"Шекарасыз тілшілер" Айдос Садықовтың өліміне қатысты БҰҰ-ға қайырылды

Айдос Садықов.

Журналистер құқығын қорғайтын "Шекарасыз тілшілер" (RSF) халықаралық ұйымы қазақстандық блогер Айдос Садықовтың өліміне қатысты жауапқа қол жеткізу үшін БҰҰ-ға қайырылды. Бұл туралы ұйым ресми сайтында хабарлады.

"Украинада босқын мәртебесін алған қазақстандық блогер Айдос Садықовтың кісі қолынан қаза тапқанына екі жыл болса да, заңсыздық мәселесі шешілген жоқ. Күдікті деп танылған екі қазақстандық бостандықта жүр, ал қылмысқа тапсырыс берген адам әлі белгісіз. Қазақстан билігінің үнсіздігі мен елдің сот органдарының әрекетсіздігіне байланысты "Шекарасыз тілшілер" Қазақстан билігінен жауапқа қол жеткізу үшін БҰҰ-ның адам құқығын қорғау бойынша органдарына қайырылды" деп мәлімдеді ұйым.

"Шекарасыз тілшілер" Айдос Садықовтың әйелі Наталья Садықованың келісімімен БҰҰ-ның ой еркіндігі бойынша кеңсесіне арызданғанын айтты.

Ұйым мәлімдемесінде Украина тарабы Қазақстанның екі азаматын күдікті деп танығанын, Қазақстан билігі Украина тарабының сұрауына "реакция білдірмегенін" жазады. Бұған қоса, қазақстандық бизнесмен Гаджи Гаджиевтің Наталья Садықованың үстінен Украина сотына арыз жазғанын да айтқан.

2024 жылғы шілде айында Киевте әйелімен бірге көлікте кетіп бара жатқан кезде басынан оқ тиген Айдос Садықов 13 күн ес-түссіз жатып, ауруханада көз жұмған. Наталья Садықова күйеуінің қазасына Қазақстан билігін айыптап, оның өлімі президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа "пайдалы болды" деді. Астана кісі өлтіруге қатысы жоғын мәлімдеді.

Садықовтар Youtube желісінде "Бәсе" арнасын ашып, билікті ашық сынайтын видеолар жариялап жүрген.

Айдос Садықовтың өліміне күдікті ретінде Қазақстан азаматтары Алтай Жақанбаев пен Мейрам Қаратаев деген азаматтар аталды. Былтыр Қазақстан билігі Жақанбаев елге оралып, полицияға өз еркімен берілді деп мәлімдеді. Ал 22 сәуірде Қазақстанның Бас прокуратурасы Айдос Садықовтың өліміне қатысты Азаттықтың сауалына берген жауабында "кешенді тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын" хабарлады, бірақ қосымша ақпарат бермеді.

Наталья Садықова "Бәсе" арнасына шыққан видеоларда күйеуінің өліміне бизнесмен Гаджи Гаджиевтің қатысы бар деп бірнеше рет айтқан. Гаджиев бұл сөздерді жоққа шығарып, Киев сотына "ар-намыс пен қадір-қасиетін қорғауды" сұрап берген шағымданған. Сот маусымда басталуы тиіс. 5 мамырда Freedom for Eurasia Гаджи Гаджиевтің журналист Наталья Садықоваға қарсы талап-арызын айыптаған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Бизнесмен "Бәсе" авторын "жала жапты" деп сотқа берді. Неге?