Қазақстанда талапкерлер Ұлттық біріңғай тестілеуді (ҰБТ) келесі жылдан бастап бір-ақ рет тапсырады. 2021 жылы талапкерлерге ҰБТ-ны екі рет тапсыруға мүмкіндік берілген, кейін бес рет тапсыруға рұқсат етілді. Оған дейін талапкерлер жылына бір рет тапсыратын. Үкімет енді ҰБТ жүйесін қайта өзгертпек. Бұл талапкерлерге қалай әсер етпек?
"КЕМШІЛІКТІ ТҮЗЕТУ ҚАЖЕТ"
2027 жылдан бастап Қазақстанда ҰБТ тапсыру жүйесі өзгеруі мүмкін екенін премьер-министрдің орынбасары Аида Балаева хабарлады. Ол бұл бастаманы "саладағы ауқымды реформа ғана емес, жаңа кезеңге көшу" деп түсіндірді.
"Біз білім саласында кеткен кемшіліктерді анықтап, оларды түзетуіміз қажет. Атап айтсақ, ҰБТ-ны бірнеше рет тапсыру жүйесін талапкерлерді сапалы іріктеу мәселесін толық шешпейді. Сонымен қатар қазіргі кезде жоғары оқу орындарында білімді, дарынды жастарды өз бетінше іріктей алмайды. Себебі мүмкіндіктері шектеулі. ҰБТ жүйесін өзгерту тестілеуден бас тарту емес екендігін тағы да атап өткім келеді. Бұл – дарынды талапкерлерді анықтауға әділ іріктеуге бағытталған маңызды қадам" деді ол.
Балаеваның сөзінше, ҰБТ жүйесінің көп жылдық тәжірибесі университеттерге түсу кезеңін ашық, қол жетімді әрі бірыңғай талаптарды қамтыған тиімді құрал ретінде көрсетті. "Бірақ әр заманның өз талабы бар деген ол уақыт өте келе білім берудегі трендтер, еңбек нарығының құзыреті мен ережесінің өзгеруі заңды" деді. Вице-премьер бұдан былай педагогика мамандығына тапсыратындар ауызша емтиханнан өтетінін айтты. Бұл – болашақ мұғалімдердің ойлау қабілетін, талдау дағдылары мен оқуға дайындық сынды маңызды деңгейді анықтауға сеп болмақ.
Биыл ақпанда мәжіліс депутаты Маггерам Маггерамов жоғары оқу орнына түсу кезінде талапкерлер арасында тең жағдай қалыптаспағанын айтқан. Оның сөзінше, талапкерлердің кейбірі бірнеше рет тестілеуден өтіп, нәтижесін жақсарта алса, енді бір топта ондай мүмкіндік жоқ. Бұған себеп ретінде ол қаржы мен дайындықты атаған.
ҰБТ-ға дайындық құралдары.
Осы сыннан соң жоғары оқу және ғылым министрі Саясат Нұрбек ҰБТ форматын өзгерту мәселесі бұған дейін де көтерілгенін ескертіп, қазақстандық тестілеу стандартын өзгерту қарастырылып жатыр деген еді.
2021 жылы Қазақстанда ҰБТ тәртібі өзгерді. Оған сай, талапкерлер жылына бес рет ҰБТ тапсыру мүмкіндігіне ие болды. Оның үшеуі ақылы оқуға түсуге болса, екеуі негізгі кезең – білім гранты немесе ақылы оқуға түсуге арналды. Алғашқы сынақтар қаңтар, наурыз және тамызда өтетін. Ал негізгі тестілеу мамыр-шілде аралығына белгіленді.
Билік жаңашылдықты психологиялық қысымды азайтып, әділдік пен бәсекені арттыру, дайындықты жақсартып, ЖОО икемді түсу жүйесін қалыптастыру деп түсіндірген.
"ТЕСТІ БЕС РЕТ ТАПСЫРУ КӨП, БІРАҚ ЕКІ РЕТ МҮМКІНДІК БЕРГЕН ЖӨН"
"Қазбілім" басқарма төрағасы, мұғалім Аятжан Ахметжан ҰБТ-ны бір рет тапсыру талапкерлерге қысымды қайта күшейтуі мүмкін деп санайды. Сондай-ақ ол өзгеріс тиянақты ойластырылмаса университетке түсу үшін жемқорлық етек жайып кетуі мүмкін деген қауіптің де барын айтады.
– Бұл өзгерісті премьер-министрдің орынбасары [Аида Балаева] хабарласа, қабылдануы мүмкін деп ойлаймын, – дейді Аятжан Ахметжан Азаттыққа берген сұхбатында. – Бұл жерде мәселе, бір рет пе әлде бес рет пе, сонда. Бұған дейін бес рет тапсырып келді. Меніңше, ортақ бір шешім табу керек деп ойлаймын. Бес рет тапсыратын кезде артық екенін айтқанбыз. Өйткені оның тек екеуі грантқа жарамды, қалғаны ақылы бөлімге түсу үшін керек болды. Яғни, "ақылы бөлімге түсу үшін тапсыра бер, тапсыра бер, әйтеу бір 50 балл жинасаң бір жерге ақылы бөлімге түсесің" деп жұрттың бәрін бакалавр дипломына, жоғары білім алғызуға деген әрекет деп қабылдағанмын. Оның сыртында басқа да лоббилер де бар. Демек бес-алты рет тапсырудың артық екені анық, бірақ бір рет деген шешімге қарсымыз.
Азаттық: Бір рет тапсыру неге аз деп ойлайсыз. 2021 жылға дейін ҰБТ тек бір рет тапсырылды ғой?
Аятжан Ахметжан
Аятжан Ахметжан: Бір рет тапсырғанда адамның мүмкіндігінің ашылмауы мүмкін, ауырып, тұмау тиіп қалуы мүмкін. Демек бір рет тапсыру деген аз. Сондықтан ҰБТ-ны екі рет тапсыру керек деп ойлаймын және екі нәтиженің біреуімен грантқа оқуға түсуге мүмкіндік берілуі керек. Сол жеткілікті деп санаймын.
Азаттық: Қазір жоғарғы оқу орындары өздерінде оқуға тиіс студентті өз бетінше іріктей алмайды. ҰБТ-дан алған ұпайына қарай қабылдауға мәжбүр. Сондықтан педагогикалық жоғарғы оқу орындарына түскісі келетін талапкерлер тестілеумен қатар арнайы емтихан тапсырмақ. Мұны университеттердің қолына тапсыра ма?
Аятжан Ахметжан: Қазақстанда қазір Назарбаев университеті ғана жеке емтиханын өткізе алады. Басқа университеттердің барлығы ҰБТ-ға бағынады. Ал педагогикалық мамандықтарға түсу үшін қосымша емтихан 2017 жылдан бері бар, жазбаша болды. Мен енді 2017 жылдан бері сол қосымша емтиханнан өтпей қалыпты дегенді естіген жоқпын. ҰБТ идеал емтихан емес екенін мойындаймын. Бірақ адам факторы араласатын болса, не болатынын бәріміз іштей сезіп отырмыз. Ауызша емтиханды адамдар өткізетін болса, бұл жерде таныс-білістік, жемқорлық әңгімесі шығатыны ақиқат.
Азаттық: Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесін енгізудегі ең басты себептің бірі - оқуға қабылдаудағы жемқорлықпен күрес еді. Яғни, бұрын емтиханды университеттер өздері қабылдайтын, сол кезде шын білімді баланың орнына біреудің танысы немесе ақшасы барлар түсіп кетті дейтін арыз-шағым жиі айтылатын. Бұл өзгеріс тағы да сондай жағдайға апарып соқтырмай ма?
Аятжан Ахметжан: Жемқорлыққа апарып соқтыру мүмкін. Өйткені университеттердің деңгейі әртүрлі: ұлттық, мемлекеттік, жекеменшік университеттер бар. Деңгейі және қойып отырған критерийлері әртүрлі. Мысалы, қазірдің өзінде режиссура, журналистика мамандықтарына шығармашылық емтиханды оқушы университетке барып тапсырады. Бірақ бұл жерде таныс-біліс екенін жұрт айтып жүреді. Сондықтан мұндай өзгерту енгізсе жемқорлық болуы мүмкін.
Азаттық: Қазақстанда бұрын ҰБТ-ны бір рет қана тапсырып оқуға түсетін тәжірибе болған. Бұдан бас тартып, бірнеше рет тапсырып түсетін жүйені енгізгенде "бір рет тапсыру кезінде оқушыларда стресс көп болады, оқыс оқиғаларға барады, психологиялық тұрғыда ауыр тиеді" деген уәждер айтылған. Министр Аида Балаеваның желідегі мәлімдемесіне біраз адам оқушылар сол стресс жағдайына қайта түсетін болды деп жазыпты. Сондай қауіп бар ма шынымен?
Аятжан Ахметжан: Қауіп белгілі бір деңгейде бар. Бұрын бір рет тапсырғанда мектепте жауапкершілік болды. Мектеп ҰБТ-ға дайындайтын және нәтижесіне жауап беретін. Қазір ҰБТ тестіне мектеп жауап бермейді. Оқушының өз шаруасы. Түрлі курстарға барып дайындалып, бірнеше рет тапсырып жүретін. Енді ҰБТ бір рет болса, бала стресске ұшыраса, шыны керек, мектепте жауапкершілік жоқ. Сондықтан стресс қаупі белгілі бір деңгейде оқушыларда болады. Оның үстіне адамдар оңайға тез үйреніп қалады. Бес рет тапсырғанға қоғам үйреніп қалды.