23 тамызда өткен Құрылтай сайлауының экзит-полл нәтижелері жарияланып, сайлауға түскен жеті партияның бесеуі Құрылтайға өтуге мүмкіндік беретін бес пайыздық межеден асқан. Бірінші орында, күтілгендей, билік саясатын қолдайтын "Әділет" партиясы тұр. Ал Орталық сайлау комиссиясының алдын ала қорытындысы, бүгін 24 тамыз шығуы керек.
БЕС ПАРТИЯ БЕС ПАЙЫЗДАН АСЫП ТҰР
Құрылтай сайлауы кезінде экзит-полды билікке жақын, осыған дейінгі сайлау және референдумдарда сауалнама жүргізуге рұқсат алған "Еуразиялық интеграция институты", "Қоғамдық саясат институты" және "СОЦИС-А" орталығы ұйымдастырды. Үш институттың да экзит-полында "Әділет" партиясы 70 пайыздан аса нәтижемен бірінші тұр. Екінші орында алты пайыздан асқан "Ауыл" партиясы, үшінші орында -Respublica (5,4/5,2/5,5) келеді. "Ақжол" мен Жалпыұлттық социал демократиялық партия 5,0-5,2 пайызбен төртінші-бесінші орынды бөліскен.
Ал осыған дейінгі мәжілісте болған "Қазақстан халық партиясы" (коммунистер), бұған дейін парламентке өте алмаған "Байтақ" жасылдар партиясы үш институттың сауалнамасында да қажетті бес пайыз межеден өте алмаған. "Барлығына қарсы болғандар" үлесі үш сауалнамада да үш пайызға жетпейді.
Экзит-полдың нәтижесі жалпы түсінікті болу үшін "Қоғамдық саясат институтының" сауалнамасын көрсеткішін ұсынамыз:
- "Әділет" партиясы – 72,30%
- "Ауыл" – 6,2%
- Respublica – 5,2%
- "Ақжол" – 5,1%
- ЖСДП – 5%
- Қазақстан халық партиясы (коммунистер) – 2,8%
- "Байтақ" жасылдар партиясы – 0,9%
- Барлығына қарсы –2,5%.
Құрылтай сайлауының алдын ала қорытындысы дүйсенбі, 24 тамызда жарияланады. Әдетте Қазақстанда Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) ресми қорытынды мен экзит-полл нәтижесі арасында көп айырмашылық болмайды. Экзит-полл көрсеткішіне сай, Құрылтайдағы 145 орынның жүзден астамын "Әділет", қалған төрт партия 8-10 орыннан алуы мүмкін.
Құрылтай сайлауының алдын ала қорытындысы дүйсенбі, 24 тамызда жарияланады. Ал нақты қорытындысы он күннің ішінде бекітілуі тиіс. Әдетте Қазақстанда ОСК-ның ресми қорытынды мен экзит-полл нәтижесінің арасында көп айырмашылық болмайды.
ОСК дауыс беруге құқылы азаматтардың 74,19 пайызы дауыс берді деді. ОСК дерегі бойынша, 12 605 788 сайлаушының 9 352 151-і қатысқан. Қазір Қазақстан заңы бойынша ең төменгі көрсеткіш деген шектеу жоқ. Яғни, дауыс беруші аз келсе де, көп келсе де сайлау өткен болып саналады.
Бюллетеньдегі жеті партияның алтауы бұған дейін сайлауға қатысқан. Тәуелсіз бақылаушылар сайлауға қатысып жатқан партияның барлығы президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдайтынын айтады. Биыл жаңадан құрылып, 27 жыл билікте болған Amanat (бұрынғы – "Нұр Отан") партиясын қосып алған "Әділет" Тоқаев саясатын ашық қолдайды. Бұл партияны президент әкімшілігінің экс-басшысы Айбек Дәдебай басқарады.
Биылғы сайлауға елдегі тәуелсіз бақылаушылардың көбі бақылау жүргізбеді. Ал сайлауға дейін елдегі оппозициялық топтар партия болып тіркеле алмады. Әділет министрлігі "Алға, Қазақстан", "Атажұрт", "Намыс", "Ел тірегі" сынды ұйымдардың құжаттары "талапқа сай емес" деп тіркемеді.
"САЙЛАУҒА ТҮСКЕН ПАРТИЯЛАР ПРЕЗИДЕНТ САЯСАТЫН ҚОЛДАЙДЫ"
Құрылтай сайлауын бақылаған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының (ЕҚЫҰ/ДИАҚБ) ұзақ мерзімді миссиясы сайлау алдындағы аралық есебінде Қазақстандағы бұл жолғы науқанда саяси бәсекелестік, БАҚ еркіндігі және өзін-өзі цензуралау мәселелері барын айтқан.
"Партиялардың бәрі президент саясатын қолдайды, ал ДИАҚБ миссиясы сұхбаттасқан кейбіреулер шынайы оппозициялық партиялар мен тәуелсіз кандидаттардың болмауы саяси бәсеке мен плюрализмді шектейтінін атап өтті" делінген ЕҚЫҰ/ДИАҚБ есебінде.
Ал Қазақстан президенті Тоқаев "сайлау науқаны мазмұнды, ашық, бәсекеге толы болғанын", ал сайлауды "тағдыршешті сәт" деп атаған.
Журналистерді қорғау комитеті (CPJ) Құрылтай сайлауы алдында Қазақстанда журналистер "бұрын-соңды болмаған" қысымға тап болып, қылмыстық қудалауға ұшырап, журналистикамен айналысу құқығынан айырылып жатқанын жазды. CPJ мәлімдемесінде "бұл репрессияға халықаралық бақылау керек" деген.