МИНИСТРДІҢ МӘЛІМДЕМЕСІ
Хиджаб киетін оқушы қыздар мәселесі Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың мәлімдемесінен кейін қайта талқылана бастады. Министр мектеп формасына қойылатын талапты бұзып, оқушыларға хиджаб киюге рұқсат берген жекеменшік мектептерге шара қолданылуы мүмкін екенін айтты. Оның сөзінше, мұндай мектептерді лицензиядан айыру тетігі де қарастырылған. Министр биыл елде орамал тағуға рұқсат беретін мектептер жоқ деді.
— Бізде барлық мектепке ортақ талап бар. Барлық білім беру ұйымы осы ережелерді сақтауға тиіс. Иә, мұндай жағдайлар кездеседі, біз олармен жұмыс істеп жатырмыз. Бұл мәселеде Ұлттық қауіпсіздік комитетімен де бірлесіп жұмыс істейміз. Әкімдіктер мен жергілікті атқарушы органдар қатысатын арнайы комиссия бар. Жаңа оқу жылы басталған кезде мұндай мектептер жоқ. Былтыр болды, олардың арасында жекеменшік мектептер де бар еді, — деді журналист сауалына жауап берген оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Журналистің "министрлік хиджаб киюге рұқсат берген мектептерге шара қолданатын тетігі бар ма?" деген сұрағына Жұлдыз Сүлейменова: "Лицензиядан айыруға болады. Бұдан бөлек, бірлесіп қолданатын тағы бірнеше тетік бар" деп жауап берді.
МҮФТИЯТТЫҢ ӨШІРІЛГЕН ПОСТЫ
Министрдің бұл сөзі қызу талқыға түсті. Осы тұста Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) үкіметтің бұл ұстанымына қарсы мәлімдеме таратты. Мүфтият оқу-ағарту министрлігіне және өзге де уәкілетті мемлекеттік органдарға мектеп формасының талаптарын сақтай отырып, балиғат жасына жеткен мұсылман қыздардың орамал тағуына мүмкіндік беретін құқықтық тетік қарастыруды ұсынған.
"Ислам шариғаты бойынша балиғат жасына жеткен мұсылман қызға орамал тағу – парыз. Бұл мәселедегі діни үкім өзгермейді. ҚМДБ бұған дейін де осы ұстанымды бірнеше рет ашық білдіріп, мектеп жасындағы қыздардың білім алуына кедергі келтірмей, діни міндетін орындауына мүмкіндік беретін оңтайлы шешім қабылдау жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстарын жеткізген. Атап айтқанда, мектеп формасының жалпы үлгісі мен түсіне үйлесетін орамалға рұқсат беру ұсынылған. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы балиғат жасына жеткен мұсылман қыздардың мектеп формасына үйлесімді орамал тағуына мүмкіндік берілуі керек деп есептейді" делінген мәлімдемеде.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы балиғатқа толған мектеп оқушыларының орамал тағуына рұқсат беруді ұсынған мәлімдемесі. ҚМДБ-ның Instagram-парақшасынан скриншот. 9 қыркүйек, 2026 жыл.
Мүфтияттың бастапқы ұстанымы бойынша, "оқушының орамал тағуы оның білім алуына кедергі болмауға тиіс" әрі мұсылман қыздардың орамал тағуына рұқсат беру мектепті "лицензиясынан айыруға негіз болатын мәселеге айналмауы керек". Діни басқарманың айтуынша, орамал мәселесін тыйым салу жолымен шешу "қоғамдағы түсініспеушілікті тереңдете түсуі мүмкін".
ҚМДБ бұл мәселені мемлекеттік органдар, дін өкілдері мен ата-аналардың қатысуымен диалог арқылы шешуге дайын екенін де жазған. Мыңдаған адам лайк басып, таратып жатқан бұл жазба көп ұзамай парақшадан өшірілді. Кейін діни басқарманың баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы Facebook парақшасында "Кейде артқа шегінудің өзі алға жүруге жол ашады" деген тұспалды пост жариялаумен шектелді.
БҰРЫННАН КЕЛЕ ЖАТҚАН МӘСЕЛЕ
Қазақстанда мектеп оқушыларының орамал тағуына қатысты мәселе бұған дейін де бірнеше рет сот пен қоғамдық талқыға себеп болған. Ел мектептерінде оқушыларға міндетті мектеп формасына қойылатын талаптар қолданылады. Бірақ бұл оқушылардың орта білім алуға деген конституциялық құқығына қайшы келіп жатады.
2016 жылы сол кездегі білім және ғылым министрлігі шығарған №26 бұйрықта мектеп формасына діни конфессияларға қатысты киім элементтерін қосуға болмайтыны жазылды. Кейін мектеп әкімшіліктері осы талапқа сүйеніп, орамал таққан кей оқушыларды сабаққа кіргізбеді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Орамал оқуға кедергі ме? Даулы мәселеде тараптар мәмілеге келер емес2016 жылы оқу жылы басталғаннан кейін Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында ондаған оқушы қыз мектепке орамалмен келген. Мектеп әкімшілігі оларды сабаққа кіргізбеген. 2017 жылдың соңында Астанадағы сот Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарынан 60-тан астам ата-ананың арызын қарады. Олар мектептердің орамалға байланысты талабын заңсыз деп тануды сұрады.
2018 жылы бұл мәселе бойынша ата-аналар әкімшілік жауапкершілікке де тартылды. Бірақ Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мектеп формасына қатысты ұстанымы ол кезде басқаша еді.
2016 жылғы мәлімдемесінде ұйым "дініміздегі бойұсыну — негізгі міндеттердің бірі. Сондықтан мұсылмандар заңға құрметпен қарайды" деп, форма мәселесінде мемлекеттің талабын жақтаған.
2024 жылғы қыркүйекте құқық қорғаушы Жасұлан Айтмағанбетов Жоғарғы сот орамал таққан оқушы қызды сабаққа кіргізбеуді заңсыз деп танығанын хабарлады. Кейін Жоғарғы сот бұл шешімнің мектепте орамал тағуға рұқсат беру мәселесіне қатысы жоқ деп түсіндірді. Сот нақты іс бойынша мектептің оқушыны сабаққа кіргізбеу әрекетін заңсыз деп тапқан. Бірақ мектепте орамал тағып кірудің заңдылығын қарамаған.
2025 жылғы 5 қазанда республикалық педагогтар съезінде сөз сөйлеген Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мектептерде зайырлылық ережесін қатаң сақтау керегін айтты.
"Мектеп – ең алдымен, білім ордасы. Балалар мектепке білім алу үшін барады. Ал діни ұстаным – әр азаматтың жеке мәселесі, өз таңдауы. Елімізде дін бостандығына заңмен кепілдік берілген. Балаларымыз есейіп, дүниетанымы толық қалыптасқан соң өз таңдауын жасағаны дұрыс деп санаймын" деді Тоқаев.
САРАПШЫЛАР ПІКІРІ
2025 жылғы ақпанда Біріккен ұлттар ұйымының төрт сарапшысы Қазақстан үкіметіне мектепте орамал тағу мәселесіне байланысты бірлескен хат жолдаған. Олар мектеп формасына қойылатын талап орамал тағатын қыздардың білім алуына кедергі келтіріп, олардың дін бостандығын шектеуі мүмкін деп мәлімдеді. Сарапшылар Қазақстан билігін орамал таққан оқушыларды сабаққа кіргізбей, олардың ата-аналарын жазалауды тоқтатуға шақырды.
Қазақстан үкіметі ұйым өкілдеріне бір айдан соң, сәуірде жауап берді. Билік мектеп формасына қойылатын қазіргі талапты сақтайтынын, оны білім беру жүйесінің сипаты зайырлы, барлық оқушыға ереже ортақ деп түсіндірді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Зайырлы мектепке орамал қауіп төндіре ме?2024 жылы Amnesty International халықаралық адам құқықтарын қорғау ұйымы мектеп формасында діни символиканы қолдануға салынған тыйым салдарынан 2023 жылдың бірнеше айында "екі мыңға жуық оқушы қыз бала ата-анасының талабымен мектепке баруды тоқтатқан". АҚШ мемлекеттік департаменті 2024 жылы Қазақстандағы дін бостандығы туралы есебінде "жүзден астам оқушы мектеп үлгісіне сай келеді деген орамал таппағандықтан сабаққа қатыса алмай жүр" деп жазған. Кейін олардың мектепке қайта барған-бармағаны белгісіз.