Донбасстағы "Ғашықтар ескерткіші" соғыс қасіретінің символына айналды

Фото: Украинадағы 93-ші механикаланған бригаданың баспасөз хатшысы Ирина Рыбакова (AFP)

2025 жылғы маусым айының бір ашық күні видеоператор Микита Шаповалов Украинаның Дружковка қаласындағы "Ғашықтар ескерткішінің" алдында жаңа үйленген жұпты суретке түсіріп алды. Ерлі-зайыпты – "Бөрі" дейтін лақап аты бар сарбаз бен оның әйелі Елена еді.

Ескерткіш тұрған алаңда сол күні өмір қайнап жатқан.

"Бөрі" мен оның әйелі Елена Дружковкадағы "Ғашықтар ескерткішінің" алдында тұр. 2025 жылғы маусым.

"Жақын жерде базар болғандықтан, мұнда әрдайым адам көп болатын" дейді украиналық оператор.

Шаповаловтың айтуынша, ерлі-зайыпты суретке түсіп жатқан тұста айналада трамвайдың гүрсілі естіліп, жергілікті тұрғындар сондағы дәмханаларда тынығып, не өз шаруаларымен шапқылап жүрген.

Украина шығысындағы бұл қаланың шағын алаңы неке рәсімдері мен фотосессия орнына айналған. Өйткені оның жанында АХАТ бөлімі орналасқан.

Украин сарбаздары мен олардың сүйіктілері "Ғашықтар ескерткішінің" алдында неке рәсімін өткізіп тұр. Дружковка, 2022 жылғы маусым.

2025 жылғы қарашада соғыс ызғары Дружковка қаласына жақындай түскенде қалада трамвай тоқтап қалды. Ал "Ғашықтар ескерткішінің" айналасына соғыстың зардабы әбден тиді. Бүгінде ол жерде неке рәсімін өткіземін дегендер өз өмірін тәуекел етуге мәжбүр.

Ресей шабуылы кезінде Дружковкадағы ескерткішке де зақым келген.

Украинадағы 93-ші механикаланған бригаданың баспасөз хатшысы Ирина Рыбакова 2 наурыз күні сол алаңнан бір видео жариялады. Онда украин сарбаздары "Ғашықтар ескерткішінің" үстінде ұшып жүрген дронды атып түсірмек болып арпалысып жүргені көрінеді. Ақырында дрон ескерткіш жанындағы бір көлікке құлаған.

Кейінгі айларда Ресей күштері Дружковка төңірегінде біртіндеп алға жылжып келеді. Көрші жатқан Константиновка қаласына шабуылды үдеткен басқыншы әскер қазір Дружковкадан 20 шақырымдай жерде тұр. Яғни бұл қашықтықта Ресей әскері Дружковканы реактивті артиллериялық жүйелермен және талшықты-оптикалық кабельге байланған FPV дрондармен (мұндай дрондар радиокедергілерден қорғалған) шабуылдай алады.

Кейінгі апталарда Ресей шабуылынан (арасында ұшақтан түсірілетін қанатты зымырандар да қолданылды) осы қалада бірнеше адам қаза тапқан. Ақпанның басында Дружковка базарына түскен зымыраннан жеті адам мерт болды. Зымыранда кассеталық бомбалар болғаны айтылады.

2 наурыз күні "Ғашықтар ескерткіші" жанынан түсірілген мына суретте жергілікті тұрғындар Ресей соққысынан қираған үйге қарап тұр.

Бұрын Дружковкадағы "Ғашықтар ескерткішінің" орнында Совет одағының негізін қалаушы Владимир Лениннің ескерткіші тұрған. Оны 2015 жылғы маусымда құлатқан. 2019 жылғы тамызда қала орталығындағы ірі жөндеу жұмыстары аясында алаңға "Ғашықтар ескерткіші" орнатылды. Сол маңда қаланың АХАТ бөлімі болатын.

Бұрын "Ғашықтар ескерткіші" тұрған жерде Владимир Леннинің монументі болған. Оны 2015 жылғы маусымда алып тастаған. Ал мына суреттің өзі 2010 жылы түсірілген.

6 наурызда Украина президенті Дружковкадағы "Ғашықтар ескерткішінің" алдында тұрып видеоүндеу жасады. Дружковка түбінде және Донбасстың өзге қалаларында соғысып жатқан украин сарбаздарына алғыс айтқан Зеленский "[Ресей күштері] осы Донецк облысында көктемгі шабуылға дайындалып жатыр" деді.

Дружковкадан жараланған сарбаздарды эвакуациялау кезінде ресейлік дронды бақылап тұрған украин сарбазы. 27 ақпан.

Бір кездері гүлденіп жатқан украин қаласының соғыстан күйреп жатқаны Микита Шаповаловтың жадында "Бөрі" мен Еленаның суреті арқылы қалмақ. Сарбаздың өз аты – Федор.

Өмірінің едәуір бөлігін түрмеде өткізген Федорға жаза мерзімінің аяқталуына санаулы ай қалғанда әскер сапына қосылу үшін кешірім жасалған. Рыбакованың Азаттыққа айтуынша, Федор майданға аттанған соң көп ұзамай ұрыс даласында қаза тапқан.