"Атаусыз қалды". Қаңтар құрбандарына қойылған ескерткіште ешбірінің есімі жоқ

Алматыда Қаңтар оқиғасы құрбандарына арналған "Тағзым" мемориалы ашылды. 23 желтоқсан 2022 жыл.

23 желтоқсанда Алматыда Қаңтар оқиғасы құрбандарына арналған "Тағзым" мемориалы ашылды. Ол кемінде 238 адамның (ресми дерек бойынша) ажалына себеп болған Қаңтар оқиғасына санаулы күн қалғанда ашылып отыр. Қаңтарда туысынан айырылғандардың кейбірі ежелгі дәуірден совет заманына дейінгі кезеңде өмір сүрген танымал тұлғалардың сөзі жазылған жаңа ескерткіште Қаңтар құрбандарының аты-жөні аталмай қалғанына наразы.

Мемориал ашу рәсімінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев шараға жиналған шенеуніктер мен күштік құрылым өкілдері және бюжеттен қаржыландырылатын басқа да мекемелер қызметкерлері алдында сөз сөйледі. Тоқаев Қазақстанды дүр сілкіндірген Қаңтар оқиғасы кезінде ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдегеніне тура 350 күн толғанда Алматыдағы жаңа ескерткіш ашуға қатысты. Алматыда Қаңтарда мерт болғандардың көпшілігінің туыстары бұл шараға қатыса алмағанына қапалы. Олардың кейбірі бүгінгі шара жайлы бейхабар болғанын айтып, жаңадан ашылған ескерткішке президент пен өзге шенеуніктер кеткен соң бір-ақ келді.

Қаңтар оқиғасы құрбандарына арналған "Тағзым" мемориалы. Алматы, 23 желтоқсан 2022 жыл

Алматыда Қаңтар құрбандарына арналған "Тағзым" мемориалын ашу рәсімі өтеді және оған президент Тоқаев қатысады деген хабарды Азаттық тілшілері жұма күні шара өтерден бірер сағат бұрын әлеуметтік желіден білді.

Жаңа ескерткіш кешені Республика алаңынан жоғарырақ, Қаңтар оқиғасы кезінде қатты бүлінген Алматы қаласы әкімдігі ғимаратының экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев атындағы даңғылға қарайтын бүйірінде орналасқан. Мемориал аумағы Сәтбаев көшесінен басталып, бұрын президенттің Алматыдағы резиденциясы (Қаңтардан кейін сүріліп тасталған) тұрған жерге жетпей аяқталады. Қаңтарда осы маңда мыңдаған адам қатысқан бейбіт шеру өткен, кейін дүрбелеңге ұласып, ақыр соңында оқ атылып, көп адамның қаны төгілген еді.

Your browser doesn’t support HTML5

"Алтын ескерткіш қойса да, өлгендер қайтып келмейді". Қаңтар мемориалында құрбандар тізімі жоқ

Жұма күні таңертең Республика алаңында полиция мен қауіпсіздік қызмет өкілдері көп жүрді. Олар сол жерге мемориал ашу рәсімінен хабар жасауға барған Азаттық тілшілерін жаңа ескерткіш жаққа өткізбегендіктен шараны алыстан бақылауға тура келді.

Сағат тоғыздан кете алаңға қала ішінде жолаушы таситын, ішінде адам толы бес-алты үлкен автобус келді. Көліктен түскендердің арасында қала әкімдігі қызметкерлеріне қоса дәрігерлер, күш құрылымдары қызметкерлері, өзге де бюджет мекемесінде жұмыс істейтін адамдар бар екен.

Your browser doesn’t support HTML5

"Халықпен талқылауға қорықты". Мүсінші Тоқаев ашқан ескерткіш жайлы не дейді?

Сағат онға бес минут қалғанда Қазақстан президенті де келіп жетті. Тоқаевтың кортежі Назарбаев даңғылымен көтеріліп, Сәтбаев көшесіне бұрылып, алаң шетіне тоқтады. Президент кортежі келген сәтте полиция "Түсірмеңдер!" деп бұйырып, Азаттық журналистерін Сәтбаев көшесінің екінші бетіне ығыстырды. Мемориал ашу рәсімі өтетін жерге мемлекеттік БАҚ өкілдерін ғана кіргізді.

Тоқаев жаңа ескерткішке гүл қойып, мемлекеттік әнұран ойналғаннан кейін, қазақ және орыс тілдерінде сөз сөйледі. Алыста тұрған Азаттық тілшілеріне оның сөзі жөнді естілмеді. Кейінірек Ақорда сайты президенттің Алматыдағы ескерткіш ашу рәсімінде сөйлеген сөзін жариялады. Тоқаев Қаңтар оқиғасы кезінде "халқымызға зор қауіп төніп, мемлекеттігіміздің тұғыры шайқала жаздады" деген.

"Ел ішіне іріткі салғысы келген топтарға тосқауыл қойып, жымысқы әрекеттің жолын кестік. Бірқатар қалада өткен бейбіт шерулер жаппай тәртіпсіздікке ұласты. Әсіресе, тәуелсіздігіміздің алтын бесігі – Алматы қаласы қатты зардап шекті. Қарақшылар қаланы қиратты. Күштік құрылымдарға шабуыл жасап, қару-жарақ қоймаларын тонады. Соның кесірінен жазықсыз адамдар опат болды. Қираған дүниені қалпына келтіруге болады. Бірақ үзілген өмір қайта жалғанбайды" деген ол.

"Президент сонымен қатар бұзақыларды, радикалдар мен лаңкестерді батыр етіп көрсетудің қажеті жоқ екенін атап өтті" деп хабарлады Ақорда сайты.

Әлеуметтік желіде жарияланған видеоларда Алматыдағы шараға қатысқандар арасында мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин, мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Аида Балаева, заңгер Абзал Құспан, ғалым Асқар Жұмаділдаев, композитор Алтынбек Қоразбаев, ақын Ұлықбек Есдәулет, ҚазҰУ ректоры Жансейт Түймебаев және басқалар көрінеді.

"Тағзым" мемориалы бес ақ және сегіз қара түсті мәрмәр мен граниттен жасалған. Көбі тіктөртбұрыш пішінді тастарға қазақтың белгілі би-шешендері, ақын-жыраулары мен жазушылары және қоғам қайраткерлерінің нақыл сөзі жазылған.

Президенттің бүгінгі шараға келуінен кетуі тез болды, бас аяғы жиырма минутқа жетпей, Тоқаев кортежі келген жолымен қайтып кетті. Шараға қатысқан өзге адамдар да жарты сағат шамасында тарап, мемориал маңы бос қалды.

Тек осыдан кейін Азаттық тілшілері жаңадан ашылған ескерткішті жақынырақ көруге мүмкіндік алды. "Тағзым" мемориалы барлығы он үш – бес ақ және сегіз қара түсті мәрмәр мен гранит тастан жасалыпты. Көбі тіктөртбұрыш пішінді тастарға ежелгі түрік қағанаты билеушісі Күлтегінен бастап, орта ғасырдағы қазақтың би-шешен, жыраулары, сонымен бірге өткен ғасырдың басындағы, совет дәуіріндегі ақын-жазушы, қоғам қайраткерлерінің өздері өмір сүрген заман мен қоғам жайлы айтқан нақыл сөзі басылған.

"Ұлтты ұйыстыратын осы сөздер әрқайсымызға ой салады. Бұл мемориалды қаңтарда қаза болған азаматтардың рухына тағзым ретінде тұрғыздық. Сондай-ақ оны кейінгі ұрпаққа тағылым болсын деп орнаттық" деген Тоқаев ескерткіш ашу рәсімінде.

Ақорда сайты әртүрлі түстен тұратын "Тағзым" мемориалына мынадай сипаттама берген: "Ақшыл сұр бөлігі еңсеруді, қара түс Қаңтар оқиғасы кезіндегі дүрбелең мен үрейді бейнелейді, ал сұр бөлігі – құрбан болғандар мен төгілген қанның, адам шығынының символы, ақ түс тұрақтылық пен дамуға ұмтылуды, қоғамның әл-ауқатын, ұлттың өзін-өзі тануын, күш пен әділетті мемлекетке деген сенімді білдіреді".

– Бұл мемориал қала әкімдігі іргесіндегі саябақтың құрамдас бөлігі. Архаикалық идея бойынша, ескерткіштер тәуелсіз мемлекеттің отыз жылдық кезеңін бейнелеген. Мұнда келген адам еңсені басатын қара түстен тезірек кетіп, ақ түсті тастар тұрған жерге баруға тырысады. Қара түс Қаңтарды бейнелейді, – деп түсіндірді "Тағзым" мемориалы авторларының бірі, архитектор Алексей Ивженко Азаттыққа. Оның айтуынша, мемориал төрт айға жуық уақытта тұрғызылған. Бірақ жобаның бағасы қанша деген сұраққа жауап бере алмады. "Әкімдік жариялаған конкурсқа қатыстық, кейін қалалық мәдениет басқармасымен бірге жұмыс істедік" деді Ивженко.

"Тағзым" мемориалы бес ақ және сегіз қара түсті мәрмәр мен граниттен жасалған. Көбі тіктөртбұрыш пішінді тастарға қазақтың белгілі би-шешендері, ақын-жыраулары мен жазушылары және қоғам қайраткерлерінің нақыл сөзі жазылған.

Қазақстан билігінің ресми дерегіне сай, Қаңтар оқиғасы салдарынан 238 адам қаза болған. Жаңа ескерткіштен сол боздақтардың аты-жөнін жазып қояр орын табылмағаны ма деп қапа болады марқұмдардың туыстары. Жұма күні Қаңтар құрбандарына ескерткіш ашылғаны туралы хабарды кездейсоқ естіп, әкімдік маңына шара біткеннен кейін бір жарым-екі сағаттан соң келген бірнешеуі Азаттыққа пікір білдірді.

Гүлнұр Қарақасова, марқұм Бақыткелді Байқадамовтың анасы:

– 238 адамнің аты-жөнін жазып қоюға болушы еді. Олардың бәрі Қазақстан азаматтары. Қалай дегенмен де олар – қазақ. Елім, жерім деп шықты... Көп адам жазықсыз атылып кетті, кейбірінің артында ұрпақ та қалмаған. Ең болмаса, осы таста соның есімін жазып қоюға болатын еді ғой?

Әйгерім Ниязбаева, марқұм Қайрат Ниязбаевтың жесірі:

– Бұл жерде бейбіт халықтың қаны төгілді, жұбайымнан, үш баламның әкесінен айырылып қалдым. Осы ескерткіш ашу рәсіміне менің де қатысқым келген. Біз, аналары, жарлары соған лайық емеспіз бе? Тоқаев айтыпты ғой, "қирап-бүлінген нәрсенің бәрін орнына келтіруге болады, тек адам жанынан басқасын" деп. Менің де Қайратымның жанын орнына келтіре алмайды.

Сая Есенгелді, марқұм Еркебұлан Сыдықбаевтың жесірі:

– Бізге [ескерткіш ашылады деген] бір ауыз сөз айтылған жоқ, адам құрлы көрген жоқ бізді. Қаншама адамның қаны төгілген қырғын туралы ештеңе жоқ еске алатындай. Ала жаздай осы үшін күресіп келдік. Қаңтар құрбандарына арналсын деп. Атын жазбаймыз деді. Жай қоя салған ескерткіш сияқты. Мысалы, балалары қалды артында, соларға көрсететіндей етіп жасасын дегенбіз. Ондай ештеңе жоқ.

"Тағзым". Қаңтарда оқ атуды бұйырған Тоқаев құрбан болғандарға ескерткіш ашу рәсіміне қатысты

Қаңтардың басында Маңғыстау облысындағы Жаңаөзен қаласында сұйылтылған газдың қымбаттауы түрткі болған наразылықты Қазақстанның басқа өңірлерінде жұрт қолдап, елдің түпкір-түпкірінде халық көшеге шыққан. Олар елдегі әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге қауқарсыз билікті сынап, қымбатшылық пен қоғамда тамырын тереңге жайған жемқорлыққа наразылық білдірген. Бұған қоса саяси талаптар көтеріп, Қазақстанға саяси өзгерістер қажетін айтып, биліктің отставкаға кетуін, әділ сайлау өткізуді талап еткен. Кейін бірқатар қалада бейбіт митингінің аяғы тәртіпсіздікке ұласып, мемлекеттік және жеке меншік дүние-мүлікке зиян келді. Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде төтенше жағдай жариялап, ескертусіз оқ атуға бұйрық бергенін мәлімдеді. Ресми дерек бойынша, Қаңтар оқиғасы салдарынан елде 238 адам қаза тапқан. Оның 19-ы – құқық қорғау органдары өкілдері мен әскери қызметкерлер.

Қаңтар құрбандарының туыстары, оған қоса оқиға кезінде және кейін тергеуде жапа шегіп, азапталғанын мәлімдеген жүздеген адам биліктен оқиғаның жай-жапсарын тыңғылықты тексеріп, себепсіз оқ атқандар мен азаматтарды азаптағандарды анықтап, жауапқа тартуды талап еткен.

Қаңтар оқиғасының жай-жапсарын шетелдік сарапшылардың қатысуымен тексеру жайлы халықаралық ұйымдардың ұсынысын кері қаққан Ақорда "әрбір адамның өлімі мұқият тергеліп, ашылады, адам азаптағандар жазаға тартылады" деп уәде еткен. Алайда Қаңтарда туыстарынан айырылғандар, азапталғандар мен құқық қорғаушылар билік ол сөзін орындамай отыр деп сынайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қанды қаңтар құрбандары"Атып тастап, жала жапты". Қаңтар құрбаны Бауыржан Сейдомаровтың туыстары марқұмды ақтауды талап етедіҚаңтар қырғынында Шымкентте оққа ұшқан тағы жеті адам анықталды. Оқ атқандар ісін тергеу тоқтаған"Қаңтар оқиғасы": Қаза болғандар тізімі. Азаттық арнайы жобаны таныстырды"Бұл жерден тірі шықпайсың". Қаңтарда аяусыз азапталғандар мен мандымаған тергеу