Қазақстан "Украина қарулы күштеріне ұшақ сатты" деген ақпаратты жоққа шығарды

Сатуға шығарылған советтік үлгідегі әскери ұшақтардың бірі. Сурет gosreestr.kz сайтынан алынған.

Қару-жарақ пен әскери техниканы импорттаумен және экспорттаумен айналысатын қазақстандық мемлекеттік кәсіпорын Украина қарулы күштеріне істен шыққан әскери ұшақтарды сату туралы хабарды жоққа шығарды.

Ақпаратқа қарағанда, кәсіпорын міндетті жою шарты бар авиациялық техниканы өткізу бойынша барлық сауда-саттықты уәкілетті орган берген тиісті лицензиялары бар Қазақстанның заңды тұлғалары арасында қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүргізген.

"Шетелдік компаниялар сауда-саттыққа қатыспады" делінген "Қазарнаулыэкспорт" мәлімдемесінде.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Қазақстан үкіметі 117 әскери ұшақты саудаға шығарды

Компания ескірген ұшақ утилизацияға жіберілетінін, ал бөлшектері "тек түсті металл сынықтары түрінде" экспортталатынын айтады.

Өткен аптада үкімет ашқан Stopfake.kz сайты "әлеуметтік желілер мен интернет-сайттарда атын атамаған бір бай адам Украина қарулы күштеріне қосалқы бөлшектер ретінде сату үшін Қазақстанда есептен шығарылған әскери ұшақтарды сатып алғаны туралы хабар тарады. Хабарламада 2023 жылғы қазан айында Қазақстан тіркелген кеңестік 117 жойғыш ұшақтар мен бомбалаушыларды сауда-саттыққа шығарғаны атап өтілген. Бұл — жалған ақпарат" деп жазды.

29 сәуірде ағылшын тіліндегі The Business Insider журналында АҚШ офшорлар арқылы Қазақстаннан советтік үлгідегі 81 әскери ұшақты сатып алды деген мақала жарияланған. Басылым Украина сайттары мен телеграм-арналарға сілтеме жасаған.

  • "Қазарнаулыэкспорт" сайтындағы ақпаратқа қарағанда, Қазақстан үкіметі бұл кәсіпорынды қарулы күштерді, басқа әскерлерді және жауынгерлік құралымдарды қамтамасыз ету мақсатында құрған, мекеме қару-жарақ пен әскери техника, сонымен қатар әскери мүлік импорты мен экспорты бағытында жұмыс істейді.
  • Былтыр қазанда Қазақстан үкіметі 117 әскери ұшақты саудаға шығарды. Сатушы Қазақстанның индустрия және инфрақұрылым министрлігіне қарасты "Қазарнаулыэкспорт" мемлекеттік мекемесі болды.
  • Биыл ақпанда Қазақстанның қаржы мониторингі агенттігі "Қазарнаулыэкспорт" бас директорының міндетін атқарушы Аршат Аяғановтың ұсталғанын хабарлады. Ол "брондалған әскери техниканы жеткізу бойынша мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындау кезінде қызметін асыра пайдаланды" деген күдікке ілінді.
  • Ал қарашада "Қазарнаулыэкспорт" мекемесінде тінту және тәркілеу болғаны туралы айтылды.