Израиль FlyDubai ұшағындағы оқиғаны "теракт" деп таныды

Fly Dubai ұшағы

Израиль билігі FlyDubai ұшағында болған жағдайды "теракт" деп таныды. Тергеудің дерегінше, Дубайдан Тель-Авивке келе жатқан ұшақтың пилоты бортты жерге құлатпақ болған. Ұшқыш ұшақты өз басқаруына алу үшін борт капитанына шабуылдаған.

Жараланған капитан кабина есігін ашып үлгерген. Кейін бірнеше жолаушы кабинаға кіріп, екінші пилотты тоқтатқан. Жолаушылардың бірі Асаф Раджуан "ұшақ кенет құлдилай бастаған соң кабинаға кіреміз деген шешім қабылдадық" деген.

Басылымдардың жазуынша, зардап шеккен командир – үндістандық Сумит Мачхар. Шабуылдаған пилотты тоқтатқан соң бортта болған басқа екі пилот ұшақты Сауд Арабиясының Табук қаласына қондырған.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху Израильге оралған жолаушылармен кездескен. Пилоттар кабинасына алғаш кірген Янив Хайонның айтуынша, жараланған пилот іштен есікті ашуға көмектескен. Хайон басқа жолаушылармен бірге шабуылдаған пилотты кабинадан шығарып, байлап тастаған. Кейін ол кабинаға оралып, ылдилап бара жатқан ұшақты қалпына келтірген. Борт қалпына келген соң жолаушылар арасында болған екі пилот ұшақты басқаруды өз қолына алған.

Мамандығы сантехник Хайон ұшақ басқару алгоритмін "Әуе апаттарын зерттеу" сериалынан білетінін айтқан.

Ұшақ сигнал берген сәттен бастап Израильдің "Моссад" ішкі барлау қызметі мен Сауд Арабиясының барлау қызметі байланыста болғаны айтылады. Бірақ Сауд Арабиясы Израильдің жолаушыларды эвакуациялауға жіберген С-130 Hercules әскери-жүк ұшағын ел аумағына қондыруға рұқсат етпеген. Израиль мен Сауд Арабиясы арасында дипломатиялық қарым-қатынас жоқ. Бірақ 2023 жылдың қазанынан бері Сауд Арабиясы Израильге баратын Fly Dubai ұшағын әуе кеңістігін пайдалануға рұқсат еткен.

"Вести" басылымының израильдік дереккөзі бұл оқиға екі ел арасындағы бейресми қатынас үшін ерекше жағдай болды деген. Себебі Израильдің ондаған азаматы бірнеше сағат бойы Сауд Арабиясының әуежайында отырып, оларға жергілікті билік көмектескен.

30 қыркүйекте Дубайдан Тель-Авивке келе жатқан ұшақ 7500 дабылын (ұшақты басып алғанда я басқа жаққа бұрғанда берілетін сигнал) қаққан. Кейін үшақпен байланыс үзіліп, қайта пайда болған. Борт Сауд Арабиясының Табук қаласына қонған еді. Сол кезде ұшақта пилоттар жанжалдасқаны айтылған.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Израиль Fly Dubai ұшағындағы жағдайды "террорлық шабуыл" деді