Белсенді Жахин "ҚДТ қызметіне араласты" деген айыппен жеті жылға сотталды

Белсенді Амангелді Жахин. Астана, 20 наурыз 2026 жыл.

10 маусымда Көкшетаудағы сот белсенді Амангелді Жахинді "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты", "экстремистік ұйымды қаржыландырды" деген айыппен жеті жылға соттады. Бұл туралы белсенді Әсет Әбішев Facebook парақшасында жазды. Жахиннің жеті жылға сотталғанын адвокаты Аслан Сәденов Азаттыққа растады.

Сот белсендіні елде экстремистік ұйым деп танылған "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қозғалысының "жұмысына араласты, қаржыландырды" деп айыптады. Шетелде тұратын қуғындағы бұрынғы банкир әрі Қазақстан билігін сынап жүрген Мұхтар Әблязов құрған ҚДТ қозғалысын Еуропарламент "бейбіт оппозициялық ұйым" деп атайды.

2023 жылы қарашада дәл осы айыппен белсенді, марафоншы Марат Жыланбаев жеті жылға сотталған еді.

"Сценарий бұл жолы толық қайталанды, – деп жазды белсенді Әсет Әбішев Facebook парақшасында. – Бүгін Амангелдіні қолдау үшін Көкшетауға көп белсенді келді. Олар ұзақ жолды артқа тастап келіп, қоғам бұл істі қадағалап отырғанын көрсетті. Бірақ оларға сотты ашық бақылауға, Амангелдіні көруге мүмкіндік бермеді".

Көкшетаудағы сот жабық өтті.

Белсенділер Амангелді Жахин, Бибігүл Иманғалиева, Марат Жыланбаев (солдан оңға қарай) "Алға, Қазақстан" ұйымының жиынында отыр. 2015 жыл.

Жыланбаев пен Жахин елде "Алға, Қазақстан" партиясын құруға талпынған. "Алға, Қазақстанның" бастамашыл тобы ұйымды партия етіп тіркеу үшін әділет министрлігіне 26 рет өтініш берген. Бірақ министрлік бастамашыл топтың құжаттары дұрыс емес деп партияны тіркемей келеді. Қазір "Алға, Қазақстанның" кейбір өкілдері үйқамақта, кейбірі әкімшілік жауапқа тартылған.

Жахин осыған дейін сот отырысының бірінде "Азаматтық позициямды білдірген әрекетті "экстремизм" деп санап жатыр. Партияның қатарынан екі төрағасын түрмеге қамау дегенді қалай атауға болады. Тоқаевтың өзі "партия құрыңдар" демеп пе еді. Сол партияны құрмақ болған бізге кедергі жасап, түрмеге қамап жатыр" деген.

Жахин былтыр қарашада ұсталып, Көкшетаудағы тергеу изоляторына қамалған. Ақпан айында тергеуі аяқталған еді. Белсенді бұған дейін елде өткен билікке қарсы бейбіт митингілерге қатысып әкімшілік жазаға тартылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Сот оппозициялық белсенді Амангелді Жахиннің ісін жабық қарауды сұраған прокурордың өтінішін орындады26 рет өтініш беріп, тіркеле алмаған "Алға Қазақстан": апелляциялық сот шешімді өзгертпедіАстаналық белсенді Элвира Бекзадина екі ай үйқамаққа алынды"Алға, Қазақстан" белсендісі Амангелді Жахинді полиция ұстап, үйін және ұлының пәтерін тінтті