"Қазақстан" арнасы сайлауалды дебаттағы сауалнамада "ешқандай бұрмалау болған жоқ" дейді

Теледебат кезінде "Қай спикер ұнады?" деген сауалнама бойынша шыққан алғашқы қорытынды. Кейін телеарна мұны алып, екінші қорытындыны жариялады. Онда "ешқайсы ұнамайды" деп дауыс бергендер - 0,4 пайыз.

"Қазақстан" телерадиокорпорациясы Құрылтай сайлауы алдындағы дебат кезінде эфирден көрсетіліп қайта ауыстырылған сауалнама нәтижесінде "ешқандай бұрмалау, дауыс санын өзгерту болған жоқ" дейді. Бұған қоса, тікелей эфирде екітүрлі нәтиже көрсетілгенін "техникалық қателік" деп мәлімдеді.

"Жаңадан келіп түскен мәліметтерді эфирге енгізу кезінде дайындық барысында барлық партияға "56 пайыз" көрсеткіші енгізілген тестілік файл қате түрде эфирге шығарылды. Бұл қате эфир барысында шұғыл түзетіліп, 1–1,5 минут шамасында дұрыс нәтиже эфирге берілді. Ешқандай бұрмалау, дауыс санын өзгерту болған жоқ" деді "Қазақстан" телерадиокорпорациясы Азаттықтың ресми сауалына жауапта.

29 шілдеде "Қазақстан" телеарнасына Құрылтай сайлауына түсетін жеті партия өкілдерінің дебаты болып, тікелей эфир соңына таман "Қай спикер ұнады?" деген сауалнама қорытындысы жарияланған. Әуелде"барлығы ұнамады" деп жауап бергендер саны 56% деп көрсетілген еді. Кейін бұл нәтижені алып тастады да, сәлден кейін "ұнамады" дегендер үлесі 0,4% деп қайта экранға шығарылды.

Ұлттық арна Азаттыққа жауабында "Қазақстан телерадиокорпорациясы кеткен қателік үшін көрермендерінен кешірім сұрайды" деді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Құрылтай сайлау алдындағы алғашқы теледебатта сауалнама нәтижелері құбылып берілді

Тікелей эфир аяқталған соң "Қазақстан" телернасына дебатты Youtube желісінен алып тастап, келесі күні түстен кейін қайта жариялады.

"Техникалық қателік түзетілік, [дебат] Youtube-ке қайта орналастырылды" дейді корпорациясы Азаттыққа.

23 тамызға жоспарланған Құрылтай сайлауына елде ресми тіркелген жеті партия "Ақ жол", "Ауыл", "Әділет", "Байтақ", ЖСДП, "Республика", "Қазақстан халық партиясы" қатысады.

Биылғы сайлауға үкімет резервінен 34,3 млрд теңге жұмсалмақ .

Биыл көктемде бүкілхалықтық референдумнің ресми қорытындысы бойынша қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енген жаңа Конституцияға сәйкес, бірпалаталы парламент – Құрылтайдың 145 депутатын сайлау 23 тамызға белгіленген.

Бұл сайлауға дейін елдегі оппозициялық топтар партия болып тіркеле алмады. Әділет министрлігі "Алға, Қазақстан", "Атажұрт", "Намыс", "Ел тірегі" сынды ұйымдардың құжаттары "талапқа сай емес" деп тіркемеді.


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Көзілдірік шешу", шатасқан сауалнама, тосылып қалған спикер.  Құрылтай алдындағы алғашқы теледебат қалай өтті?