11 қыркүйек оқиғасына 25 жыл. Ауғанстан жаһандық терроризм ошағына қайта айналуы мүмкін бе?

U.S. -- A man stands in the rubble, and calls out asking if anyone needs help, after the collapse of the first World Trade Center Tower in New York City, 11Sep2001

2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасын ұйымдастырған террористерге пана болған Ауғанстан ширек ғасырдан соң "баяғы қалпына" оралып жатыр. АҚШ бастаған әскери коалиция 20 жылдан соң елден кеткенде "Талибан" билікте бірден өз қолына алды және "Әл-Қаида" мүшелері қайтадан осы елді паналай бастады.

Әзірге бұл Ауғанстанда ойластырылып, Батыс елдерінде іске асырылатын терактіге ұласа қойған жоқ.

Алайда Азаттық сөйлескен бұрынғы әскери қызметкерлер, дипломаттар мен барлау саласының мамандары, сондай-ақ аймақ сарапшылары бұл жөнінде екі көзқарас білдірді. Бірі қазіргі жағдай 2001 жылғы 11 қыркүйекке дейінгі ахуалдан бөлек десе, екіншісі қауіп қайта күшейді деп отыр.

11 қыркүйек оқиғасынан кейін Вашингтон "Талибанға" қарсы күштер одағын қолдап, тәліптерді биліктен тайдыруға және Ауғанстанда орналасқан "Әл-Қаида" жетекшілерін қолға түсіруге кірісті. Алайда бұл 20 жылдық соғысқа ұласып, қыруар қаражат шығыны мен кісі өліміне әкелді.

2020 жылы АҚШ президенті Дональд Трамптың алғашқы президенттік мерзімі кезінде "Талибанмен" келісім жасалды. Ол келісім бойынша, халықаралық күштер Ауғанстаннан кетеді, ал Талибан өз мүшелеріне де, "Әл-Қаидаға" да Ауғанстан жерін АҚШ пен оның одақтастарына қастандық мақсатында қолдануға жол бермейді. "Талибан" сондай-ақ мұндай топтар мен тұлғалардың ауған жерінде "адам және қаржы жинауына, әскери жаттығу өткізуіне жол бермеуге" міндеттелді.

"Әл-Қаиданың" оралуы

Ауғанстаннан Батыс әскерлерін шығару жөніндегі келісімге Трамп қол қойғанымен, бұл іс 2021 жылы одан кейінгі президент Джо Байден тұсында іске асты. Содан бері Біріккен Ұлттар Ұйымының санкциялар жөніндегі сарапшылар тобының бірнеше есебінде "Әл-Каида" мүшелерінің Ауғанстанға оралып жатқаны айтылған.

2025 жылғы желтоқсанда жарияланған сондай есептердің бірінде Ауғанстан "Әл-Қаида" үшін "символикалық мәні бар отанға" айналғаны, "Әл-Қаида" мен "Талибан" арасында "жеке байланыстар мен құдандалық қатынастар" бары жазылған.

"Олар қазірдің өзінде халықаралық мақсаттары бар террористерді паналатып отыр. Ендігі мәселе сол террористер өз мақсаттарын іске асыруға кірісу-кіріспеуіне байланысты. Ауғанстан 2001 жылғы 11 қыркүйекке дейінгі қалпына оралды ма? Иә, оралды" деді Азаттыққа АҚШ-тың бұрынғы дипломаты Энни Пфорцхаймер.

Пфорцхаймер 2017–2018 жылдары АҚШ-тың Кабулдағы миссия басшысының орынбасары, ал 2018–2019 жылдары АҚШ мемлекеттік хатшысының Ауғанстан мәселесіне жауапты көмекшісінің орынбасары міндетін атқарушы болған.

"Мен мұны әлемнің өзге елдеріне тікелей және жанама төнетін қауіп деп бағалап отырмын. "Әл-Қаида" әлі де бар және оның тарихын ескерсек, бұл ұйым тым ықпалды" дейді ол.

2017–2018 жылдары АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі болған генерал Герберт Рэймонд Макмастер де Пфорцхаймер айтқан алаңдаушылықты білдіріп отыр. Азаттыққа берген сұхбатында ол "Талибан" келісімді ұстанады деп ойлау "өзіңді өзі алдағанға" тең деп айтты.

"Олар – террор ұйымы" деді ол. "Біздің міндетіміз – Ауғанстандағы террористік үкіметті әлсірету".

Пфорцхаймер де, Макмастер де Ауғанстанда "Талибанның" қолдауына сүйенетін өзге де қауіпті топтар барын айтады. БҰҰ есептерінде "Әл-Каида" ұйымы "Техрик-и Талибан Пәкістан" тобымен бірге Пәкістанға шекара арқылы жасалатын шабуылдарға қатысқаны айтылған. Ауғанстанда "Ислам мемлекеті" содырлары да бар. Олар Ауғанстанның өзінде және Пәкістанда террор актілерін жасаған.

Нью-Йорктегі Soufan Center дейтін зерттеу орталығының атқарушы директоры Коли Кларк Азаттыққа берген сұхбатында Ауғанстанды "жарылуын күтіп тұрған бомбаға" ұқсайтын түрлі топтардың "қауіпті қоспасы" деп сипаттады.

Пфорцхаймердің айтуынша, "Талибанның" бұлай күш алуы Орталық Азияға да қауіп төндіруі ықтимал.

"Олар Орталық Азияның әлсіз тұстары барын біледі және сол себепті ол елдердегі тұрақтылықты шайқай алатын адамдарды паналата беруге мүдделі. Олардың ойынша, мұның бәрі Орталық Азия елдерін "Талибанға" тұрақтылық кепілі ретінде қарауға итермелейді" дейді ол.

2001 жылғы 11 қыркүйек оқиғасынан кейінгі өзгеріс

Сарапшылардың басқа тобы қазір қауіп қайта күшейіп отыр деп айтудан тартынып отыр. 11 қыркүйек оқиғасынан бері және тәліптер билікке қайта келгелі көп нәрсе өзгерді. "Талибан" қазір халықаралық әріптестікті нығайтуға күш салып жатыр. Жуырда олар Брюссельге барып, Еуроодақ өкілдерімен кездесті. Ал Ресей "Талибанды" Ауғанстанның заңды өкіметі ретінде мойындады.

Батыс елдері "Талибанның" әйел құқықтарын шектеуі мен жалпы адам құқықтарын бұзуына байланысты оның халықаралық байланыс орнату әрекеттеріне салқын қабақ танытып отыр. Соған қарамастан кейбір сарапшылар тәліптердің "Әл-Қаида" сияқты топтарды бұрынғыдан қатаңдау бақылауда ұстап отырғанын айтады.

"11 қыркүйек оқиғасы мен оның салдары "Талибанның" өзіне де әсер етті. Сол себепті олар қазір "Әл-Қаида" мүшелерінің жүріп-тұрысын мұқият бақылап отыр. 2011 жылғы қыркүйекке дейінгі кезеңмен салыстырғандағы айырмашылықтардың бірі осы" деді Азаттыққа Вашингтондағы CNA сараптамалық орталығының бас зерттеушісі Джонатан Шроден.

АҚШ-тың Ауғанстандағы терроризмге қарсы операцияларының тарихы туралы кітабын аяқтап жатқан Шроден Ауғанстан қазір басты назардағы ел емес екенін айтады.

"Егер қазір "Әл-Қаиданың" ең белсенді бөлімшелеріне қарсы күрескіңіз келсе, оларды Африкадан табасыз. Оның ішіне "Аш-Шабаб" та, Батыс Африкадағы жүрген және "Әл-Қаидамен" байланысы бар түрлі топтар да кіреді. Қазір ең белсенді әрі ең қатыгез ұйымдар солар" дейді ол.

АҚШ-тың терроризмге қарсы күрес жөніндегі мамыр айында жарияланған соңғы стратегиясында да осы және басқа географиялық аймақтардан келетін қауіптерге басымдық берілген. Шроденнің бұл пікірін қуаттайтын өзге де сарапшылар бар.

АҚШ қорғаныс министрлігіне қарасты Біріккен штабтар бастықтары комитеті төрағасының стратегия жөніндегі бұрынғы арнайы көмекшісі, қазір Ұлттық соғыс колледжінде қызмет ететін Картер Малкасян жақында Foreign Affairs журналында "Талибан" билігінің бес жылынан кейін терроризмнің байқалмауы Ауғанстандағы жағдайдың өзгергенін көрсетеді деп жазды.

2009–2011 жылдары Гильменд уәлаятында саясат жөніндегі кеңесші болған Малкасян БҰҰ есептеріне күмән келтіріп, "Әл-Қаиданың" Ауғанстан аумағында ұйым құрып, қаржы жинап немесе содырлар даярлап жатқанына дәлел аз екенін айтты. Дегенмен ол барлау мәліметтерінің толық емес екенін де мойындап отыр.

"Вашингтонның Ауғанстандағы жағдайды бақылап отыру әлеуеті 2011 жыл түгіл 2020 жылғы деңгейге де жетпейді. АҚШ таулы ауылдардағы немесе Кабул, Қандаған және Жалалабадтың тар көшелеріндегі террористік шабуылдарды жоспарлау мен дайындықты анықтай алмауы мүмкін" деп жазды ол.

Шроден де осы жайтқа назар аударды. Оның айтуынша, АҚШ 2022 жылы Кабулда сол кездегі "Әл-Қаида" жетекшісі Айман әл-Зауахириді өлтіргеннен бері Ауғанстан аумағында ешқандай әскери операция жасаған жоқ.

"Не АҚШ онда не болып жатқанын білмейді, не Ауғанстанда көзі жойылуға тиіс маңызды нысан жоқ деп біледі" деді ол.