СІМ Қара теңіздегі танкерлерге жасалған шабуылға қатысты мәлімдеме жасады

Қазақстан сыртқы істер министрлі Қара теңізде Қазақстан мұнайын күтіп тұрған танкерлерге шабуылға алаңдаушылық білдірді.

Министрліктің ресми өкілі Ерлан Жетібаев 14 қаңтардағы мәлімдемесінде Қазақстан бірнеше Еуропа елдерінің елшілерімен шұғыл кездесу өткізгенін, АҚШ-пен және шетелдік серіктестерімен байланыс орнатқанын айтты. Кездесуде халықаралық құқықтың талаптарының сақталуы, көмірсутегін тасымалдау мен теңіз жолдарының қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығы айтылған.

"Қазақстанның ешқандай қарулы қақтығысқа қатысы жоғын, жаһандық әрі еуропалық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге тұрақты үлес қосып келе жатқанын атам өтеміз. Бұған қоса, Қазақстан энергия ресурстарын халықаралық талаптарға сай жеткізіп отыр. Танкерлердің барлық қажетті рұқсаты болды және тиісті сәйкестендіру жабдықтарымен қамтамасыз етілген. Министрлік кейінгі уақытта мұндай оқиғалардың жиілеп бара жатқанын, бұл халықаралық энергетикалық инфрақұрылымның тұрақты жұмысына қауіп төндіретінін ескертеді. Сондықтан серіктестерімізді осындай оқиғаларды алдын алу үшін бірлескен шаралар әзірлеуге және тығыз ынтымақтастық орнатуға шақырамыз" деді Ерлан Жетібаев.

13 қаңтарда Қара теңізде, Каспий құбыр консерциумы маңайында Қазақстанның мұнайын күтіп тұрған Matilda және Delta Harmony танкерлеріне дрон шабуылдаған. Қазақстан энергетика министрлігі танкерлерге мұнайлар тиелмегенін, Қазақстан мұнайы шығынға ұшырамағанын мәлімдеген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ Энергетика министрлігі: Қара теңіздегі танкерлерге шабуылдан Қазақстан шығынға ұшыраған жоқ

1500 км созылып жатқан КҚК желісі арқылы Еуропаға тасымалданатын мұнайдың 80 пайызы Қазақстанда өндіріледі. Былтыр КҚК нысандары бірнеше рет шабуылға ұшырап, құбыр жұмысына кедергі келген. Мәселен, 29 қарашада Украина теңіз дрондарымен Ресейдің Қара теңіздегі танкерлері мен мұнай инфрақұрылымына шабуыл жасаған. Сол кезде Каспий құбыр консорциуымына тиесілі портқа да дрон түскен. Cалдарынан мұнай айдайтын үш құрылғының бірі істен шыққан. Қазақстан шабуылға байланысты бұған дейін Украинаға наразылық білдірген. Оған жауап берген Украина СІМ шабуыл Қазақстан немесе басқа үшінші елге бағытталмағанын, бар мақсаты – басқыншының әрекетін тежеу екенін айтқан.