Қазақстанда мәслихат сайлауының үгіт-насихат науқаны басталды. 11 мыңға тарта кандидат тіркелген

Орталық сайлау комиссиясының мәслихат сайлауы жөніндегі отырысы. Астана, 2 қараша 2026.

Қазақстан орталық сайлау комиссиясы мәслихат сайлауының үгіт-насихат кезеңі басталғанын мәлімдеді.

Комиссия мәліметінше, 29 қарашада өтетін сайлауға барлығы 10 971 кандидат тіркелген. Оның ішінде партиялық тізім бойынша, 1219 адам, бір мандатты округ бойынша 9752 адам бар.

Елдің 20 өңірінде өтетін жергілікті сайлауда түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарына дауыс беріледі. Бір мандатты сайлау округтерінің саны – 3113. Партиялық тізімдегі әйелдер мен жастардың үлесі – 43,2 пайыз. Бір мандатқа орта есеппен 3 адам таласпақ.

Бюллетеньде "бәріне қарсымын" деген таңдау болады.

Орталық сайлау комиссиясы өткізген жеребе бойынша, бюллетеньде партиялар мынадай тәртіппен жазылады: 1. "Ауыл" партиясы; 2. "Жалпыұлттық социал-демократиялық партия"; 3. "Қазақстанның Халық партиясы"; 4. "Respublica" партиясы; 5. "Ақ жол" Қазақстанның демократиялық партиясы; 6. Қазақстанның "Байтақ" жасылдар партиясы; 7. "Әділет" партиясы.

Бұған дейін Павлодар облысы Май ауданы Көктөбе ауылында Бағлан Зиябеков есімді азамат өзін аудандық мәслихатқа кандидат ретінде тіркемей отырғанына шағымданған.

Your browser doesn’t support HTML5

Мәслихатқа жете алмаған үміткер

Павлодар облыстық аумақтық сайлау комиссиясы Азаттыққа жолдаған жауабында Бағлан Зиябековтің мәслихат сайлауына қатысуға ниет білдіргенін растады, бірақ оның "құжат тапсыру мерзімі аяқталғаннан кейін жүгінгенін" айтты.

Мәслихат сайлауында республикалық бюджеттен әрбір кандидатқа 500-700 мың теңге аралығында қаражат бөлінеді.

Қазіргі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы бастаманы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 24 қыркүйек күні көтерген.

Мәслихат депутаттарының басым бөлігі бұрынғы Amanat партиясынан сайланған еді. Ширек ғасыр бойы елдегі негізгі билік партиясы болып келген ол ұйым 2026 жылдың көктемінде жаңадан құрылған "Әділет" партиясымен бірігу туралы шешім қабылдаған. Тоқаевтың айтуынша, заң бойынша тиісті рәсімдер аяқталғаннан кейін депутаттардың едәуір бөлігінің заңды мәртебесіне қатысты сұрақ туындайтын еді.

Мәслихат өкілетін тоқтату туралы президент жарлығы 12 қазанда шықты.