Қазақстан "бензин контрабандасын" алдын алу үшін шекараға 59 пункт орнатты

Қазақстан ішкі істер министрлігі елден жанар-жағармайды заңсыз әкету әрекеттерін алдын алу үшін шекара бойына 59 пост қойды. Бұл туралы министрлікке тиесілі polisia.kz сайты хабарлады.

Полиция басқа да мемлекеттік органдармен бірігіп, көліктерде қосымша бак бар-жоғын тексеріп жатыр. Министрліктің мәліметінше, жыл басынан бері көлікке қосымша бак орнатып алған 255 факт анықталған. Осыған байланысты 195 шетелдік, 60 қазақстандық әкімшілік жауапқа тартылған. Оларға Әкімшілік кодекстің "Көлік құралдарын пайдалану ережесін бұзды" деген айып тағылып, 15 АЕК (64875 теңге, шамамен 136 доллар) айыппұл салынған. Ұсталғандардың көліктеріндегі қосымша бактар алынған.

Қазақстан мұндай шешімдерді Ресейде бензин тапшы болып жатқан тұста қабылдады.

Бұған дейін Қазақстан энергетика вице-министрі Қайырхан Тұтқышбаев Ресеймен шектесетін БҚО, Ақтөбе, Павлодар облысында жанар-жағармай сатылымы "айтарлықтай өсіп кеткенін" айтқан.

Осыдан соң Қазақстан шетелден кіретін көліктерге шектеу қойған. Бұл шектеуге сай, шетелдік кез келген көлік Қазақстанға тәулігіне бір реттен артық кіріп-шыға алмайды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Тәулігіне бір-ақ рет". Қазақстанға көліктердің кіріп-шығуын шектейтін ереже қабылданды