Қырғызстан Қазақстаннан бензин сұрады

Қырғызстан бензин тапшылығының алдын алу үшін Қазақстан, Беларусь, Әзербайжан, Өзбекстан және Түркіменстаннан жанармай сұраған. Бұл туралы Қырғызстан энергетика министрлігіне сілтеп Reuters агенттігі хабарлады.

Қырғызстан жанар-жағармайдың 90 пайызын Ресейден алады. Ал Украина Ресейдің мұнай базаларына жасаған соққыларынан соң қазір Ресейде бензин тапшы болып жатыр. Ресей президенті Владимир Путин өткен аптада Мәскеу бензин экспортын шектеуі мүмкін екенін айтқан.

"Бензинді алдағы уақытта тұрақты жеткізу үшін Ресей, Қазақстан, Беларус, Әзербайжан, Өзбекстан және Түркіменстанға ресми өтініш жіберілді" деді Қырғызстан энергетика министрлігі.

Ведомство Қырғызстанда қазірше бензин қоры жеткілікті екенін айтады. Бірақ Қырғызстан мұнай трейдерлер қауымдастығы кейбір бекеттерде АИ-95 бензині тапшы екенін, АИ-92 бензині 30-45 күнге ғана жететінін хабарлады, ал егін жинау маусымына керекті дизель жеткілікті дейді.

Бұған дейін Reuters агенттігі дереккөздеріне сілтеп, Қазақстан Ресейге 50 мың тонна бензин жеткізбек деп жазған еді. Ал Қазақстан тарабы Ресей ресми түрде бензин сұраған жоқ, сұраса "тиімді коммерциялық шарттармен қарастырамыз" деді.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Министрлік: Қазақстан Ресейге отын жеткізу мүмкіндігін қарастыруға дайын