"Зымыран қоймада жатпауға тиіс". Зеленский Patriot қаруының баяу беріліп жатқанына қынжылыс білдірді

Ресей зымыраны түскен соң өртеніп кеткен қойма. Киев түбіндегі Буча ауданы. 1 тамыз 2026 жыл.

Ресей Украинаның Киев және бірқатар өзге қаласына баллистикалық зымырандармен соққы жасаған соң, Украина президенті Владимир Зеленский Батыстағы одақтастарына көңілі толмайтынын айтып, Patriot әуе қорғанысы жүйелеріне арналған зымырандар мен басқа да қару-жарақты жедел жеткізуге шақырды.

"Ресейдің бұл террорына әлем нақты жауап беруі керек" деді Зеленский 1 тамыздағы кешкі үндеуінде.

Ол Ресейдің Украинаға 35 қанатты зымыран мен баллистикалық зымыран, 190-ға тарта дрон ұшырып, шабуыл жасағанын мәлімдеді.

"Соғыстың созылуына жол беру арқылы Ресей адамдарды өлтірудің жаңа тәсілдерін меңгеріп жатыр. Бұл тек украиналықтармен ғана тоқтап қалмайтынын бүкіл әлем түсінуі тиіс" деді Зеленский. "Әлемде Patriot зымырандары бар. Енді серіктестеріміздің саяси шешім қабылдап, қажетті жабдықтарды бергені маңызды".

"Бізге не керегін АҚШ біледі. Бізге не керегін Еуропа біледі" деді ол. "Баллистикалық зымырандардан қорғайтын зымырандар қоймада жатпай, адамдарды қорғауға тиіс".

Украина президенті Владимир Зеленский АҚШ Конгресінде. Вашингтон, 28 шілде 2026 жыл.

Сол күні таңертең Ресей Украина астанасына баллистикалық зымыранмен соққы жасаған. Төтенше жағдайлар қызметі Ресей шабуылынан Киевте кемі тоғыз адам мерт болғанын, ондаған адам жарақат алғанын хабарлады.

Зеленский Украина күштері 27 баллистикалық зымыранның тек біреуін ғана қағып түсіре алғанын, бұған Patriot жүйелеріне қажет зымыранның жетіспегені себеп екенін айтты.

Жергілікті биліктің хабарлауынша, шабуыл салдарынан тұрғын үйлер, бір мектеп және Литва елшілігі бүлінген. Қалада таңға жуық оннан астам жарылыс дыбысы естілген.

Украинаның оңтүстігіндегі Херсон қаласында Ресей шабуылынан 54 жастағы бір әйел опат болған, 18 адам жарақат алған. Мұны Украина билігі мәлімдеді.

Херсон облыстық әскери әкімшілігінің басшысы Александр Прокудин 1 тамыз күні Telegram-арнасында әуе шабуылы артиллериялық атқылаумен қатар жүргенін, майдан шебіндегі қалада бірнеше ғимарат пен көлік бүлінгенін хабарлады.

Биыл Украинадағы 1200 шақырымнан астам майдан шебінде елеулі аумақтық табысқа жете алмаған Ресей Украинаға баллистикалық зымырандармен соққы жасай бастады. Өйткені Украина жылдамдығы жоғары мұндай қаруды қағып түсіретін зымыран тапшы.

Трамптың сөзінен айнуы

9 шілдеде Зеленский Киев пен Вашингтон PAC-3 Patriot зымырандарын Украинада өндіруге лицензия беру жөнінде келісімге келгенін айтқан еді. Оның сөзінше, зымырандарға қажетті бөлшектер жақын күндері жеткізілуі тиіс болатын.

Алайда 31 шілдеде Дональд Трамп сөзінен айнығандай кейіп танытты.

"Бұл қарулар өте қуатты. Оларды өзге біреудің әзірлеуіне рұқсат беру мәселесінде өте сақ болуымыз керек" деді Трамп журналистерге Кэмп-Дэвидтегі министрлер кабинеті отырысында. "Бұл мәселені талқылап жатырмыз. Бірақ мұндай технологияны беру оңай емес".

Трамптың бұл ұстанымы АҚШ-тағы демократтарды ғана емес, президент мүше Республикалық партиясындағы кейбір саясаткерлерді де алаңдатты.

Республикашылдар арасында Небраска штатынан сайланған конгрессмен Дон Бэйкон бұл шешімді қатты сынға алды.

31 шілдеде Азаттық радиосына берген сұхбатында Өкілдер палатасының Қарулы күштер жөніндегі комитетіне мүше Дон Бэйкон Украина қорғаныс зымырандарының тапшылығынан жапа шегіп отырғанда Ақ үйдің мәлімдемелері бір-біріне қарама-қайшы шығып жатыр деді.

"Америкалықтардың 70 пайызы Украинаны қолдайды. Бірақ Ақ үйдің саясатына қарасақ, олар 30 пайыздың ішінде тұрғандай көрінеді. Украинаға Patriot зымырандарын өндіруге мүмкіндік беру тосқауылдаушы зымырандардың қазіргі тапшылығын азайтуға көмектесер еді" деді Бэйкон.

"Президентіміз Ресей мәселесінде Рейган немесе Черчиль сияқты әрекет еткенін қалар едім" деді ол.