне қостық, бірақ одан қайыр жоқ. Қазірге дейін қанша рет тұтқын алмасу процесі өтті, бірақ елге оралған әскерилер қатарында Дима (немесе оған ұқсайтын адам) болмады. Дима тұтқында ма, жоқ па, ешкім іздейтін емес.

Дмитрий Чмелев 2021 жылы 31 мамырда 18 жасқа толғанда әскерге шақырылған.

Чмелевтар отбасы 1 қыркүйекте мектептегі алғашқы қоңырауда тұр.
Чмелевтар отбасы 1 қыркүйекте мектептегі алғашқы қоңырауда тұр.

– Қыркүйекте жарты жылға жетпей, келісімшартқа қол қойды. Маусымда келісімшарт туралы ақылдасуға хабарласты, көктемге дейін күте тұр дедім. Ол әскерге дейін бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жатыр еді. Өз кәсібін жақсы көретін, балалармен тез тіл табысатын, асырап алған қызымды екіге оқып жүрген жерінен үлгерімі жақсы оқушылар қатарына қосты. Бірақ былтыр көктемде ковидпен ауырып, бірнеше рет сабақтан қалып, бір емтиханын тапсыра алмады. Оқытушысы қырсығып, емтиханды қайта тапсыруға рұқсат бермей қойды. Сондықтан Дима әскерге ілігіп кетті. Кейде ұлыма сол емтиханды тапсыруға мүмкіндік бергенде ғой деп ойланамын…

Елена ұлын соғысқа "дайындықсыз" алып кеткенін айтады.

– 13 қыркүйекте бұйрық келді. Оны әуелі Беларуське әскери жаттығуға барады деген сылтаумен жіберді. Онысы "арнаулы операция" болып шықты. Ұлым мотоатқыштар бөлімінің снайпері болды, бірақ қаншалық жақсы ататынын білмеймін. Ол қарашада әкесіне хабарласып, өзіне екі мылтық берілгенін айтқан. Үнемі хабарласып, "Мама, 200, 300 рубль жіберші" деп сұрайтын. Балаларымыздан ештеңе аямаймыз, бірақ көпбалалы отбасы болғандықтан кейде ақшадан қысылып қалатынымыз рас. Қашан хабарлассақ та, үнемі әскери бөлімнің ішкі жұмыстарын істеп жүретін. Полигонға барған-бармағанын білмеймін, үнемі шаруашылық істермен айналысып жүрсе, оқ атып та көрмеген шығар. Ана ретінде ұлыма қару ұстауды, ұрысқа қатысуды үйретпей, әскери операцияға салып жіберді деп ойлаймын.

Снайпер болуға адамдарды қанша жыл бойы дайындайды ғой. Әскери бөлімдегілердің бәрінен "Баламды қандай негізде жібердіңдер?" деп сұрадым. Олар бәрін алдын-ала жоспарлап қойған сияқты, арнаулы операцияға жап-жас жігіттерді неге жібергенін түсінбеймін. "Арнаулы операция" болса, оған арнайы дайындықтан өткен адамдар қатысуы керек. Солай емес пе? Соғыс болса түсінемін, алпыс жасқа дейінгі ер азаматтардың бәрін майданға алып кетеді. Арнаулы операцияға тәжірибелі әскерилер ғана қатысуы керек. Дима ешкіммен сөзге келмейтін бала, құқығын қорғап, таласып жатпайды, айтқандарын орындай салады. Қиын болса да, қолынан келмесе де, тапсырманы орындауға тырысады. Украинада жараланып, елге оралған жауынгерлермен сөйлестім. Олар "Дима адамдарды өзіне тартып тұрады, онымен ақтарылып әңгіме айтқың келеді" деді. Қарапайым ауылдың баласы ғой.

Қазір Чмелевтар отбасы ұлын іздеуге қайта кіріскен.

– Қорғаныс министрлігіне жаздық, үлкен әпкелері де өтініш берді. Путиннен, федералды қауіпсіздік қызметінен көмек сұрадық. 12 мамырда әскери полицияға арыз жаздық. Бармаған жеріміз қалмады, ешкім ештеңе айтпайды. Ыстық желіге хабарласып, "Чмелев Дмитрий Сергеевич тұтқын алмасу тізіміне қосылды ма?" деп сұрасаң, "Жоқ, ондай адам жоқ" деп жауап береді. Ұлым өлді деген хабар алып, кейін жараланып, жоғалып кеткенін естігеніме жақында (21 шілдеде) бес ай болады. Тұтқындар арасынан тапқандай болып едік, бәрі үнсіз отыр. Ешкім алаңдап, іздемейді. Бұл қамыс арасында жоғалған ине емес, тірі адам ғой. Ересек адамды қалай жоғалтып алуға болады?

Жауынгердің анасы ұлын іздеп, Украинаға барғысы келген.

– Мәскеудегі жауынгерлердің аналары комитетіне хабарластым. Олар "Көмектесе алмаймыз" деді. "Бұл жауынгерлердің аналарымен жұмыс істейтін ұйым емес пе, соңғы үмітім сіздерде" дедім. Олар заңгердің номерін берді. Ол кісімен кеңесіп, "Украинаға барсам қайтеді?" деп сұрадым. Ол "Украинада әскери қимылдар жүріп жатыр. Сізді ұстап алады. Ұлыңызды да таппайсыз, басқа балаларыңыз да анасыз қалады" деді.

Материал жазылып жатқанда, Елена бірнеше рет ойын өзгертіп, тұтқындағы ұлыма кесірі тиіп кетер деген қауіппен сұхбатын жарияламауды сұрады. Бүгін Дима табылғанын, енді ештеңеден қорықпайтынын жазды.

"Қорқатын ештеңе қалмады, ұлымызды таптық. 200-жүк (жауынгердің мәйіті – ред.)" деп жазды Елена.

"ЖАУЫНГЕРДІҢ ҚАЗАСЫН РАСТАУҒА БІРНЕШЕ ЖЫЛ КЕТУІ МҮМКІН"

Әскери құқық саласындағы заңгер Алексей Семенов заңнамалық тұрғыдан алғанда, "із-түзсіз жоғалды”дегенге қарағанда "хабарсыз кеткен адам" деген мәртебе дұрысырақ дейді. Бірақ қалай жазылса да, бұл мәртебе сотпен бекітілуі керек.

– Белгілі бір азамат сот шешімімен "із-түзсіз жоғалған" немесе "хабарсыз кеткен адам" деп танылса, оның жоғалуына мемлекет жауапты болады, ал туыстары өтемақы ала алады. Бірақ сот бір жыл бойы байланысқа шықпаған адамды ғана "хабарсыз кеткендер" тізіміне қосады. Қалғанының бәрі, тіпті қорғаныс министрлігінің растауы да ресми құжатқа жатпайды. Сот шешімін алуға бірнеше жыл кетуі мүмкін. Екі жыл бойы сот табалдырығын тоздырып, қайтыс болғаны туралы қағаз ала алмай жүргендер бар. Осы құжат қолдарына тигеннен кейін ғана олар мемлекеттік міндетті төлемдерге қол жеткізе алады. Бір реттік төлем, сақтандыру ақшасы – бәрін қосқанда 7,5 миллион рубльдей шығады.

Сарапшылар хабарсыз кеткен жауынгерлер санын нақты білмейді. Семеновтың заңгерлік бюросы ақпанның соңынан бері жақындарымен байланысқа шықпаған жауынгерлер туралы өтініштер саны он есе артқанын байқаған.

– Нақты санын айта алмаймын. Жоғалған жауынгерлер саны шатасып кетті, тіпті шамалап айтудың өзі қиын. Әдетте соғыста із-түзсіз жоғалған адамдардың бәрі – қаза тапқан азаматтар. Әсіресе, халық тығыз орналасқан аудандарда жүріп жатқан соғыста солай болады. Жауынгерлер не қаза табады (оқтан ғана емес, суықтан, аштықтан), не өз әскерінің, болмаса жаудың қолына түседі. Осылай өз әскеріне қайтады немесе тұтқын болады. Ресей әскері тұтқындар санын жариялаған жоқ. Иә, тұтқын алмасу туралы жаңалықтар шығып жатыр, бірақ Украинада қанша жауынгері тұтқында жатқанын айтпайды. Жоғалған жауынгерлерді қалай есептейді? Әдетте әскери бөлімде таңғы немесе кешкі санақ болады. Оған әскерилердің бәрі қатысуы керек. Келмегендердің себебі айтылады, немесе өлтірілген/жоғалған азаматтардың тізіміне қосады. Яғни, қатарда жоқ жауынгерді соңғы рет қашан көргенің маңызды емес, командир кімнің қайда екенін білуі керек. Алыс жерде қарауылда жүрсе, солай жазып қояды. Ал ол кезекшілікте жүріп, жоғалып кетуі немесе өліп қалуы мүмкін. Жауынгерлер "мен" деп алға шығады, немесе санаққа қатыспау себебін түртіп алады, – дейді әскери сарапшы Ян Матвеев.

Қаза таппаған адамдарды "жоғалғандар" тізіміне қосу керек. Өйткені ол кез келген сәтте оралуы мүмкін. Әскери бөлімше соғысып жатқанда окопта тексеріс жүргізе алмаса, ешкімді санап жатпайды. Ұрыс даласынан алыстап, тынығып жатқан кезде ғана кім бар, кім жоқ деп есеп жүргізеді. Әскери бөлімшемен бірге қайтпағандар көбіне қайтып оралмайды.

Мұнда да пандемия кезіндегідей жалған статистика жүргізілетін сияқты. Қаза тапқан жауынгерлер санын әдейі азайтып көрсетіп, "жоғалып кетті" деп жазады. Нәтижесінде, тұтқынға түскендер де, қаза тапқандар да "жоғалғандар" тізіміне қосылып кетеді. Матрос Шкребц секілді қаза тапқан адамға өтемақы төлемеу үшін де солай жасайды (суға батып кеткен "Мәскеу" крейсерінде келісімшартпен әскери қызмет атқарып жүрген матрос Егор Шкребцті "хабар-ошарсыз кеткендер" тізіміне қосқан. Кеме сәуірде суға батып кеткен, ал тірі қалған азаматтардың аты-жөні әлдеқашан белгілі болған. – С.Р.).

Тәуелсіз ақпарат құралдарындағы кейінгі дерекке сәйкес, Ресей әскері 4000 жауынгерінен айырылған (2022 жылғы 24 маусымда BBC осылай жазды). Билік бұл деректерді кем дегенде екі есе қысқартып отыр деп топшыласақ, 10 мыңнан астам ресейлік жауынгер қаза тапқан. Мүмкін одан да көп шығар. Олардың қаншасын "хабар-ошарсыз кеткендер" тізіміне қосар екен? Мұны Шойгу да білмейді деп ойлаймын. Соғыс деген – үлкен бейберекеттік. Олар қаласа да нақты дерек ұсына алмайды, өйткені қанша адам қаза тапқанын өздері де білмейді. Соғыстан оралмаған және тұтқында болмаған адамның қаза тапқаны түсінікті ғой.

Қазір Ресей жағында соғысып жатқандардың басым көпшілігі – ЛХР (Украинаның шығысындағы сепаратистік құрылым) және ЧВК (жеке әскери компания) күштері екені белгілі, бірақ оларды ресми дерекке қоспайды. Ресей әскері өз шығынын азайтып көрсету үшін осындай әдіске де жүгініп отыр, – дейді Ян Матвеев.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG