Құрылтайда депутаттардың айтқаны, іс-әрекеті заңмен қадағаланса, бұл пікірталасты шектемей ме?

Қазақстан парламенті

Парламент мәжілісі өткен аптадан бері Президент және Құрылтай туралы конституциялық заңдарды қарап жатыр. Құрылтай туралы заңда депутаттардың сөзін, әрекетін реттейтін "депутаттық әдеп" деген жаңа тарау енген. Яғни, Құрылтай мүшелері бір-бірінің сөзін бөлмей, жанжалдаспауы тиіс әрі дауыс көтермеуі керек. Бұл жаңадан сайланатын Құрылтайдағы сөз еркіндігін шектемей ме?

"ДЕПУТАТТЫҚ ӘДЕП" ТАЛАБЫ

"Құрылтай және депутаттардың мәртебесі" конституциялық заңының "депутаттық әдеп" тарауында "депутаттар бір-біріне және Құрылтай жұмысына араласатын барлық адамға сыйластықпен қарауы тиіс".

Негізсіз айыптаулар мен дөрекі сөйлемеуге, заңсыз әрі күш қолданатын әрекетке бармауға тиіс. Отырыстарда сөз сөйлеген кезде жеке, яғни, депутаттық өкілеттікке жатпайтын мәселені көтере алмайды. Сөйлеушінің сөзін бөліп, әріптесінің пікіріне түсініктеме бермеуі керек. Заңсыз және күш қолданатын әрекеттерге шақырмауы, сес көрсетпеуі тиіс.

Масс-медиада, баспасөз конференциясы мен көпшілік алдында сөйлегенде тек тексерілген фактілерді пайдаланады деп жазылған. Әдеп қағидаларын бұзған депутат Конституциялық заң аясында жазаланады.

Әдетте кейбір елдердің парламентінде депутаттар заң жобаларын я басқа да мәселелерді талқылағанда бір-біріне қарсы шығып, дауласып жатады. Украина, Армения, Грузия, Түркия парламенттерінде бір-біріне саяси тұрғыда қарсы фракциялар я партиялар жанжалдасып, төбелескен еді. Еуропа елдерінің парламенттерінде, АҚШ Конгресінде депутаттар бір-бірін медиада, түрлі трибуналарда сынап жатады.

Ал саясаттанушы Димаш Әлжанов заң жобасының кейбір нормаларында тыйым тым көп әрі заң осы күйінде қабылданса депутаттардың пікір еркіндігін шектеуі мүмкін деп санайды

- Қазақстанда парламент пен депутаттар президент билігі алдында айтарлықтай тәуелсіздігін жоғалтқанын ескерсек, бұл ережелерді іске асырса, депутаттарды ойын ашық айту құқығын шектеу арқылы қадағалау одан әрі күшейеді. Ойын еркін айту - депутаттардың парламентте және одан тыс жерлерде ашық дискуссияға түсудің негізгі жолы. Cондықтан парламентте пікірін ашық айту шектелмеуі керек. Бұл парламент пен халықтың өкілі ретінде сайланған депутаттардың жұмысындағы - негізгі принцип. Бұған қоса, жаңа заң жобасы депутаттардың БАҚ-та және әлеуметтік желідегі қоғамдық пікірлерін мониторинг жасауды да қарастырады, - дейді сарапшы.

ДЕПУТАТТАР НЕ ДЕЙДІ?

Азаттық тілшісі болашақта сайланатын Құрылтайдың жұмысын реттейтін конституциялық заңды талқылап жатқан қазіргі мәжіліс депутаттарынан "әдеп" жайлы тарауға қатысты пікірлерін сұрады.

Депутат Ринат Зайытов "Бұл талап депутаттарға бақылауды күшейту емес пе?" деген сауалға: "Соған келеді негізі. Әу баста Құрылтайдың өзінің мәртебесінде көп кемшіліктер бар деп ойлаймын. Депутат жеке өзінің ойын айтпасын дейді. Әртүрлі сөз саптас болады. Бізге министрліктен келген өкілдер кейде қазақша айтқанды түсінбей жатады. Ертең соның бәрі этикаға сай емес дей беретін болса, қалай болмақ? Сондықтан осындайда нақтылап, "мынаны айтуға болмайды, балағат сөз айтуға болмайды" деп жазу керек" деді.

Ал депутат Абзал Құспан "жалпы талап дұрыс деп ойлаймын. Мұның сөз бостандығына қатысы жоқ. Депутааттар көпшілік алдына шығып, бір-бірімен бет жыртысып жатқанының сөз бостандығына қатысы жоқ деп ойлаймын" деді мәжіліс кулуарында.

Қазақстан парламенті

Жеке мандаттан сайланған депутат Ермұрат Бапи жаңа талаптарды "депутаттар арасындағы негізсіз пікірталастарды ретке қою амалы" деп топшылайды.

- Кейінгі кезде парламенттің ішіндегі талқылауларда депутаттар арасында пікір қайшылығы, пікір қақтығысы бар. Кейде эмоцияға салынып кететін жағдайлар бар. Кейде негізсіз пікірталас туып кетеді. Осыған бір реттеу қоюдың амалы шығар . Бірақ алда комиссияның талқысы нәтижесінде санаға сиятындай және біздің демократиялық қарым-қатынастар нормасына сай келетіндей реттейді деп ойлаймын, - дейді ол.

Тағы бір депутат Нұржан Әшімбетов "Бұл талаптар өте дұрыс. Қазір мәжілісте этика жөніндегі комиссия бар, бірақ заңда жазылмаған. Бұл талаптар сол мәжілістің регламенті бойынша жасалған, соны заңға енгізіп жатыр" деп қысқа қайырды.

Қазақстанда жаңа Конституцияға сай келесі парламент бір палаталы болады және ол Құрылтай деп аталмақ. Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай сайлауы тамыз айында болатынын айтқан. Жаңа парламент тек партиялық тізіммен сайланады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Қазақстан бірмандатты сайлаудан неге бас тартты? Депутат Ермұрат Бапимен сұхбат