АҚШ конгресмені Билл Хайзенга Каспий құбыр консорциумының (КҚК) инфрақұрылымына шабуылдауға бұдан әрі жол бермеу керек деп мәлімдеді.
Times of Central Asia басылымына сұхбатында Республикалық партия өкілі, Конгресстің өкілдер палатасындағы сыртқы істер комитетінің Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі кіші комитетінің төрағасы Билл Хайзенга АҚШ әкімшілігі Украинаға құбырға шабуыл жасамауды ескертуі тиіс екенін айтты.
Америкалық ірі компаниялар Қазақстанның батысында өндірілетін мұнайдың басым бөлігін осы құбыр арқылы экспорттайды.
"Әкімшілік украиналықтарға анық айтуы керек: КҚК терминалын атқылау тек бейбіт тұрғындарға емес, сонымен бірге АҚШ-тың мүдделеріне де қауіп төндіреді. Украина жаһандық энергетика қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылыққа ықпал ететін одақтастардың заңды энергетикалық экспорт жеткізілімдері мен инфрақұрылымының ешбіріне соққы беруден аулақ болуға міндетті", — деді конгресмен.
Ол АҚШ-тың Украинаға 200 миллиард доллардай әскери және қаржылай көмек көрсеткенін еске салды. Оның айтуынша, КҚК-ға шабуыл тоқтамаса, бұл Украинаға берілетін жәрдемге әсер етуі мүмкін.
Шілденің 17, 19 және 20 күндері Новороссийскідегі терминалдарға мұнай тиеп алуға барған бірнеше танкер дрон шабуылына ұшыраған. Қазақстан сыртқы істер министрлігі КҚК инфрақұрылымына шабуыл жасауды дереу доғаруды талап етіп, мұны Қазақстанның "экономикалық мүдделеріне қол сұғу" деп сипаттаған, бірақ нақты елді атамаған.
23 шілдеде Қазақстанның энергетика министрлігі "кемелердің, экипаждардың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында" Қара теңізде мұнай тиеуді тоқтатып, өндірісті азайтқанын мәлімдеді. Бұған дейін Reuters дереккөздері Новороссийск маңында КҚК терминалындағы резервуарлар "шикізатқа лықа толып қалғанын" айтқан.
Трамп әкімшілігі Киевті Ресейдікінен өзге кемелерге шабуылды тоқтатуға шақырған. Бұл жөнінде Ақ үй өкіліне сілтеп Wall Street Journal хабарлады.
Ресей билігі бұл шабуылдарға Украинаны айыптап, оның мақсаты – әлемдік мұнай нарығын тұрақсыздандыру деп мәлімдеді.
Украинаның Қазақстандағы елшісі Виктор Майко Қазақстан мұнайын экспортқа шығаратын негізгі бағытқа жасалған шабуылға Киевтің қатысы жоқ деп мәлімдеген.
- Қазақстанның экспортқа шығаратын мұнайының шамамен 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы желісі арқылы тасымалданады. Қазақстан, Ресей және Батыстың кен өндіруші компанияларының еншілес құрылымдары бірлесіп иелік ететін консорциум Қазақстан мұнайын Ресей аумағы арқылы Қара теңіздегі терминалға жеткізіп, одан әрі әлемдік нарықтарға жөнелтеді.
- Америкалық Chevron КҚК-ның 15%, ExxonMobil 7.5% ие. Құбыр жүйесінде ресейлік "Транснефть" (24%), Lukoil (12.5%), Rosneft (7.5%) және қазақстандық "Қазмұнайгаздың" (19%) үлестері бар.
- 2025 жылы ҚҚК 70 миллион тонна мұнай тасымалдаған, оның 63 миллионға жуығы – экспортқа шығарылған қазақстандық шикізат, ал қалғаны Каспий жағалауындағы кен орындарынан өндірілген ресейлік мұнай болды.
- Халықаралық консорциум нысанына алғаш рет соққы жасалып отырған жоқ. Былтыр қарашада Новороссийскіде КҚК-ның теңіз терминалына экипажсыз катерлер шабуылы зақым келтірген. Ол кезде де Қазақстан билігі мәлімдеме жасап, КҚК инфрақұрылымына жасалған шабуылды айыптаған.
- Желтоқсанда Қазақстан СІМ-інің мәлімдемесіне реакция білдірген Украина шабуыл Қазақстан немесе басқа да үшінші елге қарсы бағытталмағанын, Ресейдің ауқымды басқыншылығын тойтаруды көздейтінін айтқан.
- АҚШ та Украинаның КҚК-ға шабуылын сынға алып, мұны "Қазақстанға жасалып жатқан АҚШ инвестициясына қатер" деп атаған. АҚШ-тың бұл жөнінде демарш жазғанын Украинаның АҚШ-тағы елшісі Ольга Стефанишина биыл ақпанда айтқан.