Ресейлік Ozon маркетплейсі өзінің сатушыларына тауарларын Алматы мен Астанадағы қоймаларға орналастыруды ұсынды. Компания осы арқылы Қазақстан мен Қырғызстандағы сатып алушыларға тауарларды жеткізуді жеделдетіп, Ресейдегі клиенттерінің тауарларын орналастырмақ.
Ozon 30 қыркүйекке дейін Алматы мен Астанадағы логистикалық орталықтарға тауар жеткізу қызметі үшін ақы алмайтынын мәлімдеді. Бұған қоса, сатушылардан тауарларын Қазақстанға апарғаны үшін қосымша құжат талап етілмейді.
Украина әскерилері Ozon қоймаларын алғаш рет 22 тамызда шабуылдаған. Алғашында маркетплейстің Самара облысындағы ірі хабына соққы жасалып, кейін Орынбор, Белгород облыстарындағы Адыгея, Дағыстан, Татарстан, Ставрополь аймағындағы қоймалар да нысанаға алынды.
"Коррупциямен күрес қорының" дерегінше, Ozon маркетплейсінің 35 пайыз акциясы "О23" компаниясына тиесілі. Ал "О23" компаниясының бенефициары ретінде кәсіпкер Александр Чачаев көрсетілген.
"Коррупциямен күрес қорының" зерттеушілерінің мәліметінше, акционер компанияға Ресей президенті Владимир Путинге жақын миллиардер Геннадий Тимченконың қатысы бар. Бұған қоса, Ozon акциясының бір бөлігі миллиардер Владимир Евтушенковтың АФК "Система" компаниясына тиесілі.
Украина дрондарының шабуылынан соң шығынға ұшыраған ресейлік Wildberries компаниясы да тауарларын Өзбекстан, Беларусь және Қазақстанда сақтауды ойластыра бастаған еді. Бұған қоса, Wildberries Алматы мен Астанадан жаңа қойма салуы мүмкін екені айтылған.
Украина Ресейдегі Wildberries қоймаларына 18 шілдеде шабуылдай бастаған. Қазірге дейін Ресейдің әр аймағындағы оннан астам қоймаға соққы жасалды. Шабуылдан компанияның бірнеше қызметкері қаза тауып, жүзге жуық адам жараланған.
Украина президенті Владимир Зеленский Wildberries қоймаларында "Ресей әскеріне жіберілетін тауарлар сақталған" деген.