Назарбаевтың Үшқоңыр жайлауындағы сарайы жиені Әлиевтің қарамағына өтті

Үшқоңыр сарайы мен аумақты бақылап жүрген екі күзетші. Алматы облысы Қарасай ауданы, 23 мамыр, 2022 жыл.

Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Үшқоңыр резиденциясы оның жиені Нұрәли Әлиевке қарасты технологиялық компанияға өтті. Бұған дейін ол экс-президентке қарасты қордың меншігінде болған.

САРАЙДЫ ТЕХНОЛОГИЯЛЫҚ ЖОБА ЖАСАЙТЫН КОМПАНИЯ АЛДЫ

Сарай Іле-Алатау ұлттық паркінің аумағымен шектесіп жатқан тау бөктерінде орналасқан. Ал ресми түрде Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылының аумағына кіреді.

Бірыңғай мемлекеттік жылжымайтын мүлік кадастрының дерегіне сәйкес, сарайдың қазіргі иесі – экс-президенттің жиені Нұрәли Әлиевке қарасты Service Engineering Group деген компания. Технологиялық жобалар жасайтын компанияның жайлаудағы резиденцияға иелік ету себебі түсініксіз.

Service Engineering Group-тің түпкі иесі былтыр "Capital Holding" ЖШС және "Darmen Holding" ЖШС деген екі компания болған. Бұлардың ішінде Darmen Holding-тің түп төркіні Нидерланд офшорында тіркелген Greatex Capital Holding B.V. деген компания. Forbes.kz жазуынша, Әлиев елдегі активтерін осы компаниялар арқылы басқарады.

Кейін құрылтайшылар қатарына қосылған екінші заңды тұлға Live Oak Holding LTD-дің түпкі иесі жасырылған. Бұл компания Астана халықаралық қаржы орталығында тіркелген. Басшы ретінде Әл-Баракани Ареф Абдуллах Мұхаммед деген азамат көрсетілген.

Нұрәли Әлиев – Назарбаевтың үлкен қызы Дариға Назарбаеваның ұлы. Әлиев кезінде "Нұрбанкті", "Транстелеком" телекоммуникация компаниясын басқарған, Астана қаласы әкімінің орынбасары болған.

Әлиев Forbes есебінше, былтыр Қазақстандағы ең бай адамдар тізімінде 289 млн доллармен 39-орынға тұрақтаған. 2025 жылы ол елдегі байланыс саласындағы ірі активі "Транстелекомды" сатқан. Жақында Instagram парақшасында туған күнін тойлап, адамдарға рухани тәлім беретін жоба бастағанын мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Эпштейн құжаттары: Назарбаев, Әлиев және 2 миллиард доллардың активі

Жылжымайтын мүлік Нұрәли Әлиевтің құрылымдарына қандай шартпен ауысқаны туралы ашық ақпарат жоқ.

САТЫБАЛДЫДАН - "ЕЛБАСЫ" ҚОРЫНА

Үшқоңыр резиденциясы 2014 жылы салынып, 2016 жылы ресми тіркеуден өткен. Сарайға дейін тас жол төселген, газ бен жарық тартылған. 2016 жылдан 2022 жылға дейін жылжымайтын мүлік Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере ініс Қайрат Сатыбалдының меншігіне жазылған.

Осыдан үш жылдай бұрын Азаттық ол кезде түрмеде жатқан Қайрат Сатыбалдының атында тұрған Үшқоңыр резиденциясы экс-президентке сыйға берілгенін анықтаған.

2023 жылғы 13 сәуірде зәулім сарай Қайрат Сатыбалдыдан Назарбаев құрылтайшысы саналатын қорға берілген. Азаматтарға арналған үкімет корпорациясының Азаттыққа берген ресми жауабына сәйкес, жылжымайтын мүлік сыйға беру шартымен “Елбасы” қорының меншігіне өткен. Сол кезде үстінен кемі екі қылмыстық іс қозғалып, мүлкі тәркіленуге жатқызылған адамның мүлкінің басқа біреуге өтуі заңды ма деген сұраққа жауап іздеген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Азаттық сұрағына нақты жауап бермеген.

Кейін сарайдың меншік иесі Назарбаевтың басқа да қорларына ауысқан.

НҰРБОЛ НАЗАРБАЕВТЫҢ ЖЕРІ

2024 жылы қаңтарда мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Үшқоңыр резиденциясы орналасқан аумаққа барып, күзет қойылған қоршаудан өте алмаған. Сол кезде ол "мұның ішінде үлкен адамдар отыр", "бұл мәселені көтеруге жергілікті прокурородың да, ешкімнің шамасы келмейді" деген.

Азаттық 2023 жылғы зерттеуінде бұл жер Назарбаевтың інісі - Болат Назарбаевтан (2023 жылғы қарашада қайтыс болған) ұлы Нұрбол Назарбаевқа қарасты "Prime Capital Holding" серіктестігіне өткенін жазған. Түпкі бенефициары ауысқанымен, сарайдан тыс жатқан бұл жерге антикор, соттың арест, шектеуі тұрған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Түрмедегі Қайрат Сатыбалды сарайын Назарбаевқа қалай сыйға тартты?

Былтыр резиденция айналасындағы бұл жер 9 мың гектар жер мемлекет балансына қайтарылған еді. 2025 жылы ақпанда Азаттық анықтанғандай, Алматы облысы Қарасай ауданы Шамалған ауылындағы резиденцияны қоршап жатқан үш жер телімі (кадастр нөмірлері 03047152017, 03047542042, 03047542029) мемлекеттік "Қайтарылған активтерді басқару компаниясы" балансына өткен.

ҚАЙТАРЫЛҒАН МҮЛІК

2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың өзі мен жақын туыстары елдегі лауазымдарынан түсіп, кей активтерінен айырылды. Елде шетелге кеткен заңсыз активтерді қайтару бойынша науқан жүрді. Бірақ экс-президенттің өзінің және қыздарының үстінен іс қозғалып, активті қайтарылды деген ақпарат болған жоқ.

Қайрат Сатыбалды 2022 жылы қыркүйекте серіктерімен бірге 40 млрд теңгені талан-таражға салды деген айыппен қылмыстық кодекстің үш бабы бойынша кінәлі деп танылып, 6 жыл бас бостандығынан айырылды. 2024 жылы тамызда қамауда отырып, ел жұрттан кешірім сұрады. Көп өтпей Өскемен қаласының №2 соты "Сатыбалды шығынның бәрін толық өтеді" деп шартты жазамен бостандыққа шығарды.

Ол 2022 жылы қамалғаннан бері Алматыда құрылысы бітпей тұрған бірнеше жылжымайтын мүлкін, бизнес орталықтарын, шетелдегі виллаларын, жиындық құны 732,8 млрд теңге болатын активін мемлекетке өткізген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Комитет атауын өзгерту заңсыз алынған миллиардтарды шетелден қайтаруға септесе ме?