31 шілдеде Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында Орталық Азия елдері мен Әзербайжан президенттерінің бейресми консультативті кездесуі басталды. Бұл жиын Ресейдің мұнай инфрақұрылымдарына Украинаның шабуылы күшейіп, оның салдары аймақтағы елдерге тиіп жатқан тұста өтіп жатыр.
ЖАНАРМАЙ ЖЫРЫ
Шолпан-Атадағы кездесуде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Орталық Азияда ірі мұнай өңдеу зауытын салуды ұсынды. Ол құрылыс мәселесін тиісті мекемелерге ұсыну керегін айтты.
"Әрине, бірінші кезекте аймақтағы елдердің мұнай өнімдерін тұтыну көлемін ескеру керек" деді Рахмон.
Ресейдің мұнай өңдеу зауыттарына Украина дрондары шабуылдап, Ресейде жанармай дағдарысы басталған. Мәскеу бензин, дизель, авиакеросинді шетке шығаруға тыйым салды. Осыдан соң Ресей жанармайына тәуелді Қырғызстан мен Тәжікстан басқа елдерден бензин іздей бастаған еді. Бішкек пен Душанбе Қазақстан, Өзбекстан, Қытай, Беларусьтен жанармай сұраған.
Бұған қоса, Шолпан-Атадағы жиынның алдында Баку мен Бішкек келісімге келіп, Әзербайжан Қырғызстанға мұнай өнімдерін жеткізе бастайтыны белгілі болды. Қырғызстан жылына 2 млн тонна жанар-жағармай тұтынады. Ал қажетті жанармайдың 95 пайызын Ресейден импорттап келген.
Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Шолпан-Атаға келген сәт. 30 шілде 2026 жыл.
Орталық Азия бойынша сарапшы Ғалия Ибрагимова Шолпан-Атадағы саммит әлемдегі геосаяси, оның ішінде энергетикалық дағдарыс ұшығып тұрған тұста өтіп жатқанына көңіл бөледі.
"Мысалы, Ормуз бұғазының айналасында дағдарыстан соң Орталық Азия елдерінде бұрынғы транспорттық тасымал жолдарына сенімсіздік пайда болды. Теңізге шыға алмайтын елдер Иранды әлемдік нарыққа шығуға негізгі бағыттың бірі деп қарастырып келген. Бірақ қазір бұл бағыттардың да тәуекелі бары көрініп қалды. Украинадағы соғыс та негізгі мәселенің бірі болып тұр. Бұл соғыс Орталық Азияға жаңа мүмкіндіктер алып келді. Мысалы, соғыстың алғашқы жылдары аймақтың саудасы мен экономикасы өсті. Бірақ қазір соғыстың теріс жақтары көбейіп жатыр. Орталық Азия елдері энергетикалық мәселелерге, логистикалық кедергілер мен жалпы белгісіздікке тап болып отыр" дейді сарапшы.
Қазір Украина Қара теңіздегі танкерлерге де шабуылдап, Қазақстанның мұнай экспортына кедергі келтірді. Қазақстан мұнайының 80 пайызын Каспий құбыр консорциумы арқылы Қара теңіздегі Новороссийск портына жеткізіп, әріқарай батысқа тасымалдайды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Қазақстан сыртқы істер министрі мен АҚШ мемхатшысы КҚК-дағы жағдайды талқыладыШОЛПАН-АТА ДЕКЛАРАЦИЯСЫ ҺӘМ ЖАПАРОВТЫҢ ҰСЫНЫСТАРЫ
Кездесуде Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Түркіменстан президенті Сердар Бердімұхамедов және Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Шолпан-ата декларациясын қабылдады.
Құжатта "жоғарғы деңгейдегі ынтымақтастық, аймақ қауіпсіздігі, сауда-логистикалық және инвестициялық байланыстарды дамыту жайлы" айтылған.
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "21 ғасырда Орталық Азияны дамыту мақсатындағы достық, тату көршілік және ынтымақтастық туралы шартына" қол қою аяқталғанын "айтулы жетістік" деп бағалады.
"Аталған тарихи құжат стратегиялық серіктестігіміздегі жаңа кезеңнің басталғанын айшықтайды. Өзара сенімге, құрметке және бауырлас халықтарымыздың болашағына деген ортақ жауапкершілікке негізделген өңірлік ынтымақтастықтың "саяси арқауын" қалыптастырады" деді ол.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Анчески: Орталық Азияда ортақ қатерге бірлесе төтеп берудің тиімді жолы жоқҚырғызстан президенті Садыр Жапаров кейінгі жылдары Орталық Азияда даулы шекараларға байланысты "тарихи келісімдер қабылданғанын" айтты. Бұған қоса, Жапаров Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан бірігіп салып жатқан Қамбар-Ата 1 ГЭС-ін және "Қытай – Қырғызстан – Өзбекстан" теміржолын іске қосудың маңызды екенін атап өтті.
Қырғызстан президенті Орталық Азия елдеріне саяхаттап келгісі келетін шетелдіктерге ортақ туристік виза енгізуді де ұсынды. Ол бұл идеяны басқа елдер де қолдайды деп үміттенеді. Қазір Орталық Азия елдеріне жылына миллиондаған турист келеді және бұл көрсеткіш жыл сайын артып келеді.
Алты ел басшыларының консультативтің кездесуі былтырдан өте бастаған. Орталық Азия елдерінің кеңесу жиынын өткізуді 2017 жылы БҰҰ-ның Бас ассамблеясында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев ұсынған еді. Алғашқы жиын 2018 жылы наурызда Астанада өткен. Ал былтыр бес елдің қатарына Әзербайжан да қосылған.