25 мамырда полиция Алматыдан Астанаға АҚШ елшілігіне бара жатқан "Атажұрт" ұйымының белсенділері — Әсен Нұрсан мен Оралхан Әбенді (сотталған Тұрсынбек Қабидің әйелі) жолда ұстаған. Ал Алматыдағы темір жол вокзалынан Астанаға жолға шықпақ болған Нұргүл Ибраеваны ("Атажұрттың" бес жылға сотталып кеткен жетекшісі Бекзат Мақсұтханның әйелі) пойыздан түсіріп алған. Бұл туралы белсенділердің өздері хабарлады.
Нұрсан мен Әбеннің қазір қайда екені белгісіз. Азаттық бұл іс бойынша Алматы полиция департаментінің баспасөз хатшысы Салтанат Әзірбекке хабарласты. Қоңырауға да, WhatsApp арқылы жолдаған сауалға да әзірше жауап келген жоқ.
Ал Астана қалалық полиция департаментінің баспасөз хатшысы Эльмира Шәуленова қала аумағындағы полиция бөлімшелерінде Әсен Нұрсан мен Оралхан Әбен есімді азаматтар жоқ деп хабарлады. Бұдан бөлек Азаттық бүгін, 26 мамырда Қазақстан ішкі істер министрлігіне полиция бұл азаматтардың жүріп-тұруына қандай негізде шектеп отырғаны туралы сауал жолдады. Оның жауабы бес күн ішінде келуі керек.
Полиция Нұргүл Ибраевамен сөйлесіп жатыр. Алматы. 26 мамыр 2026 жыл.
Нұрсан мен Әбен 25 мамыр күні таңға жуық Facebook желісіндегі жеке парақшасында тікелей эфирге шығып, полиция оларға қалаға жетуге кедергі келтіріп отырғанын айтқан. Олардың сөзінше, полиция такси жүргізушісін "әлдебір шағым түсті" деген себеппен жолда тоқтатып, бірнеше сағат жібермей тұрған. "Атажұрттың" атын атамауды сұраған белсендінің сөзінше, екеуі соңғы рет "Астанаға жақын елді мекендердің біріндеміз" деп хабарласқан. Желідегі видеода Оралхан Әбен АҚШ елшілігінен шақырту алғанын және "Атажұрт" қозғалысының сотталған он тоғыз белсендісінің ісі туралы жеткізбек болғанын айтады. Олар полицияның такси жүргізушісін тоқтатқанын екеуін Астанаға жібермеудің амалы деп біледі. "Бізді аңдып жүр" дейді Нұрсан видеода.
Сол күні, 25 мамырда Нұргүл Ибраеваны полиция Алматыдан Астанаға жүргелі тұрған пойыздың ішінен түсіріп алған.
— АҚШ елшілігі өкілдерінің шақыртуымен Астанаға бара жатыр едім. Мені 28 мамырда қабылдауы керек болған. Кездесу кезінде "Атажұрт" белсенділері мен бес жылға сотталған Бекзат Мақсұтханның ісі бойынша айтамын деп отырғанмын. Пойызға жүрерден аз уақыт бұрын билет алдым. Бір кезде қауіпсіздік қызметінің екі адамы менің аты-жөнімді айтып, іздеп келді. "Жүріңіз, түсуіңіз керек, бұйрық келді" деді. Түспесем, күштеп түсіретіндерін айтты, — дейді Ибраева.
Бұдан соң әйел бір жарым сағаттай теміржолдағы қауіпсіздік қызметкерлерінің кабинетінде отырғанын айтады. Артынша Жетісу ауданының полицейлеріміз деген екі қызметкер келіп, Алматыдағы Масанчи көшесінде орналасқан қалалық полиция департаментіне алып барған. Онда полициядан бөлек, жай киім киген екі адам тергеген, бірақ Ибраева олардың аты-жөні мен қызметтік лауазымын білмейді. Олар өзін Ибраеваға "қандастар мәселесімен айналысатын адамдармыз" деп таныстырған.
— Департамент ішінде екі адам тергеді. "АҚШ елшілігіне неге бара жатырсыз, неге мәселеңізді осы елдің ішінде айта бермейсіз?" деп сұрады. "Күйеуімді негізсіз бес жылға соттап жіберді, тым ауыр жаза кесті" деп айтамын, АҚШ елшілігіне арызданамын дедім. "Бармайсыз" деді. "Ұшақпен де, көлікпен де, пойызбен де жібермейміз, мүлдем барғызбаймыз. Біздің бақылаудасыз" деп айтты, — дейді Ибраева.
Әйелдің сөзінше, бұдан соң пойыз билеті мен Астанадан қайтар билеттің ақшасын өтеп беруді сұрап арыз жазған. Сондағы қызметкерлер оның жеке Kaspi шотына билет шығынын артығымен өтеп бергенін айтады.
Биыл 13 сәуірде Талдықорған соты "Атажұрт" ұйымының 19 белсендісін ұлтаралық алауыздықты қоздыру деген баппен қылмыстық жауапқа тартқан. Айыпталушылардың біразы бес жылға сотталып, кейбіріне бас бостандығын шектеу жазасы берілді. Барлығына үш жылға қоғамдық-саяси жұмыстармен айналысуға тыйым салынды. Белсенділердің сотқа тартылуына былтыр күзде Қытаймен шекара маңында Қытай туы мен Қытай басшысы Си Цзиньпиннің суретін өртеп, Шыңжаңдағы "түзету лагеріне" қамалған қазақтарды босатуды және Қытаймен визасыз режимді жоюды талап еткен наразылық акциясы ілік болған.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Қытайға қарсы наразылыққа шыққан 19 адамға үкім оқылды. Сот барлығын айыпты деп таныдыХалықаралық ұйымдар бұл үкімді сынап, оны адам құқығына, сөз еркіндігіне қайшы деп сөккен. БҰҰ-ның адам құқығын қорғаушылар жағдайы жөніндегі арнайы баяндамашысы Мэри Лоулор Қазақстан соты жауапқа тартқан "Атажұрт" ұйымы белсенділерінің ісін әділ сотта қайта қарауға шақырған. Amnesty International құқық қорғау ұйымы 19 белсендіге шыққан сот үкімін "әділетсіздік көрінісі" деп айыптады. Ұйым 16 сәуірдегі мәлімдемесінде белсенділердің бейбіт наразылығы Қытайдың Шыңжаң өңіріндегі адам құқықтарын бұзып отырғанына көпшіліктің назарын аудару және оларды тоқтатуға үндеу мақсатында өткені айтылған.