"Әділет" партиясы құрылды. Президент әкімшілігін басқарған Айбек Дәдебай партия төрағасы болды

"Әділет" партиясын құру бойынша құрылтай. Астана, 7 мамыр 2025 жыл.

Жаңадан құрылған "Әділет" партиясына президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың әкімшілігін басқарған Айбек Дәдебай төраға болды. Партияның құрылуын, қарарын, төрағасын делегаттар бірауыздан мақұлдады.

931 ДЕЛЕГАТТЫҢ ҚОЛДАУЫ

7 мамырда Астанада "Әділет" партиясын құру бойынша құрылтай өтіп, жиында 931 делегаттың барлығы партияның құрылуын қолдады. Жаңа партияның саяси кеңесінің құрамының басында бірнеше күн бұрын президент әкімшілігі басшысы қызметінен босатылған Айбек Дәдебай тұр. Яғни, ол партияны басқарады.

Бұған дейін Ақорда Дәдебайдың "саяси-қоғамдық жұмысқа ауысатынын" айтқан еді.

Құрылтайда партия төрағасы болып бекітілгеннен кейін Дәдебай сөз сөйлеп, "Өздеріңіз сенім артып, партия төрағасы болып сайлану – мен үшін мәртебе және аса жауапкершілік. Партияны құрудағы мұратымыз – мансап та, атақ та емес. Біз әділетті ел, әділетті қоғам құру үшін біріктік. Сол ортақ талабымыз оң болсын. Басты идеямыз – әділдік. Біз үшін әділдік әсте жалаң ұран емес, ол – мемлекетіміздің тұрақтылығының негізі, қоғамдағы сенім, әр азаматтың мемлекетке деген сенімінің айнасы" деді.

Айбек Дәдебай жаңа Конституция бойынша референдумда дауыс берген сәт. 15 наурыз 2026 жыл.

Бұған қоса, саяси кеңеске "Қазақ тілі" қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, белгілі кәсіпкер Сергей Лаврентьев, балалар омбудсмені Динара Закиева, "Қазақстан" ұлттық арнасының журналисі Ирина Тен, саясаттанушы Марат Шибутов бар. Бұл адамдардың кейбірі биліктегі "Аманат" партиясының мүшесі болса, біразы жаңа Конституция жобасын әзірлеген комиссия құрамына кірген.

"Әділет" партиясының қарары Ақорда саясатымен үндес - Әділетті Қазақстан, патриотизм, жауапкершілік және цифрлық даму.

Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қаңтар оқиғасынан кейін "Әділетті Қазақстан" құру бастамасын көтерген. Кейін билік елдегі цифрлық дамуды күшейтуді жиі айта бастады.

"Әділет" мүшесі Кенжеханұлы журналистердің "партия биліктің саясатын қолдаса, аяси ұйым құрудың қаншалықты қажет болды?" деген сауал қойды.

Ол "Қазақстанда әділдік орнату үшін саяси күш керек, өйткені мұндай өзгерістер реформаларды, сананы өзгертуді талап етеді, жаңа мәдениетті талап етеді. Соны жүзеге асыратын саяси күш керек" деді.

Бұған қоса, Кенжеханұлы журналистердің "Жұрт арасында "Әділет" партиясы кезекті қуыршақ партия деген пікір бар, бұған не дейсіз?" деген сауалына "әркімнің пікірі өзіне, біз жұмыс істейміз" деп қысқа қайырды.

"Әділет" партияс саяси кеңесіне енгендер.

"Әділет" партиясы алда өтетін Құрылтай сайлауы қарсаңында құрылып жатыр. Тоқаев биыл тамызда бірпалаталы парламент сайлауы өтетінін айтқан. Құрылтай партия тізімімен сайланбақ.

Кенжеханұлы бастаған бастамашыл топ 15 сәуірде партия құратынын жариялап, әділет министрлігіне құжат өткізген. Министрлік бастамашыл топқа партия құру процесін бастауға бірден рұқсат берген.

Қазір Қазақстанда ресми тіркелген жеті партия – "Аманат", "Ақжол", "Ауыл", Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы, Қазақстан халқы партиясы (коммунистер), "Ауыл", "Байтақ" бар. 2023 жылғы парламент сайлауында тізімдегі алғашқы алты партия мәжіліске өткен.

ТІРКЕЛЕ АЛМАҒАН ҰЙЫМДАР

"Әділет" партиясы елде бірнеше ұйым партия болып тіркеле алмай жүрген тұста құрылды Бұған дейін "Алға, Қазақстан" оппозициялық қозғалысы әділет министрлігіне 20-дан аса рет өтініш жіберіп, тіркеле алмай жүр. "Алға, Қазақстанның" жетекшісі Марат Жыланбаев ҚДТ қозғалысының (Қазақстан экстремистік ұйым деп таныған, Еуропарламент бейбіт оппозициялық қозғалыс деп атайды) жұмысына араласты деп 7 жылға сотталды.

Қытайдағы қазақтар мәселесін көтеріп танылған "Атажұрт" ұйымы саяси партия құру әрекетін 2023 жылы бастағанымен, тіркеле алмады. Бұл ұйымның мүшелері мен жақтастары Қытай туы мен Қытай төрағасы Си Цзиньпиннің суретін өртегені үшін 5 жылға сотталды, бас бостандығы шектелгендер де бар.

Оппозициялық саясаткер Жанболат Мамай "Қазақстанның демократиялық партиясын", қоғам белсендісі Санжар Боқаев "Намыс" партиясын тіркете алмады. Мамай "Қаңтар оқиғасы кезінде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды" деп айыпталып, алты жылға бас бостандығы шектелген. Ал Санжар Боқаев биыл "аса ірі мөлшерде қаржыны алаяқтық жолмен жымқырды, жалған ақпарат таратты және қоғамда теріс пікір қалыптастыру мақсатында видео жариялады" деп айыпталып, қамауға алынды. Белсенділердің барлығы өздеріне тағылған айыпты мойындамайды.

Бұдан бөлек "Ел тірегі", "Халық дербестігі", HAQ, "Еркін халық", "Біздің құқық", "Жанашыр", "Еңбек", "Алаш Орда", "Ынтымақ" сынды тағы бірнеше топ партия құрмаққа талпынды. Бірақ ешбірі әлі ресми тіркелмеді.

"Ел тірегінің" жетекшісі Нұржан Әлтаев "аса ірі мөлшерде пара алды" деген айыппен 10 жылға сотталды. Әлтаев айыпты мойындамады, мұның саяси астары бар деп мәлімдеген.

238 адам қаза тапқан Қаңтар оқиғасынан кейін Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "Жаңа Қазақстанда адал әрі еркін саяси бәсеке болатынын" жариялап, партия тіркеу рәсімі "едәуір жеңілдейді" деп мәлімдеген . Осыдан кейін елде заңға тиісті өзгертулер енгізіліп, партия құру жөніндегі бастамашыл топқа қажет адам саны 1000-нан 700-ге, мүшелікке қажет адам саны 20 мыңнан 7 мыңға төмендетілген.

Алайда оппозициялық партия құруды мақсат еткен бірнеше бастамашыл топ бірнеше жылдан бері ресми тіркеуден өте алмай жүр. Олар биліктің партияны тіркемей отыруының саяси астары бар деп санайды. Сарапшылар Қазақстан билігі саяси белсенділерге партия құруға мүмкіндік бермей отыр деген. Ресми Астана партия тіркеу талабы кейінгі жылдары жеңілдегенін, партия тіркегісі келетіндерді алалау жоқ екенін бірнеше рет айтқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Билік реформасын қолдайтын" "Әділет" партиясы құрылмақ. Бастамашыл топта "Аманатта" мүше болғандар бар