Сот медиаға бөлінетін қаржы туралы ақпарат беруді талап еткен шағымды қанағаттандырмады

"Құқықтық медиаорталық" жетекшісі Диана Окремова

Астананың әкімшілік істер жөніндегі соты "Құқықтық медиаорталық" жетекшісі Диана Окремованың ақпарат саласына бөлінетін бюджет көлемін жариялауды талап еткен шағымын қанағаттандырмады. Окремова Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты Ақпарат комитетінің үстінен шағымданған еді.

Сот БАҚ-қа берілген гранттар мен мемлекеттік ақпараттық тапсырыстар "жариялауға болмайтын ақпарат" дейді әрі "ақпаратты ұсынбау заң талаптарын бұзбайды" деп тапқан.

Диана Окремова биыл сәуірде мәдениет және ақпарат министрлігінен жекеменшік бұқаралық ақпарат құралдарына бөлінген гранттардың сомасы туралы ақпаратты сұраған. Бірақ министрлік сұратылған ақпаратты ұсынудан бас тартып, оны "жариялауға болмайтын қызметтік ақпарат" деген.

Мұнымен келіспеген Окремова сотқа қайырылған. Ол бюджет қаражатының жұмсалуы туралы ақпарат ашық әрі қолжетімді болуы керек деп санайды.

- Министрлік, меніңше, бюджет қаражатының қалай жұмсалып жатқанын жасыруға тырысып отыр. Қазақстан бірқатар халықаралық құжаттарға қол қойған. Халықаралық стандарттардың барлығы бюджет қаражатының жұмсалуы туралы ақпаратқа қол жеткізу – азаматтарға берілетін артықшылық емес, қалыпты нәрсе екенін айтады. Бұл – менің жеке талабым немесе қалауым емес. Бұл – мемлекеттің салық төлеушілердің қаражатының қалай жұмсалып жатқандығы жөнінде қоғам алдында есеп беру міндеті. Министрлік те, комитет те бюджет қаражатының жалпы сомасын жариялаудан қандай қауіп туындайтынын дәлелдейтін бірде-бір нақты әрі негізді уәж келтірген жоқ, - деді Диана Окремова сотта.

Сот қаулысы әзірге заңды күшіне енген жоқ. Талапкер екі ай ішінде апелляциялық шағым түсіруге хақылы. Окремова шағым түсіретіндерін айтты.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Сот БАҚ-тарға бөлінетін қаржы туралы ақпараттың ашықтығы қаралатын істен фото, видео түсіруге тыйым салды