Accessibility links

"Шаңырағымыз шайқалды". Украинаны қолдағаны үшін туысы теріс айналған ресейліктердің әңгімесі


Украинадағы соғыс көп ресейлік отбасының арасына жік салып, кей адамдар жақын-жуығымен мүлде араласуды қойған. Бірі Ресейді, екіншісі Украинаны қолдаған ата-аналар мен балалар, ерлі-зайыптылар, жақын достар араздасып, қарым-қатынасын үзген. Азаттықтың Орыс қызметінің "Сибирь.Реалии" сайты соғысты қолдайтын туысы теріс айналған азаматтардың әңгімесін жазып алды. Кейіпкерлердің көбі аты-жөнін атамауды өтінді.

"ҰЛЫМ ЕМЕССІҢ, ОТБАСЫМДА САТҚЫНҒА ОРЫН ЖОҚ"

"Болашақ тарихы" креатив студиясының PR директоры Жан-Мишель Щербак соғыс басталмай тұрып та анасымен саясат туралы сөйлеспеуге тырысатын. "Анам Путин – елімізді кез келген жаудан құтқара алатын жалғыз адам деп сенеді. "Дымды да түсінбейсің, тарихты білмейсің. Путин елді қанша жыл басқарса да өзі біледі. Әйтеуір соғыс болмаса болғаны" дейді. Соғыс басталғаннан кейін ішімдегінің бәрін ақтарып, әлеуметтік желіге жаздым" дейді Жан-Мишель.

24 ақпанда Жан-Мишель парақшасына соғысты сынап жазған. Анасы ұлының жазғанын көргенде оны әлеуметтік желідегі достарының қатарынан шығарып, бұғаттап тастаған. "Сүйікті ұлымның Украина фашистерін жақтайтынына қынжыламын" деп ренжіген.

Жан-Мишель анасын райынан қайтармақ болып, оған тәуелсіз ақпарат құралдарының жаңалықтарын жіберген. Бірақ ол "русофобтармен, Отанын сатқан адамдармен сөйлеспеймін. Ресей билігіне тіл тигізген адамдарды жауапқа тартатын заң қабылданған бойда сені өз қолыммен ұстап берем. Сенің және достарыңның жазбаларын скриндеп қойдым. Ел ішіне іріткі салғаның үшін заң алдында жауап бересің. Азаматтығыңнан айырса тіпті жақсы болар еді. Ресей төлқұжатын тапсырып, елден кеткеніңді қалаймын. Ұлым емессің, отбасымда сатқынға орын жоқ!" деп ат-құйрығын кескен.

Жан-Мишель ол кезде Ресейден кетіп қалған. Оның азаматтық позициясын Украинада тұратын алыс туысы Елена ғана қолдаған. Анасы сырт айналған кезде "жетімсіреп қалдың ғой, хабарласып тұр, қонаққа кел" деп қамқорлық танытқан.

6 наурызда Еленаның ауласына бомба түскен. Жан-Мишель басқаларға сенбесе де, жақын туысының қайғысы жүрегіндегі мұзды жібітер деп бұл туралы анасына хабарлаған. Анасы ұлына "өз халқына оқ атып, өз азаматтары мен шетелдік студенттерді кепілге алған нацистерге алғыс айтсын" деген жауап қайырған.

Жан-Мишель "Анасы өзекке тепкен бала" деген телеграм-канал жүргізеді. Ол өзі сияқты соғыс салдарынан жақындарымен байланысын үзуге мәжбүр болған адамдарды біріктіріп, қолдау көрсеткісі келеді. Қазір каналда төрт мыңға жуық оқырман бар, олардың көбі Жан-Мишель сияқты Украинаны қолдағаны үшін отбасынан шеттетілген.

"ҚАЙТАЛАУ ҚОЛЫМЫЗДАН КЕЛЕДІ" ДЕП ҚОЙМАП ЕДІ, ДЕГЕНДЕРІНЕ ЖЕТТІ: СОҒЫС, 37-ЖЫЛ, ФАШИЗМ БӘРІ ҚАЙТА ОРАЛДЫ"

Красноярск қаласында тұратын Кристина соғыс басталғалы бұрын тонның ішкі бауындай араласқан ата-анасымен байланысын үзген. Айтуынша, ата-анасы Кристинаның кез келген қадамын қолдап, үнемі жанынан табылатын түсінігі мол адамдар болған. Бірақ олар соғысқа келгенде Кристинаның көзқарасын қабылдаудан түбегейлі бас тартқан.

– 24 ақпанда өмірім қаққа жарылғандай болды. Украина қалаларын фашистерше бомбалап, балалар мен жүкті әйелдерді өлтіріп жатқанымызға сене алмадым... Ашу-ыза кернеп, ата-анама жылап бардым. Ауыр сәтте бірге болғанымыз дұрыс деп шештім. Барсам, ата-анам түк болмағандай теледидар қарап отыр. Теледидардан Соловьев, Караулов сияқты Кремльдің бір сайқымазағы Украинаны денацификациялау туралы бөсіп жатыр екен. "Бұған қалай дәттерің барады?" деп ашуландым. Олар "Украинаны бандеровшылар басып алған, жылдар бойы Донецк пен Луганскідегі адамдарымызды қырып келген, біз соларды құтқаруға бардық. Бандеровшыларды жеңсек, Совет одағы сияқты бір мемлекет боламыз" деді. Не деп жауап берерімді білмедім. Кейін сөйлесерміз деп шығып кеттім, дейді Кристина.

Ол бірнеше күннен кейін ата-анасына қайта барып, Украинада қаза тапқан балалар туралы ақпаратты көрсеткен. Осы сұмдықты естісе, ата-анасы есін жиып, шындықтың көзіне тура қарар деп ойлаған. Бірақ олар "Украинаны азат ету" туралы жаттанды сөзін қайталаған соң, күдерін үзген.

10 сәуірде анамның туған күні болды. Мерекенің шырқын бұзбайын деп, соғыс туралы сөйлеспеуге тырыстым. Өздері бастады. Ол кезде Буча қырғыны туралы белгілі болып еді. "Мынаны қалай ақтайсыңдар?" деп өлтірілген адамдардың суреттерін көрсеттім. Олар "Біздің жауынгерлер бейбіт тұрғындарды өлтірген жоқ. Мұны Украина қарулы күштері жасап отыр. Өз адамдарын өлтіріп, бізді бүкіл әлемге қарабет еткісі келеді. Шын мәнінде, Украинамен емес, Америкамен соғысып жатырмыз. Біз шабуыл бастамасақ, соғыс Украинада емес, Ресейде болар еді" деп ақтарылды. Тыңдап отырып, құсқым келді. Өз ата-анамды танымай қалдым. Бұрын азамат соғысы туралы оқығанда ұлы әкесіне, ағасы бауырына қарсы қалай соғысады деп ойлайтынмын. Енді оларды түсінемін, дейді Кристина.

"БІЗДІ БОМБАЛАП ЖАТҚАН ЖОҚ ҚОЙ. БАРЫП, ТАҒЫ ЖАРТЫ САҒАТ МЫЗҒЫП АЛАЙЫН"

Владивостокта тұратын Оксана соғыс салдарынан күйеуімен ажырасқан.

– Соғыс басталған күн әлі есімде. Кофе қайнатып, шыныға құйып жатқам. Құрбым хабарласып, "Соғыс басталды!" деді. Қолымдағы шыны түсіп кетіп, аяғым күйіп қалды. Оны сезген де жоқпын. Бала күнімнен әжемнің "Тек соғыс болмасын!" деген сөзін естіп өстім. Көзіміз тіріде соғыс көрмейтін шығармыз деп үміттеніп едім… Күйеуімді оятып, "Тұр, соғыс басталыпты" дедім. Ол әуелде түсінбей қалды. Кейін ұйқысын ашқан соң: "Неге сонша ерте оятып алдың? Бізді емес, Украинаны бомбалап жатыр ғой. Барып, тағы жарты сағат мызғып алайын" деді. Көрші елде халық қырылып жатыр, ал оған бәрібір. Кейін одан да сорақысын естідім. Күйеуім "Ресей әлдеқашан күшін көрсетуі керек еді. Әйтпесе бізбен ешкім санаспай кетті" деп түсіндіре бастады. "Мүмкін соғысқа қатысарсың?" деп сұрадым. "Қажет болса, қатысамын" деді.

Путинді қолдайтынын бұрыннан білетінмін. Ресей Қырымды тартып алғанда "Путин Хрущев сыйға тартып жіберген жерімізді қайтарды" деп қуанған. Қазір мойындауға ұяламын. Бірақ ол кезде мен де "Қырымды украиндар емес, біз жаулап алғанбыз. Өзімізге қайтқаны дұрыс болды. Оның үстіне, қан төгілген жоқ. Халықтың өзі Ресейге қосылғысы келді ғой" деп ойлағанмын. Соғыс басталған кезде бәрін түсіндім. Украинада фашистер бар ма, жоқ па, маңызды емес, бұл басқа мемлекет, оған басып кіруге құқығымыз жоқ екен. Көршілерім ұнамаса, "мен қалағандай өмір сүріңдер" деп талап қойып, айтқаныма көнбесе, үй ішін тегіс қырып сала алмаймын ғой. Күйеуіме "Бәріміз қылмыскер болдық, орыс болғаныма ұяламын" дегенімде, "Балаларға олай айтушы болма! Әйтпесе ажырасамын" деді. "Жақсы, ажырасайық" деп келісе кеттім. Балаларымды алып, анамның үйіне кетіп қалдым. Балаларымның "Ұлы Ресей" үшін адам өлтіруге болады деп ойлайтын адамның жанында өмір сүргенін қаламаймын.

Мүмкіндігім болса елден кетіп қалар едім. Бірақ күйеуім балаларды шетелге алып кетуге рұқсат бермейді. Оның үстіне, ол жақта қалай күн көреміз? Қазір олар ең алдымен украиндарға көмектесіп жатқанын білемін. Бірақ кейін соғысқа, Путинге қарсы бола тұра, елден кете алмай, аяқ-қолы жіпсіз байлаулы отырған адамдарды да ойласа екен! Бізге жәрдемақы төлемей-ақ қойсын, тек жұмыс істеуге мүмкіндік берсе болғаны. Даяшы, үй тазалаушы болып істесем де, кез келген жұмысқа дайынмын. Балаларымды жеккөрініш жайлаған атмосферадан құтқарғым келеді.

12 мамырда күйеуміз екеуміз ресми түрде ажырастық. Бірақ бір отбасылық өміріміз одан ерте 24 ақпанда аяқталған-ды.

АЛАЛАРЫМ РЕСЕЙДЕН АЛЫП КЕТКЕНІМЕ РЕНЖІСЕ, ОҒАН ДА КӨНЕМІН"

Томск қаласының тұрғыны Екатерина баласын Вьетнамға алып кеткен. Күйеуі Ресейде қалған. Қазір ол отбасының ендігі тағдыры қалай боларын білмейді.

– Соғыс басталғанда елден қашып кеткім келді. Шекара жабылмай тұрып балаларымның болашағын құтқаруым керек деп ойладым. Соғыстың соңы қуғын-сүргін мен жаппай кедейлікке әкеліп соғатынын түсіну қиын емес. Қазірдің өзінде халықтың тұрмысы нашарлап, "жалған ақпарат таратты" деген күдікпен қаншама адам түрмеге жабылып жатыр. Балаларым соғысты "соғыс" деп атауға болатын елде өскенін қалаймын. Сөз бостандығы өмір сүру, білім алу сияқты базалық құқықтардың бірі. Күйеуіммен көзқарасымыз бір деп ойлайтынмын. Ол IT саласында істейді, кез келген елден жұмыс таба алады. Сондықтан шетелге көшуге қарсы болады деп ойлаған жоқпын. Бірақ ол "Ресейде қаламыз, қиын сәтте елімізді тастап кетпейміз" деп кесіп айтты. Күйеуім соғысты қолдамайды, бірақ "бұған Путин ғана кінәлі емес, бұл Батыстың провокациясы, енді бәріміз бірігіп Ресейді құтқаруымыз керек" деп есептейді.

Елде қалу Украина халқын өлтіруді қолдаумен тең екенін түсіндіруге тырыстым. Ол "соғыста жалған ақпарат көп болады, украиндарды кім өлтіріп жатқанын өз көзіммен көрмейінше, ешкімге сенбеймін" деді.

Тартысқаннан пайда жоғын түсіндім де, Вьетнамға билет сатып алып, "екі-үш аптаға жылы жаққа демалысқа барайық" дедім. Қазір Вьетнамда соғысқа байланысты Ресей мен Украина азаматтарына виза мерзімін ұзартуға болады. Ұшақтан түскен бойда, виза мерзімін ұзартуға өтініш бердім. Күйеуім не керегі бар деп түсінбеді, "рейс болмай қалса, визаға байланысты мәселе туып жүрмесін" дей салдым. Шынымды айтқан жоқпын, біраз уақыт ойланғым келді.

Сәуірдің аяғында күйеуіме "Ресейге оралмаймыз" дедім. Ол таңғалды. Ұзақ таласып, ортақ шешімге келе алмадық. Күйеуім "9 мамырға дейін елге оралмасаң, ажырасуға арыз беремін" деді.

Күнде хабарласып, "билет алдыңдар ма?" деп сұрап жүрді. 9 мамырда хабарласуды қойып, бір апта бойы қоңырауыма жауап бермеді. Кейін тағы да ойлануға уақыт берді. "Мәскеуге билет алмасаң ақшасыз қаласыңдар" деді. Бірақ оған сенген жоқпын, балаларымызды қалай жақсы көретінін, оларды аш қалдырмайтынын білемін ғой.

Балаларымның әкесіз өскенін қаламаймын. Шынымды айтсам, өзім де күйеуімді сағындым. Бірақ балаларды Ресейден алып кету ең дұрыс шешім болғанын білемін. Ата-анам да соғыс басталғаннан кейін Томскідегі пәтерін, көлігін, саяжайын тастап, Қазақстанға көшті. Олар мені үш баламен жалғыз өзі қиналмасын деп, өздеріне шақырып жатыр. Күйеуім райынан қайтпаса, сөйтетін шығармын.

Үнемі күйеуіме соғыс туралы тәуелсіз ақпарат тарататын арналардың жаңалықтарын жіберіп отырамын. Ол ештеңе естігісі келмейді.

Ресейде қалу биліктің әрекетін қолдаумен тең деп ойлаймын. Қазір наразылық білдірудің жалғыз жолы елден кету болып отыр. "Соғысқа жол жоқ!" деген плакат алып, алаңға шыға алмаймын. Бірден тұтқындап алып кетеді. Түрмеде жатсам, балаларыма кім қарайды? Сондықтан соғысқа қарсылық білдірудің елден кетуден басқа амалын таба алмадым.

Кейде балаларым өскенде мұндай шешім қабылдағаныма ренжіп, "Отанымыздан, әкемізден айырдың" деп айыптайтын шығар деп ойлаймын. Олар мені осы шешімім үшін жек көрсе, солай-ақ болсын. Есесіне, олар ойын ашық айта алатын жерде, еркіндікте өсетін болады. Қазір ата-анамның жанына көшіп, Қазақстанда программист мамандығы бойынша білім алуды ойлап жүрмін. Ресейге оралмау үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын.

ПІКІРЛЕР

XS
SM
MD
LG