2 тамыз, жексенбіге қараған түні украиналық дрондар Ресейдегі Самара қаласының маңындағы Новосемейкино кентінде орналасқан Wildberries қоймасына шабуыл жасады. Салдарынан қойма өртке оранды. Бұл туралы облыс губернаторы Вячеслав Федорищев пен Wildberries компаниясының баспасөз қызметі хабарлады. Компания мәліметінше, зардап шеккендер жоқ.
Түнде Саратов пен Энгельс қалаларының тұрғындары да жарылыстар болғанын хабарлаған. Саратов облысының губернаторы Роман Бусаргиннің айтуынша, облыста екі адам қаза тауып, азаматтық инфрақұрылым нысандары зақымданған. Олардың қатарында Саратов пен Энгельс қалаларындағы тұрғын үйлер бар. Зақымданған үйлердің тұрғындары уақытша орналастыру орындарына көшіріліп жатыр.
Astra басылымының OSINT-талдауына сәйкес, украиналық шабуылдың нысанасы "Роснефть" құрамына кіретін Саратов мұнай өңдеу зауыты болған. Зауыт аумағында өрт шыққан. Басылымның дерегінше, бұл кәсіпорынға Украина қарулы күштері осымен 16-рет шабуыл жасап отыр.
Украиналық Telegram-арналар Энгельс қаласында Энгельс-2 әскери аэродромына соққы жасалғанын мәлімдеді.
Ресейдің Федералдық әуе көлігі агенттігі (Росавиация) Еділ бойы аймағы мен Мәскеудегі тоғыз әуежайдың жұмысын уақытша шектеді. Шектеулер Қазан, Самара, Саратов, Ульяновск, Бугульма, Төменгі Кама және Пенза әуежайларында енгізілді.
Украиналық дрондар одан әрі шығысқа қарай ұшып, Уфадағы бір күн бұрын ғана шабуылға ұшыраған "Башнефть" мұнай өңдеу зауытына соққы берді. Башқұртстан басшысы Радий Хабиров өңір кәсіпорындарына жаппай шабуыл жасалғанын хабарлады. Оның айтуынша, 25 дрон атып түсірілген. Алдын ала мәлімет бойынша, зардап шеккендер жоқ, алайда дрондардың бірі өнеркәсіптік аймақ үстінде жойылып, өрт шыққан.
Украина Қарулы күштері бас штабы Саратов мұнай өңдеу зауытына, сондай-ақ Ту-95МС және Ту-160 стратегиялық бомбалаушы ұшақтары орналасқан "Энгельс" аэродромына соққы жасалғанын растады. Сонымен қатар Калуга облысындағы "Людиновская" мұнай базасы да шабуылға ұшырағаны хабарланды. Бұған дейін бұл нысанға жасалған шабуыл туралы ақпарат болмаған.
Ростов облысының губернаторы Юрий Слюсарьдің айтуынша, облыс аумағында 150-ге тарта украин дрондары жойылған. Оның сөзінше, шабуылға облыстағы Каменск-Шахтинский қаласы мен жеті аудан ұшыраған. Миллер ауданында соққы салдарынан элеватор шатырындағы кабель өртенген. Губернато жапа шеккендер жоқ деді.