"Әділ сөз" ҚазТАГ ісін тергегенде заңды сақтауға шақырды. Турлов репутациямызды заңмен қорғаймыз дейді

ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаев.

"Әділ сөз" сөз бостандығын қорғау ұйымы ҚазТАГ ақпарат агенттігі басшыларының үстінен қозғалған іске байланысты мәлімдеме жасап, органдарды қылмыстық-процессуальдық заңдағы талаптарды қатаң сақтауға, журналистердің кәсіби құқығын қорғауға кепілдік беруге шақырды.

8 желтоқсанда ҚазТАГ ақпарат агенттігінің бас директоры Әсет Матаев пен бас редакторы Әмір Қасенов "көпе-көрнеу жалған ақпарат таратты" деген күдікке ілінген еді.

Агенттіктің үстінен Freedom Finance компаниясы арыз түсірген. Бұл компанияны Ресейден шыққан, кейін Қазақстан азаматтығын алған миллиардер Тимур Турлов (Forbes журналы байлығын $5,8 млрд деп бағалаған) басқарады. Агенттік бұған дейін Freedom Finance компаниясындағы "алаяқтық схемалардан зардап шеккендер" жайлы деп бірнеше мақала мен видео жариялаған еді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ ҚазТАГ басшысы мен редакторы "жалған ақпарат тарату" күдігіне ілінгені хабарланды

Бүгін, 9 желтоқсанда Матаев пен Касенов Алматы қаласы полиция департаментіне барып, тергеу барысымен танысып қайтты. Ал осы күні Тимур Турлов Алматыда журналистерге "агенттік шындыққа жанаспайтын деректермен материал жариялағанын, сондықтан компания репутациясын заң жолымен қорғайтынын" айтқан.

ҚазТАГ редакциясы "қылмыстық іс 18 тамызда тіркелген, ал редакция істің қозғалғаны жайлы 20 қарашада білдік" дейді.

Ал адвокаттары Рена Керимова "Матаев пен Қасеновті бекітілген процедуралардан тыс күдікті деп тану – заңды өрескел бұзу. Сырттай күдікті деп тану үшін олар жасырынып немесе тергеуден қашып жүруі керек. Матаев пен Қасенов тергеу шараларынан қашқан емес" деген еді.

  • Биыл көктемде Freedom Finance-тың "арам пиғылды қызметкерлерінен зардап шектік" деген азаматтар бірнеше рет мәлімдеме жасаған . Олар жылдар бойы жинаған қаржысын компанияның брокерлеріне сеніп тапсырып, ақырында алданып қалғанын айтқан. Компания мұны "эмоциялық айыптаулар, бұрмаланған фактілер" деп атаған. Сол кезде Freedom Finance "басылымдардың біріне мақалаларды алып тастауды, ақпаратты теріске шығаруды және жалған ақпарат таратуды тоқтатуды талап етіп, сотқа дейінгі талап-арыз жолдадық" деген еді.