Ақтөбеде электр энергиясы наурыздан бастап 23 пайызға қымбаттады. Оған наразы бір топ адам 11 наурызда Ақтөбе облысы әкімдігіне барып, облыс әкімі Асхат Шахаровпен кездесуді талап етті. Шахаров наразыларды тыңдауға шықпады.
Наурыздан бастап ақтөбеліктер жарықтың әр киловатына 18 теңге 61 тиыннан төлей бастады (шілдеде 12,10 теңге; қазанда 14.88 теңге болған). Ал Ақтөбенің іргесіндегі саяжайлардың трансформаторлары мен электр желісі қала балансына алынбаған. Күтімі толықтай тұрғындардың өз мойнында. Сол себепті саяжайдағы жарық қаладағы киловатына 18,61 теңге тарифінен кемінде 10-15 пайыз қымбат.
Жарық бағасы өзгеретіні осыдан бір ай бұрын айтыла бастады. Оған алдымен қала іргесіндегі саяжайлардың тұрғындары қарсы шықты. Наразылар кейінгі бір айда әкімдікке бірнеше рет келген. Тарифтің өзгергеніне наразы саяжай ұжымдарының 25 төрағасы дүйсенбі күні әкімдікке тағы жиналды.
"Осыған дейін келгенімізде әкімдіктегілер басу айтып, тариф әзір қымбаттамайды деген болатын. Арнайы комиссия құрамыз, ол саяжай ұжымдарын аралап шығады деген еді. Ешқандай комиссия құрылған жоқ. Бізді алдап жіберіп, тарифті қымбаттатып отыр. Бізде басқа амал бар ма?! Жарайды, оған да көндік. Бірақ саяжай ұжымдарындағы трансформаторлар мен электр желілері қала балансына алынсын! Қазіргі талабымыз – осы" дейді "Тереңсай" саяжай ұжымының төрайымы Гүлзия Мағауина.
Әкімдіктің мәліметінше, қала іргесіндегі саяжай ұжымдарының 90 пайызындағы электр желілері әбден ескірген. Трансформаторлардың техникалық төлқұжаты жоқ. Көшелері тар. Желі жөндейтін арнайы және жүк көліктері өте алмайды. Көбінің құжаттағы статусы өзгермеген, бұрынғысынша "саяжай" деп көрсетілген. Осының бәрі реттелген соң ғана саяжай ұжымдарының электр желісі қала балансына қабылдануы мүмкін.
Ақпанда Ақтөбеде өткен жария тыңдау кезінде жарықтың қымбаттауына саяжай тұрғындарымен бірге заңды, жеке тұлғалар да қарсы болған. Наразылар петиция жариялап, қол да жинады. Бірақ одан нәтиже шықпады. Ол кезде "Актобеэнергоснаб" мекемесі жарықты 40 пайызға қымбаттатамыз деген болатын.
"Бірыңғай электр энергиясын жеткізуші мекеме бізге бағаны көтергендіктен тарифті өзгертуге ұсыныс бердік. Біз 38,8 пайызға қымбаттатуды сұрағанбыз. Бірақ электр энергиясы наурыздан бастап 23 пайызға ғана көтерілді. Қазіргі таңда компания шығынмен жұмыс істеп отыр" дейді "Ақтөбеэнергоснаб" компаниясы басшысының міндетін атқарушы Рүстем Арыстанов.
Былтыр жазда Қазақстанның энергетика министрлігі электр энергиясын сатып алып, тұтынушыға сататын бірыңғай жүйе құрды. Жаңа жүйе құрылғалы бері Ақтөбе облысында тариф осымен үшінші рет қымбаттап отыр.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Ақтөбеде тұрғындар жарықтың қымбаттауына байланысты жария тыңдаудан шығып кетті