Қазақстан құрамасына шетелдік бапкер келді. Джон ван’т Схип кім?

нидерландиялық маман Джон ван’т Схип.

Футболдан Қазақстан құрамасына нидерландиялық маман Джон ван’т Схип бас бапкер болып тағайындалды. Қазақстан футбол одағы (ҚФФ) 62 жастағы маманның ұлттық құрамаға жаттықтырушы болғанын 7 тамызда жариялады.

Бас бапкердің көмекшісі болып қазақстандық мамандар Нұрбол Жұмасқалиев пен Елдос Ахметов, қақпашылар бапкері Юрий Новиков, дене даярлығы бапкері Вадим Боровский және сарапшы бапкер Тимур Құсайынов тағайындалды.

ДЖОН ВАН'Т СХИПТЫҢ БАПКЕРЛІК ЖОЛЫ

Джон ван’т Схип Қазақстан құрамасына келгенге дейін, яғни, 2025 жылға дейін Армения құрамасын жаттықтырған. Бірақ төрт ойын өткізіп, төртеуінде де жеңілген соң сол жылы отставкаға кеткен еді.

Ал Қазақстан құрамасын баптаған жергілікті маман Талғат Байсуфинов биыл 22 маусымда қызметінен кеткен еді. ҚФФ Байсуфинов "өз еркімен қызметтен кету туралы шешім қабылдады" деген. Содан бері ҚФФ ұлттық құрамаға бапкер іздеген. Бұл іспен федерацияның бас хатшысы англиялық Скотт Манн айналысты. Манның өзі ҚФФ-дағы қызметін биыл мамыр айында бастаған еді.

Ал Джон ван’т Схип пен Скотт Манн Австралияның "Мельбурн Сити" клубында бірге жұмыс істеген. Яғни, 2013-2017 жылдары "Мельбурн Ситиді" Джон ван’т Схип баптаған еді.

Нидерландиялық маман 1981-1992 жылдары "Аякс" (Нидерланд), 1992-1996 жылдары "Дженоа" (Италия) клубтарында ойнаған. 1986-1992 жылдары Нидерланд құрамасының ойыншысы болып, 1988 жылы Еуропа чемпионы атанған. 1992 жылы "Аякс" сапында UEFA кубогын иеленген.

Ойыншы карьерасын аяқтаған соң, 1997 жылы "Аякс" клубының жасөспірімдер командасына жаттықтырушы болып тағайындалды да, бапкерлік карьерасын бастады. Ал 2004 жылы Нидерланд құрамасының бас бапкері Марко Ван Бастеннің көмекшісі болып бекітіледі. Бірақ 2008 жылғы Еуропа чемпионатында Нидерланд құрамасы ширек финалда Ресейден жеңіліп қалған соң Ван Бастен мен Джон ван’т Схип құрамадан кетеді.

Марко Ван Бастен (сол жақта) мен Джон ван’т Схип (оң жақта) Еуро-2008 додасында.

Ван’т Схип 2010-2017 жылдары "Мельбурн Сити", "Гвадалахара" (Мексика), "ПЕК Зволле" (Нидерланд) клубтарын жаттықтырады. Ал 2019 жылы Грекия құрамасына бас бапкер болып бекітіледі. Бірақ Грекия құрамасы 2022 жылғы әлем кубогына жолдама ала алмаған соң Джон ван’т Схип бұл құрамадан да кетеді. Грекия құрамасы Испания, Швеция, Грузия, Косово бар топта үшінші орын алып қалған.

Джон ван’т Схип Грекия құрамасында. Грузия - Грекия ойыны. 9 қазан 2021 жыл.

Ал Джон ван’т Схип Армения құрамасына бас бапкер болмай тұрып, 2023-2024 жылдары Нидерландының "Аякс" клубын жаттықтырады. Бірақ Нидерланд чемпионатында 5-орынмен шектеледі де, келесі жылы отставкаға кетеді.

Міне, Қазақстан құрамасына жаттықтырушы болып тағайындалған маманның футболшы және жаттықтырушы ретінде карьерасы осындай.

ҚАЗАҚСТАН ҚҰРАМАЛАРЫН КІМДЕР ЖАТТЫҚТЫРДЫ?

1992 жылдан бері Қазақстан құрамасын осымен 24 бапкер жаттықтырады. Джон ван’т Схип - ұлттық құраманы баптайтын 11 шетелдік маман.

Бұған дейін Арно Пайперс (Нидерланд), Бернд Шторк (Германия), Мирослав Беранек пен Михал Билек (екеуі де - Чехия), Станимир Стоилов (Болгария) құраманы баптаған. Сондай-ақ ресейлік мамандар Леонид Пахомов, Юрий Красножан, Александр Бородюк, Магомед Адиев, Станислав Черчесов те Қазақстан құрамасын жаттықтырды.

Азия футбол қауымдастығынан Еуропа футбол қауымдастығына ауысқан Қазақстан тарихында Еуропа чемпионатына да, әлем кубогына да жолдама ала алмаған.

ҚФФ бас хатшысы Скотт Манн бұған дейінгі сұхбатында "мақсат - Қазақстан құрамасын Еуропа чемпионатына шығару" деп мәлімдеді.

Қазақстан ұлттық құрамасы қыркүйектің соңында Ұлттар лигасындағы жарысын бастайды. С дивизионындағы қарсыластары - Словакия, Фарер аралдары және Молдова. Қазақстан футболшылары өз тобында бірінші орын алып, В дивизионына шығуға тырысады.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Ғажап старт". Дастан Сәтпаев "Челси" сапындағы алғашқы ойынында гол салды