Accessibility links

Министрлік КҚК мұнайын тасымалдайтын кемелерге жасалған шабуылды айыптады

Қазақстан сыртқы істер министрлігі 17 және 19 шілдеде Каспий құбыр консорциумының (КҚК) инфрақұрылымы арқылы мұнай тасымалдайтын азаматтық кемелерге жасалған шабуылды қатаң айыптады.

Ведомство шабуылды "Қазақстанның экономикалық мүдделеріне қол сұғушылық" және жаһандық энергетикалық нарық пен халықаралық логистикалық тізбектердің қауіпсіздігіне қатер деп бағалады.

"Қара теңіз акваториясына КҚК терминалдарында мұнай тиеу мақсатында кіретін азаматтық кемелер туралы ақпарат алмасудың барлық мүдделі тараптар бұрын келіскен тетігінің әдейі ескерілмегені ерекше алаңдаушылық туғызады. Бұл азаматтық кемелер экипаждарының өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндірді" деп жазылған хабарламада.

СІМ шабуылдарды дереу тоқтатуды және қазақстандық мұнай экспорты инфрақұрылымының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді талап етті. Қазақстан келтірілген залалды өтеу туралы талап қою құқығын өзінде қалдырды деп жазылған мәлімдемеде.

19 шілдеде украин дрондары Новороссийск түбінде КҚК терминалына шабуылдаған. Компанияның хабарлауынша, екі танкер зардап шеккен: Либерия туын іліп алған ASIA және Маршалл аралдары туын ілген NISSOS IOS кемесі.

Шабуыл шикізатты тиеу кезінде болған, тиеу жұмыстары тоқтатылған. Соққының салдарынан ASIA кемесінде өрт тұтанған. Кейін өрт сөндірілген.

Компанияның хабарлауынша, терминал экипажы мен қызметкерлері арасында жараланғандар мен қаза болғандар жоқ. Мұнай төгілмеген. Оның алдында екі күн бұрын да соған ұқсас оқиға болған.

Ресей аумағындағы Ресей, Қазақстан және батыс компаниялары қатысатын халықаралық консорциум нысанына алғаш рет соққы жасалып отырған жоқ.

Былтыр қараша аяғында Новороссийскіде Қазақстан мұнайының 80 пайыздан астамын экспортқа шығаратын Каспий құбыр желісі консорциумының (КҚК) теңіз терминалына экипажсыз катерлер шабуылы зақым келтірген еді. Шабуылдың салдарынан теңіз танкерлеріне мұнай құйылатын үш айлақ құрылғысының бірі істен шықты. Құрылғы бірнеше айдан кейін ғана қалпына келген еді.

Қазақстан билігі сол кезде мәлімдеме таратып, КҚК инфрақұрылымына жасалған шабуылды айыптаған. Желтоқсанда Қазақстан СІМ-інің мәлімдемесіне реакция білдірген Украина шабуыл Қазақстан немесе басқа да үшінші елге қарсы бағытталмағанын, Ресейдің ауқымды басқыншылығын тойтаруды көздейтінін айтқан.

Айдар
XS
SM
MD
LG