Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында қазақстандық дзюдошылар Елдос Сметов пен Абиба Әбужақынова күміс жүлде иеленді. Екі дзюдошы да алдағы жарыстарда нәтижелерін жақсартуға күш салмақ.
"БАСТЫ МАҚСАТ - ОЛИМПИАДА ТАРИХЫН ЖАҢАРТУ"
2024 жылы Париж олимпиадасында 60 келіде чемпион атанған Елдос Сметов екі жыл татамиге шықпаған еді. 34 жастағы дзюдошы биыл жылдың ортасында жарысқа қайта оралып, Азия ойындарында күміс жүлде алды.
Азиадада Сметовтің жеребесі ауыр түсті. Алғашқы айналымда 2022 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері Ли Харимді (Оңтүстік Корея), одан кейін моңғолиялық Аринболд Енхтейвентенді (2022 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері) жеңді. Жартылай финалда тайваньдық Юнг Вей Янгтен (2022 жылғы Азиада чемпионы және Токио-2020 олимпиадасының күміс жүлдегері) басым түсті. Ал финалда жапониялық 25 жастағы Хайото Кондодан жеңілді.
Елдос Сметов Азия ойындарының финалында күресіп жатқан сәт. Жапония. 30 қыркүйек 2026 жыл.
"Финалда қателік жібердім, қарсыласқа мүмкіндік беріп қойдым, ұпай алып кетті. Екі жыл үзілістен кейін Азия ойындарының финалына шығу – үлкен жетістік. Бұл жарыста маған жеребе оңай түскен жоқ. Оңтүстік Корея, Моңғолия, Тайпей дзюдошылары мықты, жетістіктері көп қарсыластар. Соларды жеңіп, финалға шықтым" деді Сметов жарыстан соң қазақстандық журналистерге.
Бұл – Сметовтың Азия ойындарындағы екінші жүлдесі. Ол 2014 жылғы Азиадада чемпион атанған еді. Жалпы қазір Сметовтің жүлде қорында дзюдодан ірі жарыстардың барлығының медалі бар. Париж-2024 олимпиадасының чемпионы, Рио-2016 олимпиадасының күміс, Токио-2020 олимпиадасының қола жүлдегері, 2015 жылы Астанада өткен әлем чемпионатының жеңімпазы, 2016 жылғы Азия чемпионы. 60 келіде әлемдік рейтингіде біраз уақыт бірінші орында тұрды.
Дзюдошы 2028 жылы Лос-Анжелесте өтетін олимпиадаға да қатысқысы келетінін меңзеді.
"Әлі де уақыт бар, әлі де мықты болып ораламыз. Басты мақсат – олимпиада тарихын жаңарту. Одан кейін [2027 жылы] елімізде өтетін әлем біріншілігі бар. Сол жарыста жеңіске жету де мақсат" деді Сметов Жапониядағы жарыстан соң.
АБИБАНЫҢ АЗИАДАДАҒЫ ЕКІНШІ КҮМІСІ
Дзюдодан 48 келіде Абиба Әбужақынова екінші рет Азия ойындарының күміс жүлдесін иеленді. Бұл жолы ол финалда жапон Митсуки Кондоға есе жіберді.
"Жапон дзюдошысына алдын ала дайындалдық. Онымен финалда кездесетінімізді білдік. Төрттағандап күресуге ерекше мән беріп, соған дайындалдық. Қанша тырысқаныммен, бұл жолы жеңіліп қалдым. Маған сенім артып, осы жарысқа алып келген жаттықтырушыма алғыс айтамын. Алдағы әлем чемпионатында барымды саламын" деді дзюдошы жарыстан соң.
Әбужақынова 2022 жылғы Азия ойындарының да финалына шығып, шешуші белдесуде жапон Нацуми Цунодадан жеңілген еді.
Абиба Әбужақынова Азия ойындарының күміс жүлдесін алған сәт. Жапония. 30 қыркүйек 2026 жыл.
Жапонияда өтіп жатқан Азия ойындарында Әбужақынова финалға дейін үндістандық Асмита Дей мен тайваньдық Чен-Хао Линді жеңді. Ол енді Бакуде басталатын әлем чемпионаты қатысады. Бұл дода төрт күннен соң, 4 қазанда басталады. Әбужақынова 2025 жылы әлем чемпионатында да екінші орын алған.
Ал Жапониядағы Азия ойындары 3 қазанға дейін жалғасады. Сондықтан Қазақстан дзюдо құрамасында Азиада жүлдесіне алуға мүмкіндік бар.
АЗИАДАДАҒЫ ЖАЛПЫ ЕСЕП
Қазақстан қазір Азия ойындарында 9 алтын, 16 күміс, 31 қола медальмен жалпы есепте 9-орында келеді.
Өткен аптада төртінші орында тұрған Қазақстанды қазір командалық есепте Өзбекстан (16 алтын), Таиланд (12 алтын), Бахрейн (11 алтын), Иран (11 алтын), Үндістан (11 алтын) озып тұр. Ал алғашқы үштіктегі Қытай (150), Жапония (50), Оңтүстік Корея (24) басқа елдерден ұзап барады.
Азия ойындары 4 қазанда аяқталады. Қазақстан спортшылары алдағы күндері бокс, күрес, теннис, дзюдо, көркем гимнастика, таэквондо, велотректен алтын медальға таласады.
Қазақстанның тоғыз алтыны:
- Алексей Луценко – велоспорт, ерлер, жекелей жарыс
- Алексей Луценко – велоспорт, ерлер, топтық жарыс
- Рината Сұлтанова – велоспорт, әйелдер, топтық жарыс
- Софья Берульцева – каратэ
- Жоламан Биғабыл – каратэ
- Қадырбек Шынбаев – ММА
- Еркінқали Бүркіталин – ММА
- Владислав Яковлев/Иван Чернухин – академиялық есу
- Семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы (шпага).