Ақпарат министрі: Думан Мұхаммедкәрімнің үстінен журналистік қызметі емес, саяси көзқарасы үшін іс қозғалды

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Думан Мұхаммедкәрімнің үстінен журналистік қызметі үшін емес, саяси көзқарасы үшін іс қозғалды. 7 маусымда Астанада Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі осылай деп мәлімдеді.

– Оның үстінен өзінің журналистік қызметі үшін емес, саяси көзқарасы үшін қазір іс қозғалып отыр. Бұл жерде оның журналистік қызметіне кереғар [нәрсе], шектеу қойылып жатқан жоқ. Ол саналы түрде саяси көзқарасы үшін осындай қадамға барып отыр, – деді министр.

"[Журналистің] саяси көзқарасына келіспейсіз бе?" деген сұраққа министр "әркімнің ұстанымы бар" деді. "Егер ол журналистік қызметіне байланысты қамалса, араша түсер едік" деді министр.

Your browser doesn’t support HTML5

"Іс саяси көзқарасы үшін қозғалды". Ақпарат министрінің журналист Думан Мұхаммедкәрім туралы пікірі

Билікті қатаң сынап жүрген журналист Думан Мұхаммедкәрім 28 мамырда “бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды” деген айыппен 25 тәулікке қамалған. Журналист изоляторда сот шешіміне қарсылық білдіріп, өзге де талаптар айтып, аштық жариялаған.

Бұған дейін оның жақтастары 28 мамырда журналистің заңсыз ұсталуына байланысты құқық қорғау органдарынан тексеріс жүргізуді талап еткен. Полиция өкілдері бір күн бұрын тексеріс жалғасып жатқанын хабарлаған.

Өткен аптада журналистің әкесі Алмаз Тілепов ұлын босатуды талап етіп, аштық жариялаған. Бір күн бұрын ол жергілікті прокуратура алдына барып, акциясын жалғастырған. Алайда, өзінің айтуынша, 6 маусымда кешке қарай қан қысымы көтеріліп, оқиға орнына жедел жәрдем шақыртқан. Ауруханаға жеткізілген Алмаз Тілеповке дәрігерлер аштықты жалғастыруға тыйым салған. "Осылайша аштықты тоқтаттым" деді журналистің әкесі 7 маусымда таңертең Азаттыққа.

"Не дейді?" YouTube-арнасының авторы Думан Мұхаммедкәрім 1 мамыр күнгі оппозиция митингісі қарсаңында қамалып, изолятордан 26 мамырда ғана босап шыққан еді. Екі күннен соң қайта қамауға алынды. Наурыздағы парламент сайлауынан бері ол осымен үшінші рет қамалып отыр.

Қазақстанда құқық қорғаушылар билікті "бейбіт жиын өткізіп, пікірін ашық айтқысы келгендерді, билікке наразыларды қудалайды" деп жиі сынайды. Ресми Астана елде саяси қудалау барын жоққа шығарады.