Соғыс және санкция: Қазақстан фирмалары Ресей шабуылына қалай көмектесіп жатыр?

Қазақстан мен Қырғызстанда тіркелген компаниялар Кремльдің әскери өндірісіне қатысы бар кәсіпорындарға санкцияға ілінген, екі мақсатта қолданылатын технологиялар экспорттап жатыр. Азаттықтың жаңа зерттеуі осыған айғақ келтіреді.

2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін АҚШ пен Еуропа мемлекеттері Ресейге азаматтық және әскери мақсатта қолданылуы мүмкін технологиялар экспортын бақылауды күшейтті.

Бірақ Ресей санкцияға ілінбеген үшінші мемлекеттерді, оның ішінде Қазақстан мен Қырғызстанды пайдаланып, Батыс технологияларына қол жеткізіп отырды. Қос мемлекет те Ресей құрған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше.

Соғыс басталғалы Қазақстан мен Қырғызстаннан АҚШ-тың Texas Instruments, Analog Devices сияқты алпауыт компаниялары өндірген, екі мақсатта пайдаланылатын тауарлар импорты артқан. Украинада қолданылған ресейлік қару-жарақтан осы тауарлардың бөлшектері табылған.

Бұл мәселе Орталық Азияның қос мемлекетіне қарсы жанама санкция салынуы мүмкін деген қауіп туғызды. АҚШ пен Еуроодақтағы санкция ережелерінің сақталуына жауапты өкілетті тұлғалар кейінгі айларда Қазақстан мен Қырғызстанға сапарында осы мәселені көтерді.

Азаттық жаңа зерттеуінде Қазақстан мен Қырғызстаннан екі мақсатта пайдаланылатын экспорттық технологиялар алып отырған ресейлік фирмалардың бұрын Ресейдің қорғаныс өнеркәсібіне, Батыс елдері мен Украинаның санкциясынан зардап шеккен мемлекеттік ұйымдарға электроника сатумен айналысып келгенін анықтады.

Азаттықтың Қазақ және Қырғыз қызметтері Украин қызметінің “Схемы” зерттеу тобымен бірлесе отырып екі мақсатта пайдаланылатын тауар саудасына қатысты компаниялардың кеден, сауда және корпоративтік жазбаларын қарап, Украина барлау қызметінің ресейлік қару-жарақтардан табылған, Батыста өндірілген электроника туралы деректерін талдап шықты.

Журналистер жазған ресейлік импорттаушы компаниялардың бірі Ресей президенті Владимир Путин Украинаға басып кіргеннен кейін екі айдан соң Ижевск әскери-өндірістік қаласында тіркелген. Азаттық бұл фирма Ресейге қару-жарақ жеткізіп отырғанын растайтын дерек таба алмады. Компанияның директоры – бұрын Ижевскідегі зауытта істеген каратеден жаттықтырушы. АҚШ үкіметінің дерегінше, ол Ресей әскеріне тауар мен технология дайындаумен айналысады.

Кеден құжаттарына сәйкес, ресейлік фирманың басты сауда серіктесі – Ресей Украинаға қарсы соғыс бастағаннан кейін бір айдан соң құрылған қырғызстандық компания. Бұл фирма Ресейге озық үлгідегі электроника жеткізеді.

Белгілі ресейлік компаниялар соғыс басталғалы екі мақсатта пайдаланылатын электроника экспорты үшін қазақстандық компаниялар көмегіне жүгінген.

Your browser doesn’t support HTML5

Ресей Қазақстан компанияларын қалай пайдаланып отыр? Азаттық зерттеуі

Электроникамен айналысатын ресейлік ITC компаниясы қорғаныс саласындағы АҚШ санкциясына ілінген бірнеше ресейлік кәсіпорынға технология жеткізіп келген. Өткен айда ITC компаниясының өзі Украинаның санкция тізіміне енді. Кеден жазбаларына қарағанда, ITC екі мақсатта пайдаланылатын технологияларды бірнеше жыл бұрын өзі құрған қазақстандық компания арқылы жеткізіп, бұл үшін Латвияның логистикалық фирмасын пайдаланған.

Көп жағдайда қазақстандық және қырғызстандық компаниялардың АҚШ пен Еуропадан алып, Ресейге жіберіп отырған екі мақсатта пайдаланылатын тауарлары ресейлік клиенттерге Орталық Азия арқылы емес, тікелей жеткізіледі. Бұл туралы Азаттыққа әртүрлі дерек көздері хабарлады.

“Ақша мен келісімшарт Бішкек арқылы жүреді” деді өзін Андрей деп таныстырған кісі. Азаттықтың Қырғыз қызметі АҚШ пен Еуроодақтан тауар импорттау қызметін ұсынатын қырғызстандық компанияның сайтында көрсетілген нөмірге хабарласқанда тұтқаны осы кісі көтерді.

“Тауар тікелей Ресейге барады” деді ол.

Біз қолданған дереккөздер

Азаттық осы зерттеуді дайындау барысында әртүрлі ақпарат көздерінен алынған мыңдаған құжатты зерделеп шықты. Журналистер қараған кеден деректерін импорт-экспорт туралы ImportGenius және Sinoimex коммерциялық деректер агрегаторы, Вашингтондағы ғаламдық қауіпсіздік бойынша C4ADS коммерциялық емес ұйымы жинаған. Зерттеуде аталған компаниялар туралы деректер Қазақстан, Қырғызстан мен басқа да мемлекеттердің ресми коммерциялық реестрінен, SPARK деректер базасынан (әртүрлі компаниялардың қаржы деректері мен иелері туралы ресми ақпарат қоры) алынды. Ресейдегі мемлекеттік сатып алулар туралы деректерді SPARK пен Ресейдегі тендерлер туралы ресми ақпарат жариялайтын Clearspending.ru сайты ұсынды.

Украинадағы ресейлік қару-жарақтан табылған Батыс электроникасы туралы деректер Украина барлау қызметінің Еуроодаққа ұсынған есебінен алынды. Еуроодақ бұл деректерді тексеріп, талдап шықты. Азаттық тілшілері Украина барлау қызметінің есебімен де, Еуроодақтың сараптамасымен де танысты.

Кеден есебіне қарағанда, Қазақстан мен Қырғызстан компаниялары Ресейге микрочип, телекоммуникация құралдары мен басқа да электроника түрлерін жіберген. Украина әскері ресейлік зымыран, танк, тікұшақ, дрондар мен радио жүйесінен осы бөлшектерді тапқан.

Ресейлік компаниялар бұл бөлшектерді алғаннан кейін оны қандай мақсатта қолданатынын дөп басып айту қиын. Өйткені Ресейде әскери жабдықтар сатып алу туралы деректер ашық жарияланбайды.

Бірақ 2022 жылы желтоқсанда қазақстандық “Eltex Alatau” компаниясы бір күнде Ресейге екі мақсатта қолданылатын электрониканың 100 партиясын экспорттаған. Киевтің дерегінше, Ресей әскері бұл бөлшектерді Украинамен соғысқа пайдаланып жатыр.

Кеден құжаттарында бұл тауарларды Ресейдің қай компаниясы сатып алғаны көрсетілмеген. Тауарлар тізімінде Analog Devices чипінің бір түрі бар. Украина әскерилері бұл чипті Ресейдің ұрысқа қатысатын танкісіндегі түнде көруге арналған көздеуіштен тапқан. Қазақстандық экспортердің Ресейдегі филиалы тұрақты клиенттерінің қатарында Ресейдің қорғаныс министрлігі мен Федералдық қауіпсіздік қызметі барын жасырмайды.

Азаттық Қазақстан мен Қырғызстанның президент әкімшілігінен зерттеу деректеріне қатысты пікір білдіруді сұрады. Бірақ зерттеу жарияланғанға дейін редакцияның сұрақтарына жауап келмеді.

Бірақ осы апта Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайермен Астанада өткен екіжақты келіссөзден кейін сөз сөйлген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз үкіметі “халықаралық нарықта қабылданған барлық ережені сақтап отырғанын” айтты.

“Екі мақсаттағы тауарларды Ресейге экспорттау мәселесіне келсек, бұл мүлде шындыққа жанаспайды” деген Тоқаев ненің жалған екеніне нақты тоқталмады.

20 маусымдағы келіссөзден соң Штайнмайер Брюссель мен Астана Ресейдің Батыс санкцияларын бұзу әрекетін болдырмау жайын мұқият бақылауды үйлестіреді деді.

“Біз санкцияны айналып өтуге тосқауыл қоюдың барлық мүмкіндігін жасауымыз керек. Келіссөз кезінде Қазақстан мен ЕО органдары арасында бұл мәселелер бойынша тығыз байланыс бар екенін естідік” деді Штайнмайер.

Штайнмайер Бишкекте жүргенде Еуропа одағына кіретін елдердің үкіметтері Ресейге қарсы 11-санкциялар пакетін мақұлдады. Одаққа төрағалық ететін Швеция өкілі жаңа пакет "санкцияларды айналып өткендерге қарсы шараларды" қамтитынын айтты.

Еурокомиссия президенті Урсула фон дер Ляйен 21 маусымда жаңа санкциялар "экспортқа бұрынғыдан да қатты шектеу қойып, Кремльді қолдаған ұйымдарды нысанаға алып, Путиннің соғыс машинасына үдете соққы береді" деді.

"Санкцияны айналып өтуге қарсы құралдарымыз Ресейдің санкциядағы тауарларға қол жеткізуіне мүмкіндік бермейді" деп жазды ол Twitter-де.

ЭКСПОРТ КӨЛЕМІНІҢ АРТУЫ ЖӘНЕ БАТЫСТЫҢ ҚЫСЫМЫ

2022 жылы ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін АҚШ пен Еуроодақ Ресей экономикасы мен Кремльге қарсы бұрын-соңды болмаған санкция салды. Мәскеуге ресейлік әскерилер жылдар бойы пайдаланып келген батыс электроникасы мен технологияларын сатуға тыйым салынды.

Бірақ Ресей бұл тауарларды Батыс санкцияларына қосылмаған елдер, оның ішінде Қытай арқылы алып отыр. Кеден жазбалары мен сауда деректеріне қарағанда, Қазақстан мен Қырғызстанда екі мақсатта пайдаланылатын технология импорты мен экспорты артқан.

Азаттық Киевтің Еуроодаққа берген құжатын қарап шықты. Онда Украина әскерінің ресейлік қару-жарақтан тапқан жүздеген электроника бірлігі мен басқа да бөлшектер тізімі көрсетілген. Журналистер осы тауарларға арналған кеден коды бойынша сауда деректерін саралап көрді.

Бұл сараптама электроника саласында санкцияларды айналып өту жиі кездесетінін көрсетеді. Қазақстан мен Қырғызстанда Батыста өндірілген, ресейлік қару-жарақтардан табылған электроника түрлерінің импорты артқан. Соғыс басталғалы Ресейге дәл осы тауарлар көбірек экспорттала бастады.

Мысалы, 2022 жылы Қазақстанда Еуропадан компьютер импорты былтырмен салыстырғанда (310 миллион доллар) жеті есе өсіп, 1,2 миллиард долларға жетті. Қазақстаннан Ресейге компьютер экспорты да былтырмен салыстырғанда 2300 есе өсіп, 300 миллион долларды құрады.

БҰҰ-ның сауда деректеріне сәйкес, Қырғызстан 2021 жылы ұшақ, тікұшақ немесе дронға арналған бірде-бір деталь алып-сатпаған. Ал биыл қырғыз фирмалары АҚШ-тан 3,5 миллион долларға бөлшек импорттап, Ресейге 1,5 миллион доллардың тауарын жіберген.

Түгел оқыңыз

Еуроодақтың өкілетті тұлғалары Батыстан экспортталған, екі мақсатта қолданылатын технология Орталық Азияға немесе басқа мемлекеттерге жіберілгенімен, түбінде Ресейдің қолына тиіп жатқанына алаңдайды. Тауар жеткізудің осындай жолы барын Қазақстан мен Қырғызстанда реэкспортпен айналысатын кәсіпкерлердің көбі мойындайды.

28 наурызда Еуроодақ санкцияларының жүзеге асуына жауапты Дэвид О’Салливан “Билікпен Еуропадан Ресей арқылы Орталық Азияға жіберілген тауарлардың шын мәнінде қайда жеткізілгенін тексеруге мүмкіндік беретін жүйе орнату мәселесін талқылап көргіміз келеді” деді.

Еуропа одағының санкциялар бойынша арнайы өкілі Дэвид О'Салливан (ортада) Бішкекте баспасөз мәслихатында сөйлеп отыр. 28 наурыз, 2023

Қазақстан мен Қырғызстан билігі Ресейге технология жеткізу мәселесіне келгенде Мәскеу мен батыс елдерінің ортасында қалып, АҚШ пен Еуроодақ тарапынан жанама санкциялар салынуы мүмкін деп қауіптеніп отыр.

Қазақстан президент әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Тимур Сүлейменов сәуірде Euractiv ақпарат құралына берген сұхбатында Қазақстан "Ресейге салынған санкцияларды айналып өту құралы болмайды" деді.

"Санкцияларды бұзбаймыз. Ресей, Беларусь және басқа да мемлекеттермен бірге Еуразия экономикалық одағына мүше болғанымызбен, біз де халықаралық қауымдастықтың бір бөлігіміз. Сондықтан АҚШ пен Еуроодақ Қазақстанға жанама санкция салғанын қаламаймыз" деді Сүлейменов.

Элизабет Розенберг (ортада), АҚШ мемлекеттік хатшысының терроризмді қаржыландырумен және қаржы қылмыстарымен күрес жөніндегі көмекшісі); Мэтт Акселрод (оң жақта), АҚШ сауда департаментінің экспорттық бақылау саясатын орындау жөніндегі маманы; Дэвид Рид, Ұлыбританияның санкциялар басқармасының басшысы. Астана, 25 сәуір, 2023 жыл.

АҚШ сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Мария Захарова өткен айда Мәскеуде өткен брифингте "Ресей Орталық Азия мемлекеттері не батыс, не басқа мемлекеттер біздің елмен байланысқа шектеу қоюдан келген шығынның орнын толтыра алмайтынын түсінетініне сенеді", – деді.

Қырғызстан президенті Садыр Жапаров маусымның басында Шолпан-Ата қаласында өткен Еуроодақ–Орталық Азия саммитінде сөйлеген сөзінде "Еуропадағы әріптестеріміздің санкцияға ілінген кей тауарларға қатысты алаңдаушылығы мен өтінішін түсінеміз. Бұл мәселе бойынша Еуроодақпен диалогты жалғастыруға дайынбыз" деді.

БІШКЕКТЕН РЕСЕЙДІҢ "ҚАРУ-ЖАРАҚ АСТАНАСЫНА"

Путин Украинаға басып кіргеннен кейін екі айдан соң, Интернетте Ресейдің "Басурманин" деген атпен белгілі БМП-1АМ әскери көлігінің оккупациядағы Купянск көшелерінде тұрған суреті жарияланды. Бірнеше күннен кейін ресейлік әскери пропагандист “Басурманин” көліктерінің Украинаның шығысындағы ауылда кетіп бара жатқан суретін салды.

"Басурманин" көлігінде майдандағы қауіпсіз байланысты қамтамасыз ететін Aqueduct деген тактикалық радиостанция бар. Aqueduct Ресейде жасалғанымен, АҚШ пен Еуроодақтағы Texas Instruments, Atmel және Xilinx сияқты технологиялық компаниялардың электроникасымен жабдықталған.

Украина барлау қызметінің дерегінше, Украина Aqueduct тактикалық радиоблогынан Массачусетстегі жартылай өткізгіш өндіретін Analog Devices компаниясынан шыққан операциялық күшейткішті тапқан.

Украинаның шығысында "Басурманин" көлігі байқалғаннан бір ай өткен соң беріде тіркелген қырғыз компаниясы Ресей әскеріне байланыс құралдарын өндіретін кәсіпорынмен байланысты ресейлік компанияға дәл осы AD822 сериясындағы Analog Devices күшейткіштерін экспорттаған.

Түгел оқыңыз

Бұл партиядағы күшейткіштер Ресейдің қару-жарақ өндірісінде пайдаланылды ма, жоқ па, белгісіз. Бірақ 2022 жылы наурызда құрылған сәттен бастап экспортпен айналысатын қырғыз компаниясы RM Design and Development Ресейге Батыс санкциялар тізіміндегі екі мақсатта пайдаланылатын тауарлардың жүздеген партиясын жіберген.

2022 жылы мамырда Украинамен соғыс басталғаннан кейін Калашников автоматы шыққан “Ресейдің қару-жарақ астанасы” деген атпен белгілі Ижевск қаласында құрылған "Микроприбор" компаниясы қырғызстандық RM Design and Development компаниясынан Analog Devices күшейткіштерін сатып алған.

Азаттық тілшілері танысқан ImportGenius жазбаларына қарағанда, былтыр RM Design and Development "Микроприбор" компаниясына ресейлік қару-жарақ өндірісінде қолданылғаны үшін АҚШ-та “жоғары басымдыққа ие” тауарлар тізіміне енген технологиялардың 300 партиясын жеткізген.

Ресейлік электроқұрал импорттаушы компания "Электроприбордың" директоры деп көрсетілген Мария Федорованың Instagram-посттары.

"Микроприбордың" қағаз жүзіндегі акционері – жергілікті есепші Лилия Исмагилова, директоры – каратеден жаттықтырушы Мария Федорова. Ресейдің корпоративті реестрінен алынған деректерге сәйкес, олардың бір де бірі бұрын басқа компанияда акционер не директор болмаған.

Ресей үкіметінің мұрағатынан әшкере болған деректер Федорованың Ресей қарулы күштерін әскери жабдықтармен қамтамасыз ететін Ижевск радиозауытында істегенін көрсетеді. Украина бұл зауытқа санкция салған. Бұл ақпаратты Федорованың Instagram парақшасы да растайды.

RM Design and Development-тің жалғыз құрылтайшысы әрі акционері – қырғыз кәсіпкері Шакир Маров. Ол бұрын жергілікті пейнтбол клубының директоры болып істеген. Маров Бішкектен шыққан кәсіпкер, ресейлік “Riberg” компаниясын басқаратын Антон Рипп отбасының серіктесі болуы мүмкін. Рипптің компаниясы былтыр "RM Design and Development" компаниясынан электроника сатып алған.

Қоңырауға жауап берген Маров Азаттық тілшісіне әріптесі Иван Плутицкийге хабарласуды ұсынды. Ол RM Design and Development компаниясының Ресейге экспортын талқылаудан бас тартып, “бұл шағын әрі танымал емес фирма” деп қысқа қайырды. Көп ұзамай компанияның сайты істемей қалды. Не Маров, не Плутицкий редакцияның хатына жауап бермеді.

Рипп Азаттыққа ресейлік Riberg компаниясын сатып жібердім деді, бірақ RM Design and Development туралы сұрақтарға жауап бермеді.

Қырғызстандық RM Design and Development, компаниясы вебсайтының скриншоты.

РЕСЕЙ АЗАМАТТАРЫ ҚҰРҒАН ҚАЗАҚСТАН КОМПАНИЯЛАРЫ

Былтыр көктемде Ресей әскері Мариупольді қоршауға алғанда Т-72Б3М ұрыс танкісін іске қосты. Бұл – ресейлік Т-72 танкісінің жаңарған түрі. 2022 жылдың желтоқсанында оны өндіруші кәсіпорын танкілердің тағы бір легін құрастырып, Ресей қарулы күштеріне жеткізгенін мәлімдеді.

Т-72Б3М танкісінің бір ерекшелігі – "Сосна-У" деп аталатын көздеуіші. Ол Батыстың электрондық бөлшектерінен жасалған. Украина даласында жайрап жатқан мұндай танкілерден алынған электрондық бөлшектің көбі Батыс елдерінде өндірілгені осыған дейін анықталған.

Бұл танкіден табылған бөлшектердің бірі – Analog Devices компаниясы өндірген екі арналы радио трансивер. Ол – радиосигнал қабылдау және тарату үшін қолданылатын бөлшек.

Ресейлік кәсіпорын жаңа танкілерді әскерге тапсырған желтоқсан айында Алматыда орналасқан электроника компаниясы Ресейге 100-ден астам тауар тасымалын жасаған. Оның бәрі Украина барлау қызметінің есебінде көрсетілген екі мақсатта қолданылатын тауарлар сипаттамасымен сәйкеседі.

Вашингтонда орналасқан C4ADS зерттеу тобы жинақтап, Азаттық радиосына берген кеден деректері бойынша, желтоқсанда Қазақстан арқылы Ресейге барған тауар ішінде де T-72Б3М танкісінен табылған, Analog Devices компаниясы шығарған радио трансиверлер болған.

Тауарды қазақстандық EltexAlatau компаниясы жіберген. Дәл осы компания экспорттаған электрондық жабдықтар Ресейдің әскери техникасына қолданылды ма, жоқ па, тап басып айту қиын. Кеден құжаттары тауарларды Ресейде кім қабылдап алғанын көрсетпеді. Бірақ қазақстандық EltexAlatau Ресейдегі телекоммуникация құрал-жабдықтарын шығаратын Eltex компаниясының ресми серіктесі. Әрі қос компанияның ортақ акционері бар. Ол ресейлік кәсіпкер – Алексей Черников.

Ресейлік Eltex-тің тағы бір ресми серіктесі "Элтекс-МСК" компаниясы веб-сайтында Ресейдің қорғаныс министрлігі, ФСБ, Федералдық күзет қызметі, Ресейдің бас барлау басқармасын "тұрақты клиенттер" қатарына қосқан. 2011 жылы құрылған қазақстандық EltexAlatau Алматының шетіндегі арнайы экономикалық аумақта орналасқан.

Қазақстандық EltexAlatau-дан екі мақсаттағы тауарлар импорттаған ресейлік "Элтекстің" серіктесі "Элтекс-МСК" компаниясы вебсайтының скриншоты.

Компания екі мақсатта қолданылатын тауарларды Ресейде кім импорттап алды, олар соғысқа, әскери өндіріске қолданылды ма деген сұрақтарға жауап жібермеді.

Ал Ресейге электронды тауар жөнелткен қазақстандық жаңа компаниялар Украинада соғыс басталған соң тіркелген.

Алматының орталығындағы ғимаратта орналасқан "Elem Group" компаниясы соғыс басталған соң 20 күн ішінде құрылған. Жұмыс орны қарапайым, шағын кеңсе көрінгенімен, Statsnet деректер базасының мәліметінше, компанияның былтыр 9 айдың ішіндегі кірісі 6,5 миллиард (14 миллион доллардан асады).

ImportGenius, Sinoimex базаларындағы кеден деректері бойынша, компания биыл қаңтарда Ресейдің Санкт-Петербург қаласында орналасқан “Стрелой Е-Коммерц” деген компанияға кемінде 300 рет жүк тасымалдаған. Оның 273-і АҚШ “өте маңызды” деп сипаттаған екі мақсатта қатар қолданылатын тауар тобына кіреді.

Elem Group компаниясының артында ресейліктер тұр. Оны ресейлік кәсіпкерлер Владислав Жиляев пен Кирилл Туляков құрған. Кирилл Туляков Ресейдегі тауарды импорттаған “Стрелой Е-Коммерц” компаниясы құрылтайшыларының қатарында да бар. Ашық дереккөздер “Стрелой Е-Коммерцтің” Ресейдегі мемлекеттік компаниялармен байланысы барын көрсетті.

Мәселен, Ресейдегі мемлекеттік тендерлерді жинақтайтын Clearpending жобасының дерегінше, "Стрелой Е-Коммерц" бұрын Rusalox фирмасына жарық диодтарын жеткізіп, тапсырыс орындаған. Rusalox – Ресейдің әскери техника көрмесіне қатысқан компания әрі "Роснано" мемлекеттік технологиялық холдингіне қарайды.

Украинаның жемқорлықтың алдын алу агенттігі "Стрелой Е-Коммерц" фирмасы мен оның жетекшілеріне санкция салуға шақырған. Бірақ әзірге Батыс елдері оны санкция тізіміне қоспаған.

Биыл наурызда Elem Group компаниясы Мақсат Есенжанұлы Артықов деген Қазақстан азаматының атына өткен. Бірақ Артықов компания құрылғаннан бастап олармен бірге жұмыс істеп келген және компанияның ресми сайтын тіркеткен адам. Азаттық Артықовқа қоңырау шалғанда, ол Ресейдің Украинадағы соғысына қарсы екенін айтып, компаниясының Ресейге санкцияны айналып өтуге көмектесіп жатқанын жоққа шығарды.

– Біздің тауар барлық жерде қолданылады. Тіпті сіздің жарықшамыңызда, көше қиылыстарындағы бағдаршамда да біз әкелетін тауарлар бар, – деген Артықов Батыс санкцияларынан қорқатынын айтты.

"Стрелой Е-Коммерц" Азаттық сауалына жауап бермеді.

Украинада соғыс басталғаннан екі апта өтпей Астанада тіркеліп, әскери және азаматтық бағытта қолданылатын бөлшектерді және микрочиптерді Ресейге жіберген тағы бір қазақстандық компания бар. Ол “Астарис” деп аталады.

Кеден декларациясына сәйкес, "Астарис" соғыс даласында Ресейдің қару-жарақ жүйесінен табылған компоненттер ішінде АҚШ билігі "аса маңызды" деп астын сызған 9 тауар түрінің жетеуін Ресейге экспорттаған.

Компанияның иесі – Александр Сергеевич Скоробогатый деген Беларусь азаматы. Ашық деректерге сай, ол Смоленск қаласындағы логистика компаниясы құрылтайшыларының бірі.

Батыс технология компанияларының жауабы

Қазақстан мен Қырғызстан арқылы Ресейге жөнелтілген, Ресей әскери қаруының құрамынан табылған бөлшектерді өндіруші АҚШ компанияларына Азаттық сауал жолдады.

Texas Instruments өз жауабында Ресей мен Беларуське тауар сатуды 2022 жылғы ақпанның аяғында тоқтатқанын айтты. Даллас қаласында тіркелген бұл алпауыт компания “өзіміз жұмыс істейтін елдерде заң мен регламенттерді ұстанамыз”, “өнімдеріміздің көзделмеген мақсатта пайдаланылғанын қолдамаймыз” деді.

Шалаөткізгіш шығаратын калифорниялық компания Atmel “технологиямызды сатуға тыйым салынған Иран мен Беларусь секілді елдерге және Украинаның санкцияланған өңірлеріне өнімдерімізді сатпаймыз” деп жауап қатты.

Шалаөткізгіш шығаратын өзге америкалық компаниялар Vishay Intertechnology, Xilinx және Analog Devices, озық акустикалық технология шығаратын иллинойстық Knowles Electronics зерттеу шыққанға дейін жауап бере қоймады.

Xilinx-ке иелік ететін калифорниялық Advanced Micro Devices (AMD) Reuters агенттігіне экспорт ережесін “қатаң ұстанатынын”, Ресейге тауар сатуды және ол елдердегі технологиясына қызмет көрсетуді доғарғанын айтқан. Reuters агенттігі жариялаған AMD мәлімдемесіне қарағанда, компания өз клиенттері мен ресми дистрибьютерлерінен де Ресейге AMD өнімдерін сатуды тоқтатуды талап еткен.

Азаттық Скоробогатыйға телефон шалып, сұрақ қоя бастағанда тұтқаны қоя салды. Артынша WhatsApp арқылы хат жазысқанда Ресейге "ешқандай зат тасымалдамадым, ештеңе әкелген де жоқпын" деп жауап берді. Одан кейінгі сұрақтарды оқып, оған жауап бермеді.

"Астарис" бұл тауарларды Ресейдің батысындағы Смоленск қаласында тіркелген "Новая Электронная компания" деген фирмаға жөнелткен. Азаттық фирмаға сауал жолдап, аталған технология Ресей әскерінің мұқтажына жарады ма деп сұрады, жауап болмады.

Александр Скоробогатый Смоленскіде тіркелген өзге бір логистика компаниясының ортақ иесі екені анық.

Азаттық тілшілері "Новая Электронная компания" мен Ресей әскери индустриясы арасында байланыс бар-жоғын анықтай алмады.

Бірақ Ресейге екі мақсатта қолданылатын технология жіберушілер ішінде Азаттық анықтаған төртінші қазақстандық компанияның Батыс санкцияларын оңай айналып өтетінін айтып мақтанатын ресейлік электроника фирмасына қатысы бар.

БАЛТЫҚ ДӘЛІЗІ

Қазақстандық "Компания электрониксты" электроника және технология жабдықтарын жеткізетін ресейлік ITC 2015 жылы маусымда Алматыда құрған. Фирманың директор, акционерлері ресейлік компаниямен тығыз байланыста болған.

1992 жылы құрылған ІТС-дің өзі туралы презентациясында Ресей Украинаға соғыс ашқалы бері жиырма шақты Батыс елінен технология импорттап келе жатқанын айтып мақтанады. Презентацияда соғыс туралы ештеңе айтылмайды, бірақ бұл импорттың барлығы, Путин Украинаға әскери шабуылды бастауға бұйрық берген 2022 жылғы 24 ақпаннан бері болғанын ескертеді. Кремль мұны әлі күнге "арнайы әскери операция" деп атап келеді.

Компания сайтындағы презентацияда ITC клиенттерінің арасында санкция тізіміндегі ресейлік “Электроприбор” және“Аврора” деген екі мемлекеттік компания бар. Ресми Вашингтон екі компанияны Ресейдің соғыс кемелері үшін навигация жүйесін және басқа да технологияны өндіретінін мәлімдеген. Ал мемлекеттік сатып алу порталының дерегінше, ITC Ресейдегі ядролық қару жасаумен айналысатын Духов институтының тапсырыстарын да орындайды. Тағы бір жайт: Украина билігі ITC-ді бір ай бұрын санкция тізіміне қосқан.

Азаттық шолып шыққан кеден деректеріне қарағанда, ІТС-мен байланысы бар "Компания Элекроникс" Кремль Украинаға соғыс ашқанған дейін Ресейге бірде-бір тауар жібермеген.

Бірақ 2022 жылғы тамызда ІТС-мен байланысы бар, Ригада орналасқан латвиялық тасымал компаниясы электроника және басқа да тауарлардың 250-ден астам тасымалын жасаған, оның барлығын қабылдаушы – ІТС. Бұл экспорт бойынша ІТС-дың Қазақстандағы филиалының "өтініші бойынша" тауар жіберуші – Ригадағы OTK Group болған.

Олардың 71 партиясында экспортын Еуроодақ бақылайтын тауарлар, соның ішінде микрочиптер мен телекоммуникация құралдары болған. Бұларды Ресей әскері қолдануы мүмкін болғандықтан, АҚШ-тың "ең жоғары маңызға ие" санкцияланған тауарлар тізіміне кіреді.

ITC-дің вебсайтындағы презентация.

Кеден құжаттарына қарасақ, екі мақсатта пайдаланылатын бұл электроника Қазақстан шекарасынан мүлде өтпей, бірден ІТС-дің меншігіне айналған. ІТС былтыр желтоқсанда Санкт-Петербурге "параллель импортты дамыту" туралы конференция өткізген және өткен айда Украинанының санкциясына енген.

ІТС корпорациясы президентациясында "басты клиенттеріміз" деп көрсеткен мекемелер арасында Батыс санкцияларына енген Ресейдің мемлекеттік "Электроприбор" және "Аврора" компаниялары бар.

"Компания Электроникстің" өтінішімен тауарларды тасымалдаған OTK Group ІТС-мен байланыста: оның менеджерлері мен акционерлері – Ресей азаматтары.

OTK Group-тың басқа негізгі сауда серіктестері арасында Ресейдің "Квазар", "Спецвольтаж" сияқты электроника импорттаушылары бар. 2023 жылғы мамырда АҚШ Эстонияда орналасқан Elmec Trade-пен бірге бұларға да санкция салған.

ImportGenius мәліметіне сенсек, қазақ фирмасының өтініші бойынша жасалған тасымалында OTK Group Латвия мен Қазақстан тауардың “шыққан жері” деп, ал Хельсинкиді жүк жеткізілетін жер деп көрсеткен.

“Компания Электроникстің” қазіргі ресми акционері Әлия Әбішеваның айтуынша, олардың экспортқа қатысты барлық құжаттарын кеден органдары тексеріп, бизнесінің Ресей ашқан соғысқа еш қатысы жоқ екенін айтқан.

Азаттықтың құжаттарда Ресейге екі мақсаттағы тауарларды экспорттау дерегі бойынша сұрағына жауап берген Әбішева компания тек азаматтық мақсаттағы технология экспорттайтынын айтты.

– Біздікі әскери емес, азаматтық жабдықтар. Неге бәрін шатастырып отырсыз? – деді Әбішева Азаттық тілшісіне.

OTK Group-тың жалғыз ресми акционері Ресей мен Литва азаматы Ян Волк Азаттық тілшісіне: “Ресейге ештеңе жібере алмайтынын” айтты да, тұтқаны жылдам қоя салды. Оған қайта қоңырау шалу мүмкін болмады. WhatsApp-тағы хабарламасында ол тілшіден ресми сауалхат жіберуді сұрады. Азаттық ол өтінішті орындады. Волктан әлі жауап болмады.

Азаттық тілшісі OTK Group-тың Ригадағы ресми мекенжайына барғанда үш қабатты кірпіш ғимаратты көрді, сыртында бұл компанияның сонда орналасқанын, оның әлдеқандай коммерциялық шаруамен айналысатынын көрсететін еш нышан болмады.

ITC комментарий беру туралы өтінішке жауап бермеді.

The run-down building registered as the address of OTK Group in Riga. There was no sign of the OTK Group or of any other commercial activity.

ОРТАЛЫҚ АЗИЯДАН РЕСЕЙГЕ "ҚАҒАЗ ЖҮЗІНДЕ" ТАУАР ЖІБЕРЕТІНДЕР

Кеден деректерінде Қазақстан мен Қырғызстаннан екі мақсаттағы тауарлар Ресейге экспортталып жатқаны анық көрінгенімен, көп жағдайда бұл тек қағаз жүзінде болып шығады. Іс жүзінде тауарлар Орталық Азия жеріне жетпестен Ресейдегі тапсырыс берушінің айтқан жерінде қалып қояды.

Мұндай реэкспортқа қатысы бар бірнеше бизнесмен Ресейге Батыстың екі мақсаттағы электроника экспорты бақылауынан айналып өтуге мүмкіндік беретін бұл схема қалай жұмыс істейтінін айтып берді.

– Төлем біздің Бішкектегі компаниямыз арқылы өтеді, – деді өзін “Андрей” деп таныстырған логистика компаниясының қызметкері. – Яғни, ресейліктер Бішкекте төлем жасайды. Олар – сізге, сосын сіз бізге бересіз. Біз логистика мен тауар үшін төлейміз. Содан соң олар Бішкек арқылы өткізбестен тауарды Ресейдегі қоймада қабылдап алады.

– Қағазда ол Бішкек арқылы өткен болып тұрады, – деді ол.

Андрейдің айтуынша, бұл схеама бойынша АҚШ тауарлары әдетте Литваның Балтық жағалауындағы Клайпеда портына келеді, содан соң Балтық елдері арқылы өтіп Ресейге жетеді.

Азаттық тілшісі мамырдың соңында өзін журналист деп таныстырмастан Андрейге хабарласқанда, логистика маманы Батыстың екі мақсатта қолданатын тауарларын Ресейге жеткізу қиын емес екенін, тек еуромен төлем жасау күрделі екенін айтты.

– Қазір юаньмен жұмыс істеп жатырмыз. Сондықтан кешігу бар. Жолымызға қанша тосқауыл қойса да, оны айналып өте аламыз. Тек сәл ұзақтау болуы мүмкін, – деді ол.

Өзге елден келген электроника мен басқа тауарды Ресейге қайта экспорттаумен айналысатын қазақстандық бизнесменнің айтуынша, оның компаниясы да Қазақстанға келеді деп рәсімделген тауарды Еуропадан Беларусь арқылы Ресейге жеткізеді.

– Құжат бойынша бұл тауарлар Ресейде қалмауы керек, – деді өзін “Қанат” деп таныстырған бизнесмен. Айтуынша, оның фирмасы Қазақстан заңдарына бағынады.

– Тауарлар Қазақстанға кірмейді, мұнда келетін болса, логистика шығыны көп болар еді, – деді ол.

Латвия Ұлттық кеден басқармасының төрағасы Раймондс Зукулстың Азаттыққа айтуынша, кеденде сыртқа кететін тауар құжаттары тексереді, барлығы тауар сипаттамасына сай болса және баратын жері ол тауарды алуға рұқсаты бар ел болса, олар басқа ештеңе істей алмайды.

– Айталық, Қырғызстанға яки Қазақстанға жөнелтілетін болса, олар бәрібір Ресей жері арқылы өтеді. Сондықтан, әрине, олар Ресейде қалып қоюы да мүмкін, – деді ол.

Лондондық RUSI зерттеу орталығының мәліметі бойынша, ресейлік "Орлан-10" дронынан Батыста жасалған бірнеше компонент табылған. Зерттеу орталығының тұжырымы бойынша, бұл компоненттерді АҚШ-та орналасқан ірі микроэлектроника компаниялары әзірлеген. Графика Reuters-тен алынды.

Лондондағы қорғаныс және қауіпсіздік мәселелерін зерттейтін RUSI орталығының ашық дереккөздер негізінде барлау тобының басшысы Джеймс Бирнның айтуынша, екі мақсатта қолданылатын Батыс технологиясын Ресейге өткізбей қалу мүмкін емес.

Дегенмен экспортты бақылау Кремльдің әскери мүмкіндіктеріне әсер етіп жатыр дейді ол. Бирн – Ресей әскерінің Батыс технологиясына қол жеткізуі жөніндегі зерттеу авторы.

– Біз не істей аламыз? Олардың шаруасын тіпті қиындатып, жеткізу тізбегін тым ұзақ, қауіпті әрі сенімсіз етгуе тырысамыз, – деді Бирн Азаттыққа сұхбатында.

Оның айтуынша, санкцияларды бұзып, Ресейге мұндай тауарларды жеткізіп жатқан адамдар мен компаниялардың “өздері де санкция қармағына ілігуі ықтимал”.