Accessibility links

Қазақстан сыртқы істер министрі мен АҚШ мемхатшысы КҚК-дағы жағдайды талқылады

Қазақстан сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио.
Қазақстан сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев пен АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио.

Қазақстан сыртқы істер министрі Ермек Көшербаев АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубиомен телефон арқылы сөйлесіп, Каспий құбыр консорциумы (КҚК) айналасындағы жағдайды талқылаған. Бұл жайлы екі тарап та хабарлады.

АҚШ мемлекеттік департаментінің хабарлауынша, Рубио мен Көшербаев "энергетикалық қауіпсіздікті, соның ішінде Қазақстан мұнайын КҚК арқылы кедергісіз әрі сенімді тасу мүмкіндіктерін талқылаған".

Бұған қоса, Рубио "АҚШ президенті Трамптың бейбітшілік бастамаларын қолдаған Қазақстанға алғыс айтып, екі жақты экономикалық қарым-қатынасты нығайтуға қызығушылық танытқан".

Ал Қазақстан сырты істер министрлігі екі тарап КҚК-ға қатысты жағдайды "егжей-тегжейлі талқылады" дейді. Сонымен Рубио мен Көшербаев "Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биыл өтетін G20 саммитіне сапарына дайындықты пысықтаған".

Екі елдің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары Украина дрондарының Ресейдің Новороссийск порты мен КҚК маңындағы танкерлерге шабуылы үдеген тұста сөйлесті.

Украина КҚК маңындағы танкерлерге 17,19 және 21 шілдеде шабуылдаған. Осыдан соң КҚК Қазақстан мұнайын қабылдауды тоқтатқан еді. Қазақстан сыртқы істер министрлігі КҚК инфрақұрылымына шабуыл жасауды дереу доғаруды талап етіп, мұны Қазақстанның "экономикалық мүдделеріне қол сұғу" деп сипаттаған, бірақ нақты елді атамаған.

1500 шақырымдық құбыр Қазақстанның батысында өндірілген мұнайды Қара теңіздегі Новороссийск портына жеткізеді. Америкалық ірі компаниялар Chevron мен ExxonMobil Қазақстанның батысында өндірілетін мұнайдың басым бөлігін осы құбыр арқылы экспорттайды. Ал жалпы Қазақстан мұнайының 80% КҚК арқылы тасымалданады.

Дегенмен Қазақстан тарабы 27 шілдеде КҚК Қазақстан мұнайын қабылдауды қайта бастады деп мәлімдеді. Ал Reuters агенттігі дереккөздеріне сілтеп, КҚК инфрақұрылымдарының маңындағы шабуылдан соң Қазақстан күнделікті өндіретін мұнайды екі есеге азайтқанын хабарлаған. Яғни, Қазақстан маусым айында күніне 2,16 млн баррель мұнай өндіріп келсе, 26 шілдеде бұл 1 млн баррельге түскен.

Новороссийскідегі Delta Harmony танкері.
Новороссийскідегі Delta Harmony танкері.

Ал 23 шілдеде Қазақстан энергетика министрлігі "кемелердің, экипаждардың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында" Қара теңізде мұнай тиеуді тоқтатып, өндірісті азайтқан мәлімдеген еді.

КҚК маңындағы жағдайды АҚШ конгресмені Билл Хайзенга да сынға алып, құбырға шабуылдауға бұдан әрі жол бермеу керек деп мәлімдеген. Конгресстің өкілдер палатасындағы сыртқы істер комитетінің Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі кіші комитетінің төрағасы Билл Хайзенга АҚШ әкімшілігі Украинаға құбырға шабуыл жасамауды ескертуі тиіс екенін айтқан.

Украина КҚК құрылымына былтыр да, биыл жыл басында да шабуылдаған. Мәселен, 13 қаңтарда КҚК маңында Қазақстаннан келетін мұнайды күтіп тұрған екі танкерге дрон шабуылға ұшыраған. Биыл ақпанда Вашингтон Киевті Қара теңіздегі мұнай нысандарына соққы жасамауға шақырған еді. АҚШ мемлекеттік департаменті Украинаның Новороссийскідегі мұнай нысандарына соққылары Американың Қазақстандағы инвестициясына әсер ететінін жеткізген.

2025 жылы желтоқсанда Қазақстан энергетика министрі Ерлан Ақкенженов "Қазақстан КҚК нысандарына жасалған шабуыл салдарынан 480 мың тонна мұнайын жоғалтты" деп мәлімдеген . Ол Қазақстан бұл құбырдан бас тартпайтынын, оған балама бағыт жоқ екенін де айтқан.

Айдар
XS
SM
MD
LG