АҚШ-тағы аралық сайлауда Демократиялық партияның ірі жеңіске жетуі Конгрестегі күштердің арақатынасын өзгертіп, Вашингтонның сыртқы саясатына да ықпал етуі мүмкін. Алайда Иранда сайлау нәтижесі президент Дональд Трамптың саяси позициясын әлсіреткенімен, Тегеран АҚШ басшысының назарынан тыс қалмайды деп санайтын шенеунік көп.
3 қарашада өткен аралық сайлаудың алғашқы нәтижесі сол күні кешке-ақ белгілі бола бастады. Демократтар Өкілдер палатасында да, Сенатта да жеңіске жетіп, осыған дейін қос палатаны бақылап келген Республикалық партияның орнын басты. Трамп сайлау нәтижесіне АҚШ-тың Иранға қарсы соғысы ықпал еткенін мойындады.
Ал Иранның рухани көсемі Мұжтаба Хаменеи 4 қарашада жасаған мәлімдемесінде АҚШ саясаты түбегейлі өзгереді деп күтетіндер "қатты қателеседі" деді. Бұл күн Иран тарихындағы маңызды оқиғамен тұспа-тұс келеді: 1979 жылы радикал студенттер Тегерандағы АҚШ елшілігіне басып кірген. Иран билігі сол кезде елшілік ішінде болған 52 америкалықты 444 күн бойы кепілде ұстаған.
Мұжтаба Хаменеи Вашингтон алдында "түзе бүкпеуге" үндеп, "АҚШ өз гегемониясы әлі ұзақ тұрады деп ойлайды, біз оның ақыры жақын екенін көріп отырмыз".
Кейінгі күндері Иран мен АҚШ өкілдері әскери қақтығысты тоқтату үшін жанама келіссөздер жүргізіп жатыр. Бұл келіссөздерге негізінен Катар мен Пәкістан араағайындық етіп отыр. Соған қарамастан, Трамп Иранға соққы қайта жасалуы мүмкін екенін жоққа шығармады. Оның айтуынша, АҚШ әлі де «бір-екі нысанның көзін жоюы» керек. Олардың қатарында ядролық нысан болуы мүмкін екені айтылады.
Иранның бұрынғы депутаты Жалал Рәшидикучи демократтар мен республикашылдардың арасында айтарлықтай айырмашылық көрмейтінін айтты. Дегенмен ол сайлау нәтижесі америкалықтардың Иранға қарсы соғысты қолдамайтынын көрсетті деп санайды. Ол АҚШ-тың Өкілдер палатасы мен Сенатының жаңа сайланған депутаттарын америкалық қоғамның осы үніне құлақ асуға шақырды.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Конгресс демократтар бақылауына өтсе, Трамптың Ресей және Иран жөніндегі саясаты қалай өзгермек?Ирандағы көптеген шенеунік сайлау нәтижесін өз үгіт-насихатына пайдаланып жатыр. Олар мұны Иран халқының "қарсылығы", "жауынгерлерінің ерлігі" әсерінен болған нәтиже деп санайды. АҚШ-тағы аралық сайлау нәтижесін Әли Хаменеидің өліміне "тарихи кек" деп бағалап жатқандары да бар. Иранның бұрынғы рухани көсемі Әли Хаменеи биыл 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға соққы жасаған кезде қаза тапқан. Бұл соққының арты соғысқа ұласты.
Бірақ мұндай мәлімдемелерге қарап, Иран басшылығының келесі қадамдары қандай болатынын дөп басу айту қиын.
Оның үстіне сайлау Иран шенеуніктері айтып отырғандай үлкен өзгеріске әкелмеуі мүмкін. Өйткені Трамптың қолында сыртқы саясатқа ықпал ететін бірқатар маңызды тетік бар және ол 2029 жылғы қаңтарға дейін президент болып қала береді.
Ұстанымын қатаңдата ма, әлде күте ме?
Брюссельде орналасқан "Халықаралық дағдарыс тобының" Иран жөніндегі аға сарапшысы Хамидреза Әзизи Азаттық радиосына берген сұхбатында Иранның жоғары лауазымды шенеуніктері сайлау нәтижесін Ислам республикасының жеңісі әрі оның ымырасыз саясатының дұрыстығын дәлелдеген оқиға ретінде қабылдайтынын айтты.
"Осы жағдайды ескерсек, сайлау нәтижесі Иранның ұстанымын жұмсартпай, керісінше, одан әрі қатаңдатуы мүмкін деп ойлаймын" деді ол.
Сарапшының сөзінше, Иранның ұстанымы әсіресе Тегеранның негізгі талаптарына қатысты күшеюі мүмкін. Иран Вашингтон санкциялар мен блокаданы алып тастау арқылы алғашқы қадам жасауы керек, сондай-ақ кез келген келісім Иранның ядролық бағдарламасына қатысты елеулі жеңілдіктерді көздемеуге тиіс деп санайды.
Әзизи мұндай ұстаным жаңа қақтығыс қаупін азайтудың орнына күшейтуі мүмкін екенін айтады. Оның пікірінше, Трамп бұдан ары жоғалтарым жоқ деп бұдан ауыр қадамдарға бара алады және шетелдегі жеңіс арқылы ішкі кемшіліктердің орнын басуға әрекеттенуі мүмкін.
Гаага қолданбалы ғылымдар университетінің оқытушысы Деймон Голриздің пікірінше, Тегеран сондай-ақ Трамптың президенттік мерзімі аяқталғанын күтуі де ықтимал.
ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ
Теңізге шығар жол мен санкция. АҚШ-тың Иранға қысымынан Қытай Орталық Азияда екі жеп биге шыға ма?Голриз Азаттықтың Фарда радиосына берген сұхбатында Иран Трампқа елеулі жеңілдіктер жасаудан бас тартып, АҚШ-та болашақта билікке келетін және ұзақ мерзімді келісімге қол жеткізуге болады деп есептейтін әкімшілікті күткенді жөн көруі мүмкін екенін айтты.
Ол 2015 жылғы ядролық келісімге жол ашқан президент Барак Обама тұсындағы келіссөздерді, сондай-ақ бұрынғы президент Джо Байден кезінде болған дипломатиялық байланыстарды мысалға келтірді. Оның пікірінше, Вашингтондағы саяси ахуалдың өзгеруі Тегеранға тиімдірек мүмкіндік ұсынуы мүмкін.
Голриз алдағы кезең тұрақсыз болады деп болжайды. Сайлаудағы жеңілістен кейін Трамп күш-қуатын көрсетуге тырысып, Иранды тізе бүктіруге мәжбүрлеу үшін әскери және экономикалық қысымды жалғастыруы ықтимал.
Алайда Голриздің айтуынша, әскери соққылар Иранның ядролық бағдарламасы мен Ормуз бұғазына қатысты дауларды шеше алмайды. Тұрақты шешімге қол жеткізу үшін "құпия, тікелей, үздіксіз, ұзақ мерзімді әрі байыпты" келіссөздер қажет. Оның ауқымы 2015 жылғы ядролық келісімге алып келген келіссөздерден де кең болуы мүмкін.
Әзизидің айтуынша, Тегеран басшылығы мұндай қауіптің барын түсінетін сияқты. Ол Хаменеидің ескертуін осының айқын белгісі деп санайды. Дегенмен түпкі нәтиже көбіне Вашингтонның әрекетіне байланысты болады.
"Тәуекел әлі де жоғары. Көп нәрсе Трамптың өзінің және Республикалық партияның жағдайын қалай бағалайтынына, сондай-ақ оны әртүрлі бағытқа итермелеп отырған ішкі саяси қысымға қалай жауап беретініне байланысты" дейді сарапшы.
Фарда радиосының хабарына сүйеніп жазылды.