Швецияда өтетін ірі әскери жаттығуға 14 елден 26 мың жауынгер қатысады

17 сәуір мен 11 мамыр аралығында Швеция кейінгі 25 жылда алғаш рет аса ірі әскери жаттығу өткізеді. Оған 14 елден 26 мың жауынгер қатысады. Көпшілігі – АҚШ, Ұлыбритания, Финляндия, Польша, Норвегия, Латвия, Литва, Дания, Австрия, Германия, Франция секілді НАТО мүшелері. Арасында Украина да бар. Бұл ақпаратты Халықаралық француз радиосы хабарлады.

Швеция НАТО-ға мүшелікке алу жөнінде 2022 жылы мамырда Финляндиямен бірге өтініш берген. Ресейдің Украинаға басып кіргені Швецияның екі ғасырға созылған бейтараптығына нүкте қойған.

4 сәуірде Финляндия ресми түрде НАТО-ның 31-мүшесі болды. Швеция кандидатурасына әлі күнге дейін Түркия ямен Венгрия кедергі келтіріп отыр.

Түркия билігі Швециядан күрд сепаратистерін экстрадициялауды талап етті. Режеп Тайып Ердоған олар 2016 жылы мемлекеттік төңкеріс жасауға талпынғандардың арасында болды деп біледі.

Халықаралық француз радиосы Швеция 1990-жылдары НАТО-ның "Бейбітшілік жолындағы серіктестік" бағдарламасына қосылғанын айтады. Бірақ толық мүше болмай, НАТО жарғысының 5-бабына арқа сүйей алмайды. Бұл бапта НАТО өзіне мүше елдерді ғана сыртқы агрессиядан ұжым болып қорғайтыны көрсетілген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Ердоған: Финляндия мен НАТО-ға қатысты Түркияның шешімі Швецияны таңғалдыруы мүмкін