Әлеуметтік желіде сыни пікір жазғаннан кейін полицияға шақыру алған ақын, журналист Танакөз Толқынқызы 1 сәуірде бөлімшеге барып түсініктеме берген.
Толқынқызы 7 наурызда Facebook желісіндегі парақшасында "Қазақтар тәуелсіздігін сақтап қала алмайды. Себебі ол сапасыз ұлтқа айналған" деп пост жазған еді. Осыдан соң оның үстінен eGov арқылы шағым түсіп, полиция шақырту жіберген.
Толқынқызының Азаттыққа айтуынша, ол бүгін, 1 сәуірде адвокаттарымен Астана қаласы Сарайшық ауданы полиция бөлімшесіне барған.
"Полицияның сұрақтарына жазбаша түсініктеме бердім. Өз тарапымнан қосарым, поста ешкімнің жеке басына өткен жоқпын, ешкімді қараламадым. Менің постымның ұлтаралық араздықты қоздыруға еш қатысы жоқ деп ойлаймын. Арыздан кейін қылмыстық не әкімшілік іс қозғалмаған. Полиция бөлімшесінде әріқарай не болатынын, іс қозғалатынын я қозғалмайтынын айтпады. Тек eGov арқылы шағым түскен соң жауап беруге міндеттіміз, постыңызда не айтқыңыз келді, соған түсініктеме берсеңіз деді. Мен түсініктеме бердім" деді Толқынқызы Азаттыққа.
Танакөз Толқынқызының 7 наурыз күні посты қоғамда резонанс тудырған. Ол жазбасында "Қазақтар тәуелсіздігін сақтап қала алмайды, себебі сапасыз, принцибі жоқ надан ұлтқа айналған, өз тілінде сөйлемейді" деп сынайды. Құлдық сана етінен өтіп сүйегіне жеткен кейиді. "Ұрлық – қазіргі біздің басты қасиетіміз" деп налыған.
Желі қолданушылардың бір бөлігі ақынның айтқаны ащы шындық десе, тағы бір топ оны жекелеген адамдарға бола тұтас ұлтқа тіл тигізу деп айыптады. Пост "іріткі салып, араздық тудыруға бағытталған" деп ақынды қылмыстық жауапқа тартуға шақырғандар болды.
Толқынқызының сөзінше, оның үстінен заңгер Нұрсұлтан Орынбеков eGov арқылы арыз түсірген.