Рубионың сапары: 30 миллиард доллар инвестиция, террормен күрес және сирек минералдар

Орталық Азия елдері басшылары мен АҚШ басшылары арасындағы С5+1 саммиті. Вашингтон, 6 қараша, 2025 жыл. REUTERS/Нейтан Ховард

АҚШ Орталық Азиямен байланысты күшейтуге ниетті. Вашингтон жоғары деңгейдегі дипломатиялық ықпалдастықты экономика және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастыққа айналдыруға ниетті. Бұл жөнінде АҚШ мемлекеттік департаментінің жоғары лауазымды қызметкері журналистермен өткен жабық брифингте хабарлады.

Мемлекеттік хатшы Марко Рубионың Өзбекстанға сапары қарсаңында, 16 қазанда өткен брифингте ресми өкіл америкалық 200-ден астам компания өкілі делегация құрамында Самарқанға баратынын, онда Рубио Орталық Азияның барлық бес елінің сыртқы істер министрлерімен кездесетінін айтты.

Бұл сапар Трамп әкімшілігінің Ресей мен Қытай арасында орналасқан аймақпен ықпалдастықты кеңейтуге және Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түркіменстан және Өзбекстанмен серіктестікті нығайтуға ұмтылысының бір көрінісі саналады.

«Ұзақ уақыт бойы АҚШ Таяу Шығыс пен Шығыс Азияға баса назар аударып, ортадағы бұл аймақ — Орталық Азияға лайықты көңіл бөлмеді», — деді жоғары лауазымды шенеунік.

Сапар мақсаты — коммерциялық дипломатияға, инвестицияларға және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастыққа басымдық бере отырып, Вашингтон мен Орталық Азияның бес мемлекетін біріктіретін «C5+1» дипломатиялық форматынан көбірек нәтиже көру.

АҚШ-тың 200-ден астам компаниясының өкілі Өзбекстанға бет алды

Америкалық делегация құрамына Boeing, Citibank және Franklin Templeton сияқты ірі компаниялардың, сондай-ақ сирек пайдалы қазбалар мен басқа да стратегиялық секторларда жұмыс істейтін кәсіпорындардың өкілдері кіреді.

Америкалық бизнесті Орталық Азиядағы ықтимал серіктестермен байланыстыруға арналған кездесулерге АҚШ халықаралық даму қаржы корпорациясының, АҚШ экспорт-импорт банкінің, Ұлттық қауіпсіздік кеңесінің және мемлекеттік департаменттің ресми өкілдері де қатыспақ.

Жоғары лауазымды өкілдің айтуынша, тек Қазақстан мен Өзбекстанның өзі өткен жылы АҚШ-қа 30 миллиард доллардан астам жаңа инвестиция тартқан.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Сенатор Джон Кертис: "АҚШ мүддесі үшін Орталық Азияның тұрақтылығы өте маңызды"

Бұл инвестиция америкалық жұмысшыларға да тиімді әрі ол Вашингтонның Орталық Азиядағы екі елмен арасындағы экономикалық байланыстың жақсара түскенінің айғағы дейді мемдепартамент өкілі. Инвестицияның қай жерлерге салынғаны, сапар барысында нақты қандай келісімдер талқыланатыны туралы нақты мәлімет болмады.

Рубио сапарының басты бөлігі Жібек жолындағы тарихи сауда орталығы Самарқанда өтеді.

Ресми өкілдің айтуынша, сапар аясында тек екіжақты кездесулер мен «C5+1» форматы ғана емес, сонымен бірге америкалық компаниялар мен аймақтық бизнес және үкімет өкілдері арасындағы тікелей келіссөздер де ұйымдастырылады.

Қазақстанның Ибраһим келісіміне қосылуы және G20 саммитіне шақыру

Брифингте АҚШ сыртқы саясат мекемесінің өкілі Қазақстанның Ибраһим келісіміне қосылу ниеті туралы мәлімдемесін ерекше атап өтті. Жоғары лауазымды өкіл Вашингтон келісімге қол қою рәсімін өткізу бағытында жұмыс істеп жатқанын айтты, бірақ бұл рәсім қашан боларын нақтыламады.

Тараптар бұл процесті «созбалаңға салмай, жуық арада» аяқтауға үміттенетінін айтқан ол «Құлақтарыңыз түрік жүрсін», — деді.

Ибраһим келісімі бастапқыда Израиль мен бірқатар араб және мұсылман елдері арасындағы қарым-қатынасты қалыпқа келтіру үшін жасалған. Қазақстанның қосылу ықтималдығы бұл форматтың ауқымын кеңейтеді, дегенмен шенеунік Астананың оған ресми түрде қосылуының шарттары мен мерзімі туралы егжей-тегжейлі мәлімет берген жоқ.

Сондай-ақ ресми өкіл Қазақстан мен Өзбекстанның «Үлкен жиырмалық» (G20) саммитіне тұңғыш рет бақылаушы ретінде қатысуға шақырылғанын еске салды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

"Прагматикалық қадам". Қазақстан не үшін Ибраһим келісіміне қосылады?

Бұл қадам Вашингтонның Орталық Азияның халықаралық беделін арттыруға және аймақ үкіметтерімен байланысты нығайтуға бағытталған әрекетінің бір бөлігі деді ол.

Мемлекеттік хатшы Орталық Азияның барлық бес елінің сыртқы істер министрлерімен, соның ішінде Қазақстан өкілімен, сондай-ақ аймақтың басқа да жоғары лауазымды тұлғаларымен кездеспек. Шенеунік бұл кездесулер бұған дейін талқыланған мәселелерді әрі қарай пысықтауға ықпал ететінін айтты, бірақ бекітілетін нақты келісімдерді атаған жоқ.

Орталық Азияның бес елінің президенті де АҚШ президенті Дональд Трампты өздеріне сапармен келуге ресми түрде шақырған. Аймақ үкіметтері Вашингтонның белсенді әрекет ете бастағанын құптайды деді шенеунік.

Терроризммен күрес бойынша ынтымақтастық

Саммитте сауда мен инвестициядан да басқа мәселелер талқыланады. Мемлекеттік департаменттің жоғары лауазымды өкілінің айтуынша, Вашингтонның Орталық Азияның кейбір елдерімен терроризмаен күрес саласындағы ынтымақтастықты да артып келеді.

Шенеунік нақты елдерді атамады және мәселенің жай-жапсарын да тарқатып айтпады, бірақ Вашингтонның қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты аймақпен арадағы аясы кеңейіп келе жатқан қарым-қатынастың маңызды бөлігі деп сипаттады.

Орталық Азия үкіметтері халықаралық серіктестік аясын кеңейтуге ұмтыла отырып, алып көршілер – Ресей және Қытаймен де күрделі қарым-қатынасын сақтап отыр.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Вольфрам кеніші, Boeing ұшағы һәм Ибраһим келісімі. Ақ үйдегі саммит Астана үшін қалай аяқталды?

Ресми өкіл бұл бастаманы державалардың қай-қайсысын да ығыстыру әрекеті емес дейді, оның орнына коммерциялық мүмкіндіктер, дипломатиялық байланыстарды нығайту және ортақ қауіпсіздік мәселелері бойынша ынтымақтастыққа басымдық береді.

«C5+1» форматы АҚШ-тың аймақпен ықпалдастығының басты механизміне айналды. АҚШ президенті Дональд Трамп былтыр Ақ үйде Орталық Азияның барлық бес елінің президенттерін бір жинап, тарихтағы алғашқы «C5+1» саммитін өткізген.

Your browser doesn’t support HTML5

Тоқаев Вашингтонда, Трампқа үндеу, терроризммен күрес — AzatNEWS l 06.11.2025

Марко Рубионың сапары сол жоғары деңгейдегі келіссөздің нәтижелерін іс жүзіндегі ынтымақтастыққа айналдыруға бағытталады деді АҚШ өкілі.

АҚШ пен Үндістан арасындағы сауда келісімі

Өзбекстанға сапарынан кейін Рубио Нью-Делимен экономикалық және дипломатиялық байланысты арттыру үшін Үндістанның Мумбай және Джамнагар қалаларына бармақ.

Мемдепартамент өкілінің айтуынша, АҚШ пен Үндістан сауда келісімін жасасуға жақын, басты түйткілдер шешілген, тек майда детальдарды келісу қалған.

Келіссөздер бітуге таяу екенін айтқан ол: «Бұл істі аяқтауға өте жақын тұрмыз», — деді.

Өкіл АҚШ-тың сауда бойынша өкілі Джеймисон Грир мен Үндістанның сауда министрі арасында, сондай-ақ президент Трамп пен Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди арасындағы жоғары деңгейдегі байланыстарды мысалға келтірді. Үндістан сыртқы істер министрі Субраманьям Джайшанкардың жуырда жасаған мәлімдемесі еске салған ол келіссөзге қатысушылар түпкілікті келісімге қол жеткізу бағытында жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

Үндістан сапарында АҚШ-қа инвестиция салатын Үндістанның ірі компанияларының басшыларымен кездесулер жоспарланған. АҚШ өкілі Вашингтон екі үкімет арасындағы жоғары деңгейдегі байланысты сақтағысы келетінін және келесі жылы Үндістанға Трамп әкімшілігінің өзге де лауазымды тұлғалары келетінін айтты.

Бұл тур Трамп әкімшілігінің Оңтүстік және Орталық Азияда дипломатияны сауда, инвестиция және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықпен ұштастыруға ұмтылысын көрсетеді. Вашингтон бұл аймақтарды өзінің экономикалық және стратегиялық мүдделері үшін маңызы артып келе жатқан өңірлер деп қарастырады.