Құқық қорғаушылар Қазақстанды "Атажұрт" белсенділерінің ісін қайта қарауға шақырды

"Атажұрт" ұйымы белсенділерінің ісі бойынша процесс өтіп жатқан сот ғимаратында тұрған полиция арнаулы жасағы. Талдықорған, 9 сәуір, 2026 жыл.

Халықаралық адам құқықтары жөніндегі серіктестік (IPHR) пен Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро "Атажұрт" ұйымына қатысы бар 19 адамның сотталуына өкініш білдіріп, Қазақстан билігі істі қайта қарауы тиіс деп мәлімдеді.

13 сәуірде Талдықорғандағы сот Қытайға қарсы наразылық білдірген 19 адамның 11-ін бес жылға түрмеге қамап, сегізінің бас бостандығын 4 жыл 8 айдан бес жылға дейін шектеді. Оларға "ұлтаралық араздықты қоздырды" деген айып тағылған еді.

"Айыптау үкімі – қылмыстық заңды ой еркіндігін, ұйым құру және жиын өткізу сынды құқықтарды шектеу үшін қолданудың анық көрінісі. Бейбіт жиын саяси тұрғыда сезімтал не провокация сияқты көрінсе де, қылмыс ретінде қарастырылмауы керек" дейді IPHR директоры Брижит Дюфур.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қытайға қарсы наразылыққа шыққан 19 адамға үкім оқылды. Сот барлығын айыпты деп таныды

19 адам былтыр қарашада 2025 жылы қарашада Алматы облысы Ұйғыр ауданы Қалжат ауылы маңында наразылыққа шығып, Қытай туы мен Қытай коммунистік партиясының төрағасы Си Цзиньпиннің суретін өртегені үшін сотталды. Шарада олар Шыңжаңда "түзету лагеріне" қамалған қазақтарды босатуды, Қытаймен визасыз режимді жоюды талап еткен еді.

Айыптау актісінде белсенділер "масс-медианы пайдалана отырып, ұлттық алауыздықты қоздыру, сонымен бірге Қытай ұлтының өкілдеріне қатысты ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін қорлау мақсатында ұйымдасқан түрде жиналған" деп жазылған.

Құқық қорғаушылар "наразылық Қытай билігінің саясатын сынады. Наразылықта Қытайдың кішкентай туы мен Қытай төрағасының портретін өртесе де, бейбіт түрде өтті әрі алалауға, зорлық пен жауласуға шақырған жоқ. Демек бұл халықаралық адам құқығына сай, ой еркіндігін қорғауға сай келеді" деді мәлімдемеде.

Құқық қорғау ұйымдары "Атажұрт" белсенділеріне Қытайдың "тиісті шара қабылдау туралы" дипломатиялық нотасынан кейін қылмыстық іс қозғалғанына да алаңдайды.

"Қазақстан билігі беленділерге қылмыстық іс қозғағанда сырттың ықпалына жығылды. Себебі басында оларға "ұсақ бұзақылық" айыбымен қамауға алып, айыппұл салған еді" деп жазылған екі ұйымның бірлескен мәлімдемесінде.

IPHR пен Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюро Қазақстанда Қылмыстық кодекстегі "Ұлтаралық араздықты қоздыру" бабы билікпен келіспегендерге қарсы бірнеше рет қолданғанына тоқталған.

"Құқық қорғаушылар мен халықаралық сарапшылар бұл бапты мемлекеттік күдікті сараптамаларына сүйеніп, азаматтардың заңды әрі негізгі құқықтарын шектеуге қолданатынын айтып сынаған" деп жазылған мәлімдемеде.

"Атажұрт" белсенділеріне шыққан үкім күшіне енген жоқ. Тараптардың апелляциялық шағым түсіруге құқығы бар.

13 сәуірде бес жылға сотталғандардың бірі Гүлнәр Шаймұрат (кәмелет жасына толмаған балаларының болуына байланысты жазасын кейін өтейді) соттан кейін "апелляциядан да қайыр жоқ, ештеңе өзгертпейді" деп қарсылық білдірген.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Қытай саясатын сынау қылмыстық жазаға негіз бола алмайды". "Атажұрт" үкімі жайлы Евгений Жовтиспен сұхбат