Егер АҚШ президенті Дональд Трамп уәдесінде тұрып, Украинаға Patriot зымырандарын әзірлеуге лицензия берсе, бұл Зеленский мен Украина әуе қорғаныс жүйесіне үлкен қолдау болмақ. Алайда сарапшылар елеулі өзгеріс болады деген күмәнмен қарайды.
Ресей Киевке бір апта ішінде үшінші рет жойқын шабуыл жасаған кезде Украина президенті ел астанасынан 1200 шақырым қашықтықта болатын. Ол онда Ресейдің ауыр соққыларын тоқтатуға немесе кем дегенде олардың зардабын азайтуға мүмкіндік беретін қаруды Украинада өндіруге рұқсат сұрап жүрген.
Қазір Киевке көп нәрсе қажет. Украина Ресейдің 52 айға созылған басқыншылық соғысына төтеп беріп жатыр. Бірақ оларға қазір ең керегі – Ресей баллистикалық зымырандарын қағып түсіретін қару.
Осыған дейін баллистикалық зымырандарға қарсы күресте ең тиімді құрал АҚШ-тың Patriot жүйесі болатын. Алайда Украина қолындағы Patriot қорғаныс жүйесінің зымырандары сарқылып жатыр. Таяу Шығыстағы соғыстың салдарынан АҚШ-тың өз қоры да азайып қалды.
Киев енді Patriot жүйесіне керек зымырандарды өзі өндіргісі келеді. Бірақ ол үшін АҚШ-тан лицензия керек.
8 шілде күні Владимир Зеленский бұл лицензияға бір табан жақындады.
"Біз оларға Patriot өндіруге рұқсат береміз" деді Трамп Түркиядағы НАТО саммиті аясында Зеленскиймен кездесіп.
"Біз сіздерге Patriot өндірісіне лицензия береміз" деді ол. "Енді жеткілікті деңгейде бермей жатсыңдар деп шағына алмайсыздар. "Өздеріңіз әзірлеңіздер" деп айтамын.
Егер Трамп бұл уәдесін орындаса, бұл Украинаның әуе шабуылынан қорғау жүйесіне және Зеленскийдің өзіне елеулі қолдау болмақ.
Ресей кейінгі апталарда Киевке түрлі қарумен соққы жасады. Шабуылда дрондар, қанатты және баллистикалық зымырандар қолданылды. 30 адамның өмірін қиған 2 шілдедегі шабуыл 2022 жылғы ақпанда басталған соғыстың ең ауыр соққыларының бірі болды.
Ресей бір апта ішінде Киевке үш рет соққы жасады. Кейінгісі 6 шілдеде жасалды.
Соғыс барысында Украинаның әуе қорғаныс жүйесі айтарлықтай күшейді. Әуе күштері Ресейдің дрондары мен қанатты зымырандарын жоюды үйренді. Сонымен қатар Украинаның қорғаныс өнеркәсібі жаңа қару-жарақ, соның ішінде әуе қорғанысы жүйелерін жасауды жеделдетті.
Лондондағы Ақпараттық тұрақтылық орталығының мәліметінше, Украина биыл қаңтардан бері Ресейдің ұзаққа ұшатын дрондарының 90 пайызын (майдан шебінде қолданылып жатқан қысқа қашықтықтағы дрондар есепке алынбаған), қанатты зымыранының 80 пайызын атып түсірген.
Алайда биыл ұшырылған 522 ресейлік баллистикалық зымыранның 70 пайызы Украинаның әуе шабуылынан қорғау жүйесінен өтіп кеткен.
Ресей негізінен ұшу қашықтығы шамамен 500 шақырым болатын, жылдамдығы 7 Махқа дейін жететін (1 Махпен қозғалатын зымыран бір секундта 340 метрге жетеді) жерүсті базасындағы "Искандер-М" зымыранын қолданады. Мұндай зымыран нысанаға бірнеше минут ішінде жетеді.
6 шілдедегі шабуыл кезінде Киевтің әуе қорғанысы 23 "Искандер-М" зымыранының бірде-бірін атып түсіре алмады. Сондай-ақ "Циркон" деп аталатын алты гипердыбыстық қанатты зымыран да тосқауылдан өтіп кетті.
"Баллистикалық зымырандарды жою үшін тиісті құралдар қажет. Бізде жүйелер жеткілікті, бірақ бізге зымырандардың тұрақты жеткізілгені керек" деді 2 шілдедегі шабуылдан кейін Украина Әуе күштерінің өкілі полковник Юрий Игнат телеүндеуінде.
"Patriot жүйесіне арналған зымырандар Украинада ғана емес, бүкіл әлемде жетіспей жатыр, ал Ресей соны пайдаланып отыр" деді ол. "Олар сол себепті баллистикалық зымырандармен соққы жасауға басымдық беріп келеді".
Қырымды қара түнек басты: Украина дрондары электр желілерін жайпап жатыр
Patriot зымыранын Украинаның өзі өндірсе...
Америкалық Lockheed Martin және Raytheon дейтін ірі компаниялар шығаратын Patriot жүйесінің құрамында: қағып түсіруші зымыран, ұшыру қондырғысы, радар, жоғары жиілікті антенна, басқару станциясы және электр энергиясының генераторы бар.
Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының дерегінше, бір Patriot жүйесінің жалпы құны – шамамен 1,1 миллиард доллар. Оның ішіне ұшыру қондырғысы мен өзге компоненттер 400 миллион доллары, зымырандар 690 миллион доллар тұрады.
Украинада кемінде жеті Patriot жүйесі бар. Оның үшеуін АҚШ, үшеуін Германия, ал кемі біреуін Еуропадағы одақтастар тобы берген.
Алайда олардың барлығы бір уақытта жұмыс істемейді. Себебі бұл кешендер жөндеуден өтіп тұрады.
Украинада бұдан бөлек Франция мен Италия бірлесіп жасаған SAMP/T жүйесі де бар. Ол қанатты зымырандар мен дрондарды жоя алғанымен, оның биігірек әрі жылдамырақ ұшатын баллистикалық зымырандарға қарсы тиімділігі төмен.
Ресей шабуылы кезінде жертөлені паналап отырған Киев тұрғындары. 6 шілде 2026 жыл.
Киевке Patriot батареяларынан ұшырылатын PAC-2 және жаңарақ PAC-3 зымырандары жетіспейді.
Украина билігі бұл мәселені бірнеше ай бойы АҚШ әкімшілігімен талқылап келді. Сонымен қатар Киев еуропалық одақтастардың қолдауына да үміт артып отыр.
"Украиндар бізге PAC-2-ге балама зымырандарды бір жылдан аз уақыт ішінде жасап, оны көп көлемде шығара алатынын айтып отыр. Егер олар мұны жүзеге асырса, біз оны құптаймыз" деді НАТО-ның жоғары лауазымды дипломаты Азаттық радиосына берген сұхбатында.
Алайда сарапшылар Украина жақын арада мұндай зымырандарды кең көлемде өндіре алатынына күмән келтіреді.
"Украинада PAC-3 зымырандарын лицензия бойынша өндіруді жолға қоя аламыз дегенге келіспеймін" дейді Украинаның бұрынғы әуе қорғанысы офицері, қазір Киев ұлттық авиация университетінде дәріс беретін Валерий Романенко.
"Біріншіден, біздің барлық кәсіпорындарымыз Ресейдің баллистикалық зымырандарының шабуылына ұшырап жатыр, ал біз оларды әзірге қорғай алмаймыз. Екіншіден, біз де өндірушілер сияқты құрамдас бөлшектер тапшылығына тап боламыз" дейді ол.
"Трамп рұқсатын берген шығар, бірақ бұл жоспардың өзі іске аспайды" дейді АҚШ-тағы Defense Priorities сараптама орталығының зерттеушісі Дженнифер Кавана. "Украина экспорт талаптарына сай өндіріс орындарын салуы, бөлшектер тапшылығын еңсеруі және АҚШ заңнамасындағы көптеген рәсімнен өтуі керек".
"Украина Patriot зымырандарын шығаратын болса да, бұл шағын көлемде әрі кемінде бір жылдан кейін ғана жүзеге асады. Сондықтан бұл қысқа мерзімде Украинаға көмектеспейді" дейді Кавана.
Оның айтуынша, құпия технологиялардың қарсылас елдердің қолына түсу қаупін де жоққа шығаруға болмайды.
"Бұл технологияларды Украинаға беруде үлкен қауіп-қатерлер бар. Меніңше, Украинаға лицензия берілген жағдайда, технология түбінде Ресей мен Қытайдың қолына түсуі әбден мүмкін" дейді Кавана.
Your browser doesn’t support HTML5
Трамп Украинаға Patriot зымырандарын жасауға рұқсат берді
Романенконың пікірінше, Украина үшін ең тиімді стратегия – Ресейдің қорғаныс кәсіпорындарын жоюға арналған алыс қашықтықтағы зымырандарды көбірек алу. Ол америкалық "Томагавк" зымырандарын мысал етеді.
Былтыр АҚШ қорғаныс министрлігі Украинаға "Томагавк" зымырандарын беруге келіскен, бірақ АҚШ оны тоқтатып қойды.
"Мен белсенді қорғаныстың жақтасымын... Бізге Ресейдің зымыран шығаратын зауыттары мен осы баллистикалық зымырандарды ұшыратын бөлімшелеріне соққы жасау керек. Бірақ мұндай соққылар үшін бізге алыс қашықтыққа ұшатын қуатты зымырандар – "Томагавкілер" немесе әуеден ұшырылатын қанатты зымырандар қажет.
Алыс қашықтыққа ұшатын дрондар мен "Фламинго" қанатты зымыранын жасауда табысқа жеткен украиналық Fire Point компаниясы Patriot жүйесін толықтыратын немесе тіпті алмастыратын өз әуе қорғаныс жүйесін әзірлеп жатыр.
Өткен айда компания "Фрея" деп аталатын жүйенің сынағы сәтті өткенін хабарлады. Алайда сарапшылар оның толыққанды ұрысқа дайын батареясын орналастыру үшін әлі бірнеше ай қажет екенін ескертеді.