Ресей президенті Владимир Путин Балтық елдерін орыстілді тұрғындарға қысым көрсетіп жатыр деп айыптады. Кремль жаңа соғыс бастай ма?
Путин Балтық елдерінде тұратын орыстілді азаматтардың құқығы бұзылып жатқанын Ресей көріп отыр және мұндайда не істеу керегін біледі деп мәлімдеді.
"Біз бұған қалай жауап беру керегін білеміз және бұл жөнінде белгілі бір ұстанымымыз қалыптасты. Бұған гуманитарлық, халықаралық құқық сипатында жауап береміз" деді ол 25 қыркүйек күні журналистерге арналған баспасөз мәслихатында.
Сонымен бірге Путин Еуроодақ елдерінің Ресейден төнетін қауіп туралы мәлімдемелерін "әсірелеу және арандату" деп атады. Дегенмен Ресейдің мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары Еуропаға сес көрсететін хабарларды жиі беріп келеді.
Мәселен, 25 қыркүйек күні Ресейдің "Новости" дейтін ақпарат агенттігі "Ресейді тағы бір арнайы әскери операция күтіп тұр. Ол өте қысқа болады" деген тақырыпта мақала жариялады. Автор өз бағанында Ресей Литвамен соғысатын болса оған тиісті оқтұмсықтары бар зымырандардың өзі-ақ жетіп қалады деп жазды. Бірақ көп ұзамай бұл мақала сайттан көрінбей қалды. Агенттіктің бас директоры Дмитрий Киселев мақаланы "техникалық қателік" деп атады. Шамасы Кремль Литвамен соғыс туралы мұндай пайымдауды шектен шығу деп санаған болуы керек.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Ресей Балтық елдеріне басып кіре ме? Сарапшылар мен саясаткерлер сөзіAssociated Press агенттігінің дерегінше, Берлин Мәскеуді Еуропаға қарсы "қауіпті эскалация жолынан" бас тартуға үндеген. БҰҰ Бас ассамблеясы аясында Германия сыртқы істер министрі Йоханн Вадефуль Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесу өткізген. Бұл қос министр арасында 2022 жылы соғыс басталғалы болған алғашқы кездесу болды.
Бұған дейін Польша сыртқы істер министрі Радослав Сикорский БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде Мәскеуді Еуропаға қарсы диверсия жасап отыр деп айыптады және Путинге Лавров арқылы үндеу жолдап, Мәскеу Еуропа елдерінде қауіп төндірмегені абзал деп айтты.
Саясаттанушы Андрей Колесниковтың пікірінше, Путин Батыс пен Украинаға қарсы текетірестің жаңа кезеңіне өтіп жатыр, ал Кремльдің ішкі саясаты барған сайын соғыстың қажеттіліктеріне бағынуда.
Ресей билігінің бұл мәлімдемелерінің астарында не жатыр және Ресей тарапынан жаңа әскери шиеленістер күтуге бола ма?
"Ресейлік шенеуніктердің көптеген сөзі қабылданған шешімнің немесе нақты жоспардың көрінісі деп қарауға болмайды. Ресейде шешімді бір ғана адам қабылдайды және ол сыртқы істер министрі Сергей Лавров емесі анық. Путин дәл қазір Литваға шабуыл жасау туралы шешім қабылдағанын көрсететін ешқандай белгі жоқ. Бірақ егер ол мұны орынды әрі тиімді деп санаса, мұндай шешімді қабылдауы әбден мүмкін. Ал сақтық үшін оған дайындық жүргізіліп жатыр. Меніңше, бұл дәл қазір, яғни 2026-2027 жылдардың күз-қыс маусымында болуы мүмкін емес. Ал одан кейін бәрі болуы мүмкін" дейді саясаттанушы Сергей Шелин.
Саясаттанушының сөзінше, ресейліктердің басым бөлігі соғыстан шаршаған және оны жалғастыруға құлық танытпайды. Бірақ олардың пікірі Кремль мен Путиннің саясатына ықпал етпейді.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Украинадағы соғыс, Трамптың талабы және НАТО-дағы ахуал. Балтық елшілерімен сұхбат"Ол не десе, сол болады. Егер мобилизация жариялау қажет болса, мобилизация жасалады. Жұрттың үрейін тудыратынына қарамайды. Егер тағы бір елге шабуыл жасауды жөн көрсе, шабуыл жасалады. Меніңше, Путинді тоқтатудың жалғыз амалы – оны тоқтатуға дайын болу. Қалыптасқан жағдайда [Путинге] қолайлы болатын шешу жолын ұсыну – оны мұндай шешімге мұқтаж болатын қалыпты саясаткер ретінде көрсету деген сөз. Бірақ ол бұл қақтығысты тоқтатуға мүлде құлықты емес. Ол жеңілетінін түсінгенде ғана қақтығысты бастамайды. Сол себепті Еуропа және Батыс қауымы бірігіп, Путинге тойтарыс беруге қаншалық дайын болса, қақтығыстың ықтималдығы соншалық төмен болады. Бірақ бұл ықтималдықты нөлге дейін азайту мүмкін емес" дейдіт саясаттанушы Сергей Шелин.
Баспасөз құралдарының мәліметінше, Путин Ресей күштеріне Донецк облысын алдағы жылы ақпанның аяғына дейін басып алуды бұйырған. Ресей әскерилері бұл мерзімді наурыздың аяғына дейін ұзартуды сұрап отыр. Соғыс басталғалы Путин Донецк облысын басып алу мерзімін 15 рет ұзартқан.
Әскери сарапшы Давид Шарп Ресейдің Донбасс аймағын басып алу әлеуеті және майдандағы қазіргі ахуал жөніндегі пікірі мынадай:
Давид Шарп
"Украина қарулы күштерінің ілгерілеу бағыттарын нақты білмейміз. Түсінікті себептерге байланысты Украинаның қорғаныс күштері ұзақ уақыт бойы шабуылдың өзін жасырып келді. Сондықтан бізде нақты бейнежазбалар жоқ. Бірақ Лиман маңындағы сыналап кірген шеп кесілді. Славянск-Краматорск агломерациясы үшін шайқастың бір учаскесінде айтарлықтай тактикалық жетістік бар деуге болады. Мұндай учаскенің бірнешеуі бар. Солтүстіктегі бір учаскеде украиндар жағдайын едәуір жақсарта алды. Алайда бұл жетістік Славянск пен Краматорск үшін шайқаста шешуші маңызға ие деп айту дұрыс емес. Шайқас жалғасып жатыр. Украиндар осы шайқастың бірқатар негізгі учаскесінде өте қиын жағдайда тұр".
Шарптың пікірінше, Ресей әскерінің агломерация аумағындағы ілгерілеуі не мүлдем байқалмайды, не өте баяу жүріп жатыр. Ол Донецк облысын 2026 жылдың аяғына дейін басып алу мүмкін емесін айтады.
"Ақыл-есі дұрыс, байыппен ойлайтын адам Ресей күштеріне мұндай міндет қоймаған болуы керек. Мұндай амбиция бұл соғыстың логикасына сыймайды. Ресей 2023 жылдан бері шабуылды қарсылас қорғанысын біртіндеп бұзып, алға жылжу тәсілімен жүргізіп келеді. Ауыр шығынға қарамастан, мұнда белгілі бір жетістік бар. Бірақ жетіспейтін нәрсе өте көп. Соның ішінде жеке құрам да жеткіліксіз. Әуе күштері де жеткіліксіз, олардың мүмкіндігі қазіргі заманғы жоғары талаптарға мүлдем сай емес. Меніңше, оқ-дәрі тапшылығының белгілері де бар. Сондықтан қазіргі жағдайда НАТО-мен классикалық тәсілмен соғысуға Ресейдің шамасы жетпейді. Оның үстіне НАТО шекарасында тұрған Ресей күштері де байқалмайды. Күштерді ол жаққа жіберу үшін Ресей өз резервін пайдаланып, Украина майданындағы әскерінің бір бөлігін алып кетуі керек. Қазір Ресей ресурстарына үлкен күш түсіп отыр. Мұндайда басқа жерлерде әрекет ету тек Украинадағы күштердің көмегімен іске асуы мүмкін" дейді Давид Шарп.
Азаттықтың Орыс қызметі хабарына сүйеніп жазылды.