Тоқаев қорғаныс саласындағы үш лауазым иесін қызметтен босатты

Ақорданың хабарлауынша, Қаныш Әбубәкіров қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР қарулы күштері бас штабының бастығы лауазымынан босатылды.

49 жастағы Әбубәкіров бірінші орынбасар қызметін 2026 жылдың 17 қаңтарынан бері атқарып келеді. Оған дейін екі жыл қорғаныс министрінің тыл және әскери инфрақұрылым бойынша орынбасары болған.

Бұған қоса, Тоқаевтың жарлығымен Алмаз Жұмакеев қорғаныс министрінің орынбасары қызметінен кетті. 56 жастағы Жұмакеев биыл наурыздан бері министрдің орынбасары қызметін атқарып келген.

Қанат Ниязбеков қарулы күштері әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы лауазымынан босатылды. Ол бұл қызметті былтыр тамыздан бері атқарған.

14 сарбаздың өмірін қиған Каспийдегі қайғылы жағдайдан кейін қорғаныс саласындағы отставка жалғасып жатыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Жауапсыздық, салғырттық, көзбояушылық". Тоқаев әскердегі олқылықтарды мойындады